Күні кеше «Nur Otan» партиясының аудандық сайлауалды штабының төрағасы Бақыт Күрішбеков бастаған топ аудан жастарымен кездесті. Басқосуға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Динар Нүкетаева мен Бақытжан Смағұлов арнайы келген еді. Қонақтарды қаламыздағы ең іргелі оқу орындарының бірі М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің директоры Жақсылық Сатылғанов қарсы алып, оқу орнының тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Колледждің оқу бөлімі мен музейін аралап көрген қонақтар таңданыстарын жасыра алмады. Қос депутат та білім саласының дамуы жолында еңбек етіп, тер төккен жандар болған соң аталмыш оқу орнындағы студент жастардың сапалы білім мен саналы тәрбие алып, білікті маман болып қалыптасуына жасалған мол мүмкіндіктерге қуанды. Колледж музейінің бай қорына таңданыс білдіріп, оқу орнының басшысы мен ұстаздар қауымының еңбегіне жоғары бағаларын берді. Содан кейін колледждің Мәдениет үйінің кең залында «Jas Otan» жастар қанатының еріктілерімен, жас мамандармен, ауданымыздағы жастар тәрбиесіне ерекше үлес қосып жүрген ел ағаларымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
Кездесуді ашып, жүргізіп отырған Бақыт Қуатбекұлы алдағы қаңтарда өтетін Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауының еліміз үшін маңызы зор екендігін айтып, жиылған қауымды саяси науқаннан тыс қалмауға шақырды. Ешбір жүргізілу тәртібінсіз, ашық форматта, емін-еркін өткен кездесу барысында алғы сөз Қазақсатан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бақытжан Смағұлов пен Динар Нүкетаеваға берілді. Кезекпе-кезек сөз алған халық қалаулылары әңгіменің әуенін білім саласынан бастады. Елімізде орын алып жатқан карантинге байланысты білім саласындағы онлайн оқудың қиындықтарын, шалғай ауылдардағы интернет желісінің тиімділігі жайында айтты. Үкімет тарапынан білім саласына ерекше көңіл бөлініп жатқанын, қаншама жаңа мектептер салынып, қаншама гранттар бөлініп, жастарға жұмыспен қамтуға назар салынып жатқанын тілге тиек етті. 2025 жылға дейін жастарды жұмыспен қамту, қолжетімді баспана алуына жағдай жасау, студенттерге жатақхана салу, бос уақытты тиімді ұйымдастыру бағыттары бойынша нақты шаралар жүзеге асатыны да айтылды. Әсіресе, бұқаралық спортты дамыту, әрбір аулада спорт алаңқайларын салу арқылы көпшілікті салауаттылыққа шақыруға ерекше көңіл бөлінбекші. Бұл туралы жаңа заң қабылданып, келесі жылы жүзеге асатын болады. Жас мамандарға қолдау мақсатында да көп жұмыс жасалатынын айтқан депутаттар еліміздегі бас партияның сайлауалды бағдарламасында барлық сала тұщымды қамтылып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған басымдықтардың жүзеге асуы жолында талмай еңбек ететіндіктерін жеткізген болатын. Сөз соңында барша жиылған қауымды еліміз үшін өте маңызды науқанға қатысып, дұрыс таңдау жасауға шақырды.
Жиылған қауым арасынан да сөз сөйлеушілер болды. Аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов, облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Сұлтан Нұрдаулетов, аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Мақсұт Омарбаевтар жастар арасындағы жұмыссыздық, әрбір ауылдық округке берілетін спорт инструкторларының жұмысын жандандыру, шаруалардың жерлерді жалға алуы барысындағы кездесетін кедергілер туралы мәселелер көтеріп, депутаттардың назарына салды. Ал жастар арасынан сөз алған жас ұстаз Айтолқын Ерқанатқызы аудан жастарының белсенділігін алға тартып, партияның сайлауалды бағдарламасында жастарды қолдауға байланысты айтылған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандарды жұмысқа тарту, яғни 2025 жылға дейін ауданымызға жүз елу маманды жұмысқа тартып, тұрғын үймен, көтерме жәрдемақымен қамту мәселесінің жастар үшін маңыздылығын, «Жас кәсіпкер» жастар-бизнес бастамаларының бағдарламасын іске асыруға ықпал етіп, мемлекеттік грант бере отырып, бизнес ашуына қолдау көрсетілетінін, барлық ауылдық округтерде еріктілер клубын құру арқылы еріктілер қозғалысын дамыту жоспарланып отырғанына аудан жастары разы екендіктерін жеткізді. Өзі партияның белді мүшесі болғандықтан осы партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асуына өзіндік үлес қосып, еліміздің кемелді келешігі жолдында аянбек еңбек етуге дайын екендігін баса айтты. Осындай жалынды жастары бар ауданымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігіне көңілдері толған қонақтар, көтеріңкі көңіл-күймен тарқады.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»
(Материал ақылы. «Nur Otan» партиясы
есебінен келсім шарт негізінде төленеді).