Келер жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттарының сайлауы өтетінін баршамыз білеміз. Елімізде сайлау науқанына дайындық қызу жүріп жатыр. Депутаттыққа үміткер азаматтар сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, ел-елді аралап үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Түрлі еңбек ұжымдарын аралап, жұмыскерлермен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдап, аманаттарын арқалауда. Әсіресе, ел тізгінін ұстайтын жастарға ерекше көңіл бөліп, еліміз үшін маңызды шараға белсене атсалысуға шақыруда. Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заңында жасы 18-ге толған әрбір Қазақстан азаматы сайлауға қатысып, дауыс беруге құқылы. Сайлауда әркімнің дауысы өте маңызды. Болашақ кез келген адамның сайлауда жасаған таңдауы арқылы айқындалады. Міне, сондықтан да сайлауға қатысуға үндеу шараларының толастамайтындығы, шақырудың тиянақты жүзеге асатындығы осыдан.
Бекарыс Сұлтанәли биыл он сегіз жаста. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің спорт факультетінің студенті. Ол алдағы сайлау науқаны туралы жақсы біледі. Өзі ерікті ретінде «Nur Otan» партиясының үгіт-насихат жұмыстарына белсене атсалысып жүр. Бекарыс биыл бірінші рет сайлауға барады. Ол қазірден қандай таңдау жасайтынын айқындап қойған.
– Мен биыл бірінші рет дауыс беремін. Мен үшін бұл сайлау өте маңызды. Бір жағынан өзімді үлкен азамат сезінсем, екіншіден дұрыс таңдау жасауым керектігін түсінемін. Біз еліміз үшін маңызды заңдарды бекітетін үшінші билік Парламент мәжілісіне және аудандық, облыстық мәслихатқа депутаттар сайлауға барамыз. Менің білуімше сайлауға бес партия қатысып жатыр. Ал солардың арасындағы ел сенімінен шыққан, бас партия «Nur Otanға» таңдау жасаймын. Сесебі, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы көңілімнен шықты. Бағдарламаларын жеті бөлімге бөліп, түрлі маңызды мәселелерге басымдық берілгені қуантты. Бүгінгі халықтың көкейінде күпті болып жүрген мәселелер қамтылған. Атап айтқанда, жұмыссыздықты жою, жалақыны көтеру, денсаулық сақтау мен білім салаларының сапасын арттыру, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар туралы оқыдым. Бәрінен де жастарға қатысты мәселелерге ерекше назар аудардым.
Ия, жастар — қоғамның қозғаушы күні, еліміздің болашағы. Ұлы ойшыл әл-Фараби бабамыз: «Сен маған жастарыңды көрсет, мен саған болашағыңды болжап берейін» деген екен. Елімізді жарқын болашаққа бастайтын да, Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де біздер — жалынды жастар. Сондықтан да партия төрағасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жастарды назарынан тыс қалдырмай, біздің білімді жас, білікті маман болуымызға бар жағдайды жасап келеді. Партиямыз алдағы сайлауда жеңіске жетіп, бас партия ретінде ел сенімінен шығар болса, жастар да назардан тыс қалмасы анық. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандарды жұмысқа тартуға ықпал етіп, «Жас кәсіпкер» жастар-бизнес бастамаларының бағдарламасын іске асыруға мемлекеттік грант бөлгізе отырып қолдау көрсетіп, барлық ауылдық округтерде еріктілер клубын құру арқылы еріктілер қозғалысын дамыту жоспарлануда. Бұл жоспардың да жүзеге асатынына еш күмән жоқ. Сондықтан да мен өз таңдауымды әзірден жасадым. Алдағы сайлауға міндетті түрде қатысамын,- дейді Бекарыс Сұлтанәли.
Иә, демократиялық қоғамның кез келген саналы азаматы өзінің белсенді сайлау құқығын тек құқығы ретінде ғана емес, міндетім деп қабылдауы қажет. Кімді сайлау керектігін айқындау үшін саяси сауатты болуы керек. Айналамызда болып жатқан оқиғалардан, саяси партиялардан және олардың іс-әрекеттері мен көзқарастарынан хабардар болып жүргендері дұрыс. Әсіресе, жастардың жауапкершілігі жоғары, алдағы мақсаттары айқын болуы тиіс. Кәмілеттік жасқа толғаннан кейін оң солын танып, қоғам өмірінен тыс қалмауы керек. Сайлаудағы әрбір дауыстың қаншалықты маңызды екенін сонда ғана түсінеді. Бекарыс сынды көкірек көзі ашық, елінің болашағына бей-жай қарамайтын азаматтар көп болсын деп тілейік.
Перизат Ауғанбайқызы,
«Талғар»
(Материал ақылы. «Nur Otan» партиясы
есебінен келсім шарт негізінде төленеді).