Нұра мектебіне күрделі жөндеу жұмысы керек
Ауданымызда кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жалғасын табуда. Осы аптаның сейсенбісінде «Nur Otan» партиясынан аудандық мәслихат депутаттығына кандидат Мұхит Әлібеков пен партияның аудандық штабының төрағасы, аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков Нұра ауылының Мәдениет үйінде нұралық сайлаушылармен кездесті.
Кездесу карантин талаптарына сай санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылды. Жиылған қауым алдында алғашқы болып сөз алған Бақыт Қуатбекұлы алып, алдымыздағы сайлаудың еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін тілге тиек етіп, кездесу ашық форматта, ешбір баяндамасыз, емен-жарқын өтсе деген ұсыныс айтты. Көпшілік бірден қолдай кетті. Бақыт Қуатбекұлы мен Мұхит Бейсенбекұлы жиылған көпшілікке аудандық партиямыздың сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Сайлауалды бағдарламаның басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үздіксіз жақсарту. Осы орайда партияның сайлауалды бағдарламасында аудан дамуының негізгі 7 басым бағыты айқындалған болатын. Міне, осы жеті бағытқа үміткерлер жеке тоқталып, тұрғындарға тарқата түсіндіріп берді. Онда ауданымыздың экономикалық тұрақты дамуы, тұрғындарды лайықты жалақымен және жаңа жұмыс орындарымен қамту мәселелері көтерілген. Ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, туризмді дамытуды қолдап, кәсіпкерлерге кең өріс ашылмақшы. Елді мекендердегі жолдардың сапасын арттыруға, таза ауыз сумен қамтуға, сапалы коммуналды қызметтермен қамтамасыз етіп, экологиялық жағдайға көңіл бөлінбекші. Тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту мәселелері назарға алынып, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, білім сапасын жақсарту да басты назарда. Ел болашағы – жастарға ерекше көңіл бөлініп, ел мәйегі – мәдениетімізге де көңіл бөлінуде. Жергілікті органдардың халыққа ашық болуын қадағалап, жемқорлықпен күресу ісіне де басымдық берілген. Сонымен қатар «Қауіпсіз аймақ» бағдарламасы әзірленіп, қоғамдық тәртіп, жол қауіпсіздігі, қылмыстардың алдын алу мақсатындағы шараларды күшейту де партияның басымдықтарының бірі. Нұралықтарға осы мәселелерді тарқата түсіндіріп берген кандидаттар халықтың өтініш-тілегіне кезек берді. Кездесудің мақсаты да осы еді – тұрғындардың аманатын арқалап қайту.
Бірінші болып ауыл ақсақалы Әзімжан Нұрабілов сөз алды. Алдағы додада кандидаттарға сәттілік тілеген ақсақал бірқатар мәселелерді алға тартты. Ауылдағы Жамбыл көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ауылға көгілдір отын тартылса деген өтінішін білдіріп, ауылдағы №12 орта мектептің күрделі жөндеуді қажет ететінін айтты. Ал Гүлнар Ахатқызы мүмкіндігі шектеулі немере бағып отырғанын айта келіп, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметкерлерінің жұмысын сынға алды. Мүгедек балаға мемлекет тарапынан берілуі тиіс жаялықтарды ала алмай отырғанын, оңалту орталықтарына жолдамаға қол жеткізе алмай жүргенін ашына айтты. Сондай-ақ кәсіпкерлерді қолдауға берілетін төмен пайызды несие ала алмай жүргенін жеткізді. Ауыл азаматы Семейхан Даривхан болса, ауданымыздағы атқарушы органдардағы бюрократизмді, жарық, интернет желісінің ақауларын, қоғамдық көліктің қатынауы сынды мәселелерді көтерді. Барлық өтініш-тілектерді тыңдап, түртіп отырған кандидаттар мәселелерді анықтап, болашақта оңтайлы шешілуіне атсалысатын болды. Әрине қаржыға қатысты мәселелер бір күнде шешілмесі анық. Десе де, назарларына алып, аманаттарын билікке жеткізетін болды. Жиын соңында Nur Otanдықтар ел сенімін ақтауға уәде етіп, жұртшылықты сайлауға біркісідей қатысып, «Nur Otan» партиясын таңдауға шақырды.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»