Кез келген мемлекеттің ұлттық валютасы – экономика тәуелсіздігі мен халық егемендігінің кепілі. 1993 жылы 12 қарашада Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «ҚР Ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шықты, ал 15 қараша күні теңге айналымға енгізілді. Айналысқа енген теңге нарықтық қарым-қатынас пен ұлттық банк жүйесінің іргетасын қалады. Бұл оқиғаның арқасында тәуелсіз қаражат саясатын қалыптастырған Қазақстанның экономикасы әлеммен біте қайнасты.
Төл теңгеміздің айналысқа шығарылуы біздің жас тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі болып, еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолындағы түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін қажетті тарихи қадам болды.
Ал сол жылы қарашаның 22-сінде зейнетақы мен еңбекақы теңгемен беріле бастады. Елімізде валюта айырбастау пункттері ашылды. Кейін Алматы қаласында Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы, Өскеменде Монета сарайы ашылды. Уақыт талабына сай теңгенің дизайны өзгерді. Бүгінде купюраларымыздың қорғаныштық қасиеті дамыған елдер валютасымен бәсекелесе алады.
ҚР қаржы жүйесі құрылғаннан Тәуелсіздік жылдары халықаралық қаржы институттарымен мойындалғанша қиын кезеңдерден өтті. Бұл еліміздің қаржы жүйесінің мыңдаған қызметкерлерінің еңбегімен келді. Бүгінгі таңда қаржыгер – бұл заң негізінде ірі ақша операцияларын жүзеге асыратын заманауи маман. Сондықтан қаржы жүйесіндегі жауапкершілігі жоғары, адал әрі бюджет және салық заңдылықтарын жақсы меңгерген білікті мамандардың жұмысын ерекше айта кету керек.
Тарихы тереңде жатқан Талғар аудандық қаржы және қазынашылық басқармасының да атқарып жатқан жұмыстары ел экономикасының даму жолында көп септігін тигізуде. Осы орайда қазынашылық басқармасының басшысы Күлшакира Ауғанғалиқызын сөзге тартып, аудандағы қаржылық хал-ахуалымыз жайлы сұхбаттасқан едік.
– Өзіңіз басқарып отырған басқармада неше жылдан бері қызмет етіп келесіз, қанша қызметкер еңбек етеді?
– Жалпы қаржы саласында 1992 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Еңбек жолымды еліміздегі Ұлттық Банктен бастадым. Төл теңгеміз қолданысқа еніп, Тәуелсіздігіміздің туы көтеріліп жатқан аумалы-төкпелі кезеңде тарихи сәттердің куәсі болдым. Алғаш ұлттық теңгемізді қолымызға ұстап, онда бейнеленген ұлт ғалымдары мен ағартушыларын көргенде кеудемді қуаныш кернеп, керемет сезімді бастан кештім. 1996 жылдан бастап әр облыстың, әр өңірдің жеке қазынашылық басқармалары құрылып, өз аймақтарында жұмыстарын бастады. Ал Талғар аудандық қазынашылық басқармасында басшылық қызметінде 15 жылдан бері еңбек етіп келемін. Бұл салада қалтқысыз қызмет етіп зейнеткерлікке шыққан алдыңғы буын өкілдерінің еңбектерін елемеу сын. Өкше басар мықты мамандар қалыптастырған биік беделі бар тұлғалар болатын. Қазіргі таңда басқармада 11 адам Майра Карибаева, Қуат Ерзатұлы, Әсел Маратқызы, Зоя Надырова, Рауан Калиева, Дина Изатова, Ақгүлім Төрешова, Эльвира Кулжаева, Айжан Ахметова сынды өз ісінің кәсіби мамандары еңбек етеді.
– Аудандық қазынашылық басқармасының қандай қызметтері мен міндеттері бар?
– Қазынашылық басқармасы мемлекеттік бюджеттен қаржыландыратын мекемелерге кассалық қызмет көрсетеді. Ауданымыз бойынша 61 мемлекеттік мекеме бар, солардың зейнетақы, сақтандыру қорлары, қызметкерлердің жалақылары, әлеуметтік қаржыландыру түрлері, салық қызметтерінің қаржылары секілді кіріс-шығыс көздерін қадағалап тиісті орындарға түсуін қамтамасыз етіп отырамыз. Республикамыздың әр аймағынан жиналған кіріс көздері бірыңғай қазынашылық шотына, яғни жалпақ тілмен айтар болсақ бір ортақ қазанға түсіп мемлекет деңгейінде есепке алынады. Ашық түрде әр облыстың қажеттілігіне байланысты мемлекет тарапынан қайта қаржыландырылып, айналымға еніп отырады. Жалпы бюджет республикалық және жергілікті болып екіге бөлінеді. Жергілікті бюджеттің өзі облыстық және аудандық болып бөлінсе, Талғар ауданының ауылдық округтері бойынша төртінші деңгейдегі бюджет болып 2018 жылдан бері өз бюджетін қалыптастырған. Халық саны 2000-нан асатын тұрғыны бар ауылдық округтер төртінші деңгейдегі бюджет құрамына жатады. Тағы айта кететін мәселе – ол мемлекеттік мекемелердің басқа бір фирма немесе өндіріс орындарынан тұтынатын қажетті құралдарының келісім-шарттарын бекіту бұл да біздің міндетімізге жатады. Тендер арқылы екі жақ бір затты сатып алатын болып келісіп, жылдың басынан аяғына дейін шартқа отыратын болса, солардың қаржыларының төленуін қадағалап, екі жақты келісім жасап біздің жүйеге енгізгеннен кейін ғана ол өз күшіне енеді.
– Жергілікті бюджетті қалыптастыру және пайдалана білу шеберлік пен іскерлікті қажет ететін сала. Бұл саланы басқару қаншалықты қиын?
– Иә, өте жауапкершілігі мол сала деп айтуға болады. Өйткені барлық қаржы мекемелерімен, салық комитеті, КНБ секілді құзырлы мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Мемлекет бюджетіне түскен әр қаржы біздің басқарма арқылы өтеді. Бұрындары қағазбастылық шамадан тыс көп болып, жұмысты қадағалау, оны жүргізу күрделі болатын. Қазір жаңа технологиялық заманның даму сатысына байланысты қашықтан жұмыс жүргізу тәртібіне көштік. Бұл дегеніміз әр мекеме, әр ұйым белгілі бір белгіленген уақытта белгіленген тәртіпке сәйкес ортақ жүйе арқылы базаға енгізіп отырады. Біз ол ақпараттардың дұрыс-бұрыстығын тексеріп, дұрыс болмаған жағдайда заң аясында ескерту хат жолдап қайта талап етеміз. Қаржы саласының қиындығы да бар, дегенмен өз ісін сүйіспеншілікпен атқарған адамға бәрі де қарапайым тірліктің бірі болары анық.
– Аудандағы қаржы тұрақтылығын және оған әсер ететін факторларды қалай қадағалайсыздар?
– Қаржы тұрақтылығына аудандық бюджетке түсетін кіріс көздерінің ықпалы мол. БҚШ дейміз, яғни біріккен қазынашылық шоты арқылы кіріс-шығыс көздерін тепе-теңдікте ұстаймыз. Орта және шағын бизнес өкілдері, кәсіпорындар, ұйымдар сияқты пайда тауып отырған мекемелердің пайда салықтары, көлік, жер, үй, мүлік салықтарының уақытында төленбеуі ел экономикасының қаржы тұрақтылығына әсер етеді. Сол үшін құзырлы орындармен біріге отырып жұмыс істейміз. Әр ауылдың немесе қаланың даму процесіне байланысты қаржылық кіріс көлеміне қарай, мемлекет тарапынан сондай мөлшерде қайта қаржыландырылып отырады. Яғни, шығын мөлшері қаншалықты болса, кіріс көлемі де сондай деңгейде теңесіп отырады. Қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуде біздің басқарма тарапынан атқарылатын жұмыс тек олардың есебін дұрыс жүргізу, ал оның бюджетке түсуін қамтамасыз ету салық органдарына түсетін салмақ десек болады. Ел экономикасына зиян тигізбей өзіне тиесілі салықты төлеп отыру елімізде тұрып, заңды тұлға ретінде тіркелген әр азаматтың міндетті борышы болуы керек деп есептеймін.
– Қазынашылық жүйесінің даму перспективалары қандай?
– 1994 жылы Үкімет Қаржы министрлігінің қызметін белгілеп, яғни Қаржы министрлігі бюджеттік қорларды анықтап, қашан, кімге, қанша ақша керек, қалай қаржыландыру керек, шексіз ресурстарды қалай тиімді пайдалану керектігін белгілеумен болды. Бірінші этапта ҚР-ның Халықтық банкінің есеп айырысу кассалық орталығы бар жерде аймақтар қазынасын территориялық басқарумен басталды. 1995 жылы 1 қыркүйектен бастап қазынашылық мекеме өзіне республикалық бюджеттің құрамы банктік операциялар бақылауындағы ұйымдастырушылық қызметті алды. Дәл осы жылы әлемдік тәжірибеге сәйкестендірілген мемлекеттік бюджеттің шығындары мен кірістерінің жаңа бюджеттік классификациясын жасап шығарды. Сонымен бірге, қазынашылық жүйенің функционалды бөлігі жасалды.
Қазынашылықтың қаржылық жүйесін дамытуда ерекше айтылатын жұмыстардың бірі – ол 1996 жылғы маусым айындағы Ұлттық банкте Қазынашылық бірлестігі шотын ашу болып табылды. Оған мемлекеттік және жергілікті бюджеттің ақша қаржылары шоғырландырылды. Қазынашылық БҚШ (Біріккен қазынашылық шоты) арқылы төлеу механизмін, бағдарламалық қамтамасыз ету мүмкіндіктерін жасады. Әр күнгі келіп түскен ақпарат ҚР-ның үкіметіне және басшылыққа жіберіліп отырады. Сондықтан күн сайын бюджеттің жағдайы – кірістер, шығындар, республикалық және облыстық қаржы құрылымындағы қалдықтар бақыланып отырады. 2013 жылы осы мекеме жұмысының тиімділігін барынша жоғарылатқан, соған сәйкес бюджетті игеру сапасын арттырған, қаржылық құжаттарды онлайн-режімде өңдейтін «Қазынашылық – клиент» жүйесі енгізілген болатын. Бюджет қаржысының игерілуі мен мақсаты – бюджет қағидатына сәйкестігіне арналған квазимемлекеттік секторсубъектілерінің шоттарына қызмет көрсету басталды. Бүгінгі таңда қазынашылық жүйе Қазақстанның қаржылық жүйесінің басты бөлігі болып отыр. Ол мемлекеттік органдардың алдына қойған міндеттерін орындау үшін кірістерді уақтылы есептеп, қаржылық ресурстармен жеткілікті қамтамасыз ете отырып, ақшалай ағынның ашықтығы мен шұғыл жүргізілуін қамтамасыз етеді. Процестерді барынша автоматтандыру, алдыңғы қатарлы озық технологияларды пайдалану, әкімшілік және техникалық тәртіпті оңайлату арқылы стратегиялық міндеттердің бірі қоғамдық қаржы жағдайы туралы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуді шешуге мүмкіндік береді.