САЙЛАУ
Халық кандидаттарын өзі таңдайды
САЙЛАУ
Осы аптада аудандық Мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан кандидат ретінде өзін ұсынған Талғар ауданы әкімінің көмекшісі Мұхит Әлібеков «Әділет» базарының басшысы кәсіпкер Дастан Тұрлыбеков, туризм саласының маманы Александра Дауылбаева, «Лабиринт» қонақ үйінің директоры Әйгерім Маукеева, ТОО «RK STROH» кәсіпорнының директоры Шыңғыс Жамановтар қаладағы электр жарығымен қамтамассыз ететін мекеменің қызметкерлерімен кездесті. Байқайсыз ба, аудандық мәслихатқа өзін депутат ретінде ұсынғандардың бәрі де қоғам өміріне белсене араласып жүрген білікті азаматтар. Жиынды сөз сөйлеп ашқан аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков «Nur Otan» партиясы атынан сайлауға түсіп отырған бес азаматтың еңбек жолындағы атқарған жұмыстарына шолу жасады. «Қоғам қажетін ойламай тұрып, жеке адамның қажетін білу мүмкін емес» – деп ұлы педагог А.С.Макаренко қалай біліп айтқан. Осы кездесуде сөз тізгінін ұстаған кәсіпкер Шыңғыс Жаманов аудандағы жастар арасындағы кәсіпкерлікті өрістету мәселесі жөнінде тың ойларымен бөліссе, Александра Даурбаева әсем қала Талғардағы туризм саласын жандандыру жөнінде әңгіме өрбітті. «Асыл – тастан, ақыл – жастан» демекші, осы кездесуде өрелі ой тамызығын тұтатып, аудандық мәслихатқа депутат ретінде өзін ұсынған әрбір кандидаттың халық сенімінен шығатынына сенім білдірген аудан әкімінің көмекшісі Мұхит Әлібеков жиын соңын тағылымды пікірімен қорытындылады.