Бағдары айқын партия
Жуырда облыстық «Nur Otan» партиясы төрағасының орынбасары, партияның облыстық сайлауалды штабының төрағасы Жанболат Жөргенбаев ауданымызға ат басын тіреп, аудандық партияның сайлауалды штабының мүшелерімен кездесті. Алдағы сайлаудың еліміз үшін маңыздылығын айтқан Жанболат Әкебайұлы партияның сайлауалды штабының жұмысына тоқтала кетті.
Сөз барысында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу тәртібі, бұқаралық ақпарат құралдарымен қарым-қатынас, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану, желілік кестеге сай жоспарлы түрде жұмыс жасау сынды мәселелерді тілге тиек етіп, штаб мүшелерінің міндеті жайлы да айтып өтті.
Бүгінде «Nur Otan» партиясы бағдары айқын, даму барысы дараланған, биіктігімен бағаланып отырған шынайы демократиялық үрдістерге сай партия ретінде ерекшеленіп келеді. Биліктің тізгінін өз қолына алған партияның елімізде ұлттың болашағы үшін тынбай жұмыс жасап жатқан бірден-бір партия екені баршаға мәлім. Партияға жетекшілік етіп отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен сарабдал саясатының арқасында еліміздің қуаты артып, әлем мойындаған мемлекетке айналдық. Жетекші партияның бүгінгі таңда көшбасшылығы айқын көрінуде. Өзінің сайлауалды бағдарламасын да партия еліміздің жарқын болашағына бағыттап дайындаған болатын. Кездесу барысында Жанболат Әкебайұлы партияның сайлауалды бағдарламасының негізі болған дамудың жеті басымдығы туралы айтты. Экономикалық тұрақты аймақ, қолайлы аймақ, әлеуметтік бағдарланған аймақ, жастарға арналған аймақ, тарихы мен мәдениеті бай аймақ, ашық және есеп беретін жергілікті органдар, қауіпсіз аймақ деп аталған жеті басым бағыт бойынша жасалатын жұмыстарды тілге тиек етіп, болашақтың еншісіне қойылған жоспарларымен бөлісті. Оның ішінде инвестициялар тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, жалақыны көбейту, ауыл тұрғындарының табысын арттырып, туризмді дамыту, кәсіпкерлікке қолдау көрсету шаралары мен тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартып, денсаулық сақтау, білім беру салаларының сапасын арттыру да жеті басымдықта көрініс тапқан. Жанболат Әкебайұлы осы жеті басымдықты ауыл-кенттерде насихаттау керектігін айтып, штаб мүшелеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Келелі кездесуден кейін Жанболат Жөргенбаев «Nur Otan» партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде партия ардагері, ауданымыздың Құрметті азаматы Ханымжан Солтанқұловамен кездесті. Емен-жарқын әңгіме барысында ауданымыздың тыныс-тіршілігі, партиямыздың беталысы жайында сөз қозғалды. «Канвассинг» деген атаумен бастау алған шараның негізгі мақсаты – өңірдегі танымал әрі құрметті тұлғалармен кездесіп, үйлеріне барып насихаттық жұмыстар жүргізу. Кездесу барысында Жанболат Әкебайұлы Ханымжан Шотбайқызына партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, алдағы маңызды саяси науқанда «Nur Otan» партиясын қолдауға шақырды.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»