Үміткерлер көпбалалы аналармен кездесті
Бүгін «NUR ОTAN» партиясының Талғар аудандық сайлауалды штабында аудандық мәжіліс депутаттығына үміткерлер Жаманов Шыңғыс, Симамбаева Сәуле және Наталья Тифанциди көпбалалы аналар мен қоғам белсенділерімен кездесіп, өздерінің сайлауалды бағдарламалырымен таныстырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Үміткерлер жиналғандардың сұрақтары мен талап-тілектеріне нақты жауап беріп, алдағы уақытта қордаланған мәселелердің шешімін табуға атсалысатындарын жеткізді. Кездесуге келген қауым алдағы сайлаудан зор үміт күтіп, ел еңсесін тіктейтін маңызды қадамдардың жасалып жатқанына ризашылықтарын білдірді.
«Уәде – Құдай сөзі» деген бар, бүгінгі үміткерлер – ертеңгі депутаттар екенін ескерсек, ел сенімін ақтау мен берген уәделердің үдесінен шығу олар үшін де маңызды болмақ. Сондықтан сайлауалды насихат жұмыстарының сапалы және жан-жақты болуын ескерген үміткерлер тек бүгін ғана емес, бұдан кейін де ел мүддесі үшін қызмет ететіндіктерін айтып, сенімді ақтайтындықтарын жеткізді.
Көпбалалы аналардың түрлі әлеуметтік жәрдемақыларды уақтылы алуы, жәрдемақы көлемінің бүгінгі қалыптасқан нарықтық жағдайға байланысты өсуі, көпбалалы аналардың зейнетке шығу жасына байланысты көптеген маңызды сұрақтар қойылды. Өз кезегінде сөз алған үміткерлер көтерілген мәселелерге қатысты жауап беріп, олардың заңға сәйкес шешілетінінен хабардар етті. Халықтың алдағы науқанға біркісідей атсалысып, қолдау білдіретіндеріне сенім артқан үміткерлер өздеріне артылған жүктің де аз емес екенін жете түсінетіндерін атап өтті.
Сондай-ақ осы күні «NUR ОTAN» партиясының Талғар аудандық филиалында «Мен партияға қосыламын» челенджін қолдау мақсатында партия қатарына жаңадан қабылданған бірқатар азаматтар мен азаматшаларға аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков партия билеттерін табыс етті. Олардың қатарында аудан жастары мен қоғам белсендісі Клара Хасанова да бар.
Жанбота Сұлтанмұратқызы,
тілші