Қам көңіл балалар — қоғам назарында
Сайлау – 2021
Аудандық «Nur Otan» партиясынан аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Ержан Абиров өзінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Үгіт-насихат жұмыстарының бірінші күнінен бастап партияның желілік кестесіне сай аудан тұрғындарымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, ел тілегін ескеріп, аманаттарын жинақтауда. Алғашқы кездесуінде аудандық мәслихат депутаттағына үміткер Ләззат Адильбекова екеуі Қызыл-Қайрат ауылындағы №19 орта мектептің ұжымымен тілдесіп, емен-жақын әңгіме өрбіткен еді. Жиын барысында елімізде етек алған пандемия кесірінен онлайн оқуға көшкен мектептердің жай-күйі, онлайн оқудағы қиындықтар туралы сөз қозғалды. Ел басына түскен қиын күндерде балаларға сапалы білім беруге тырысып жатқан ұстаздар еңбегінің қашанда жоғары бағаға лайық екенін айтқан Ержан Кәдірханұлы партиямыздың сайлауалды бағдарламасындағы жеті басымдықтың бірі осы білім саласы мен денсаулық сақтау саласын дамытуға арналғанын жеткізген болатын.
Ержан Кәдірханұлының одан кейінгі кездесуі аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының ұжымымен өтті. Орталықтың кең залына жиналған сайлаушылар алдында сөз алған кандидат халыққа қызмет көрсету, жер кадастры, тіркеу бөлімі және жылжымайтын мүлік бөлімдерінінің қызметіне жүгініп, түрлі құжаттар рәсімдеуге келетін жұрттың көп болатынын алға тартып, мамандарды халыққа адал қызмет көрсетуге шақырды. Партияның сайлауалды бағдарламасының жеті басымдығының алтыншысы «Ашық және есеп беретін жергілікті органдар» деп аталғанын айтып, ынтымақтастықтың басты қағидаттары ашықтық, есептілік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы болуы тиіс екенін жеткізді. Мемлекеттік қызметшілер халыққа қызмет көрсету кезінде сөзбұйдаға салуға жәе бюрократияға жол бермей, сыбайлас жемқорлықты жойып, жауапкершілікпен жұмыс жасауға үндеді жастарды.
Қайырымдылық — қазақтың қанына сіңген қасиет. Қашанда жетімін жылатпай, қам көңіл жандардың қасынан табыла білу әрбір ер азаматқа тән қасиет болса керек. Өзінің үгіт-насихат жұмыстары барысында Ержан Кәдірханұлы қаламыздағы «Нұр» балалар үйіне бас сұғып, балалар үйінің директоры, кең жүректі анамыз Тұяқ Қазкенқызымен дидарласып қайтқан еді. Балалар үйінің тыныс-тіршілігімен танысып, ұжымымен кездесті. Партияның сайлауалды бағдарламасындағы басымдықтар туралы сөз қозғап, партияның «Кедергісіз келешек» жобасы ата-ана қамқорлығынсыз қалған отбасылар, аз қамтылған отбасылар мен көп балалы отбасыларды қамқорлыққа алу, оларға кедергісіз орта құруға ерекше назар аударылатынын айтты. Өмірінің 56 жылын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз Тұяқ Қазкенқызы соңғы жиырма жылдан бері «НҰР» отбасылық балалар үйінің анасына айналған. Осы уақытқа дейін «НҰР» балалар үйінде 700 –дей жетім және әке – шешесінің қарауынсыз қалған балалар тәрбиеленген. Қазір бұл қабырғада мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар тәрбиеленіп жатыр. Осындайда ғұмырының бақытын өзгелерге жақсылық сыйлаудан тапқан жандарға разы болып, қайран қалатынымыз рас.
Қаламыздағы «Аяла» арнаулы-әлеуметтік қызмет көрсету орталығы да көпшілік көп бас сұғатын орын емес. Өйткені мұнда үш жас пен он сегіз жас аралығындағы мүгедек балалар тәрбиеленіп жатыр. Аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Ержан Абиров бұл мекеменің де жай-күйімен танысуды жөн санады. Мекеме директоры Ләззәт Абдрахманова мекемеде арнаулы әлеуметтік кызметтердің стандарттары бойынша мүгедек балаларға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педогогикалық, әлеуметтік-мәдени қызметтер енгізілгенін, мекемеде стоматология, физиотерапия, ұқалау және ЛФК кабинеттері жұмыс жасайтынын айтты. Балаларға қолайлы өмір жағдайы жасалынып, жайлы бөлмелер, ойын залдары, кең асхана, сенсорлық бөлме де бар екен. Онда психоэмоционалдық кернеу, балалардың мінез құлқының бұзылуларын алып тастау мақсатында релаксация сеанстары өткізіледі. Мамандар өз жұмыстарында әр түрлі тәсілдерді қолдана отырып тренингтер, әңгімелер, ойын терапиясы, құмтерапиясы, ертегітерапиясы арқылы жұмыстар жүргізіп келеді екен. Балаларға осындай қамқорлық танытып отырған ұйымшыл ұжыммен кездескен Ержан Кәдірханұлы жиылған көпшілікті партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, ондағы басымдықтарды тарқата айтып берді. Барша қауымды сайлауға белсене қатысып, дұрыс таңдау жасауға шақырды. Әрине, еліміздегі бас партия «Nur Otan» партиясына дауыс беруге үндеді.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»