САНДЫҚ ДЕРЕКТЕРДІҢ ғасырлық СҮРЛЕУІ БАР

САНДЫҚ ДЕРЕКТЕРДІҢ ғасырлық СҮРЛЕУІ БАР

Қазақ АКСР үкіметі Қазақстандағы бірыңғай орталықтанған статистика жүйесінің бастауы болған «ҚазАКСР-дегі мемстатистика туралы ережені» қабылдағандықтан, 1920 жылғы 8 қараша еліміздің статистика саласы үшін тарихи күн ретінде белгіленіп, кәсіби мерекелердің қатарына енген еді.

Статистика – болып жатқанның бәрін іс жүзінде жарқырата көрсететін қоғам айнасы. Статистика дегеніміз – сандық деректер, қызмет сипаты, білімнің айрықша саласы, оның негізгі қызметі – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын талдауға қажетті, сұрыпталған тұжырымды ақпаратпен қамсыздандыру.
Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының Статистика орган­дары 100 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бір ғасыр бұрын іске қосылған ұлттық статистика жүйесі қазір халықаралық талаптарға сай жұмыс атқаруда. Жалпы алғанда, статистика үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Себебі кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистика саяси және бизнес шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын белгілеуде де аталған саланың орны ерекше. Мемлекеттік басқару органдарының, халықаралық ұйымдардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдардың, халықты еңбекпен қамту және жұмыссыздық, халықтың әл-ауқаты, кедейшілік, баға, инвестиция және құрылыс, сыртқы экономика және сауда тағы басқалар жөнінде сапалы және жедел статистикалық ақпараттар туралы мәлімет аталған ұйым арқылы шығарылады. Мемлекет статистикалық мәліметтер бойынша түрлі салалар мен ведомстволардың жұмысын бақылап отыруға мүмкіндік алады. Сол арқылы бюджет бөлінісін де реттейді. Статистикалық қызмет жұмысына халықаралық ұйымдар мен бизнес-құрылымдар да жүгінеді. Сондықтан статистиктердің жұмысы нақтылықты, талдаудың дұрыстығын талап етеді. Жүз жыл уақыт ішінде Қазақстанның статистика жүйесі халықаралық талаптарға сай өзгерді. Бүгінгі таңда еліміздің бұл саласында заң жүйесі, нарықтық экономикаға сай статистикалық салалары мен арнайы әдістемелері бар. Сонымен қатар статистика жасау үшін қажетті заманауи технологияларды енгізу жұмыстары да сәтті жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттік статистика органдарының қызметі Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік ста­тис­тика туралы» Заңымен және ҚР Үкіметі жыл сайын бекітіп отыратын статистикалық жұмыс жоспарымен реттеледі.
Талғар аудандық статистика бас­қармасы – тарихы тереңде жатқан іргелі мекемелердің бірі. Жыл өткен сайын заман ағымымен ілесіп, жұмыс сапасын арттыра түсуде. Аталмыш басқарма Қазақстан Республикасы Ұлттық Статистика Бюросы Алматы облысының Статистика департаментіне қарайды. Негізгі міндетіне алғашқы статистикалық ақпараттарды жинау, бақылау, өндеу және оны уақытылы департаментке жеткізу жатады. Басқарма әкімшілік дереккөздермен өзара байланыста бола отырып жұмыс жасайды. Респонденттерді оқыту, кеңес беру, арыз-шағымдары мен олардың ұсыныстарын қарау да басқарма құзырында. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық статистикалық көрсеткіштерін қалып­тастыруды қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда статистика басқармасы мекемелердің есеп беру жұмысының тиімділігі мен мерзімін қысқарту үшін енгізілген Алматы облысы Статистика Департаментінің «Ақпараттық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында статистикалық есептерді «online» режимінде қабылдауды аудан көлемінде қолға алып, статистикалық есеп нысандарын өткізуге тиісті заңды және жеке тұлғалардың статистикалық есеп нысандарын сол режимде атқару жұмысына атсалысуда. Бұдан бөлек аудандық Көші-қон полиция бөлімі мен аудан халқының көші-қон мәліметтерін жинақтау жұмыстарында кемшіліктер мен қателіктерді болдырмау шараларын іске асыру, өз құзыры шамасында статистикалық талон мәліметтерін сауатты, толық толтырып, қажетті деңгейде электрондық нұсқамен сәй­кестендіруді де осындағы мамандар қолға алған. Жалпы халық саны табиғи өсім және Талғар қаласы мен оған жағалай орналасқан ауылдарға қоныстануды қалаған тұрғындардың есебінен күннен-күнге өсіп келеді. Сонымен қатар аудандағы саяжайларды өздеріне тұрақты мекен ретінде пайдаланатын халық саны да көп. Бұл ауданда коммуналдық инфрақұрылымның, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің, тұрғын-үй кешендерінің көбеюін, соған орай аудан бюджетінің қажеттілікке қарай қарастыру мәселесін туындатып отыр.
Жүз жылдық тарихы бар басқарманың қалыпты жұмыс жасауына ұзақ жылдар басшылық қызметін абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шыққан Фируза Ягмурованың еңселі еңбегін елемеуге болмас. Сонымен қатар Фарида Жамханова, Сайлаубай Көшербаев, Вайда Ягмурова, Елизавета Федосеева мен Наталья Клычева сынды білікті мамандар да айтулы салада өз қолтаңбасы бар тұлғалар еді.
Қазіргі таңда Талғар аудандық статистика басқармасында он қызметкер еңбек етіп келеді. Ауданда өтетін барлық іс-шараларға ұжым болып белсенді қатысып, жұмыс көрсеткіші бойынша облыс аралығында алдыңғы қатардан көрінуде.
Басқарма басшысы Дүйсенғалиева Ардақ Мұратқызы Статистика саласында 2001 жылдан бастап қызмет етіп келеді.
2001-2005 жылдары Алматы облысының Статистикалық ақпарат орталығында маман, экономист, аға экономист болып еңбек жолын бастап, 2005-2014 жылдар аралығында Қарасай аудандық статистика басқармасында басшы лауазымын атқарған. 2014 жылдың қараша айынан бастап бүгінгі күнге дейін Ардақ Мұратқызы осы аталған ұйымды басқарып, аянбай еңбек етіп, ауданның экономикалық дамуына өз үлесін қосып отыр. Статистика алаңындағы өз істерінің майталман мамандары саналған Б.Т.Төлепбаев, Л.В.Савеко, А.Н.Хамитов, Н.А.Түсіпов,Н.И.Шевелева сынды тұлғалардан тәрбие алып, осы күнде сол кісілер салған соқпақ жолда өз сүрлеуімен жүріп келеді. Ардақ Мұратқызы Алматы облыстық Статистика Департаментінің «Құрмет грамотасымен» екі рет, Қарасай ауданы әкімінен 4 «Алғыс хат», Талғар ауданы әкімінен «Құрмет грамота», Алматы облысы әкімінен 2 «Алғыс хат», ҚР Статистика Агенттігінен «Құрмет грамота», ҚР ҰЭМ Статистика Комитетінен «Құрмет грамота», «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалының саяси кеңесінен «Алғыс хат», «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалынан «Алғыс хат» алып, ҚР Ұлттық экономика Министрінің «Алғыс хатымен» ма­рапатталып, құрметке бөленуі, көп жылғы еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Сондай-ақ Республикамызда 2007 жылы өткен бірінші ауылшаруашылық санағында төс белгісін және «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалін иеленді.

Басқарманың бас маманы – Тленова Айгүл Сапарханқызы ауданымыздың заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің сыртқы, ішкі сауда саласы бойынша тауарларды өткізу, электрондық коммерция, шағын бизнесті кәсіп­орындарды зерттеу туралы есептерді жүргізеді. Статистика саласында 17 жыл қызмет етіп келеді. Еңбегі еленіп ҚР ҰЭМ Статистика Комитетінен «Алғыс хат», «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалының саяси кеңесінен «Алғыс хат» алып, Талғар ауданы әкімінің «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатымен» марапатталған.

Басқарманың білікті маманы Нұрмағамбетова Ғалия Аққалиқызы – ауылшаруашылығы саласының өсімдік шаруашылығы өнімі бойынша заңды тұлғалар мен фермер немесе шаруа қожалықтарынан есеп алып, ауданымыздың ауылшаруашылығының көрсеткішін айқындайды. Статистика саласында 17 жыл еңбек өтілі бар. Еңбегі бағаланып, Алматы облыстық Статистика Департаментінің «Құрмет грамотасы», «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалының саяси кенесінің «Алғыс хаты», Талғар ауданы әкімінің «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хатымен» марапатталған.
Басқармадағы білгір маманның бірі – Құлмырзаев Саят Сайлаубайұлы. Ауданымыздағы ауылдық округтер бойынша Электрондық шаруашылық кітаптарға бақылау жасау, инновация, тіркелім саласы, кітапхана, клуб, демалыс алаңдары, мұражай және негізгі қорлардың жай-күйі туралы деректерді жинақтаумен айналысады. Статистика саласындағы 17 жылғы еңбегі ескеріліп, Алматы облыстық Статистика Департаментінің «Құрмет грамотасы», «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалының саяси кеңесінің «Алғыс хаты», Талғар ауданы әкімінің «Алғыс хаты» сынды марапат алған.
Беделді маман Камаев Сакен Айтқұлұлы – аудандағы өнеркәсіп және оның қызмет түрлері бойынша өнім көлемін, заңды тұлғалармен олардың оқшауланған бөлімшелерінің өндірілген өнімдер сипатындағы қызметтер көлемі, өндірістік қуаттар теңгерімі, қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған шығындар, атмосфералық ауаны қорғау, су құбыры, кәріз құбыры және олардың жеке желілерінің жұмыстары туралы есептерді жүргізеді. Атаулы саладағы 4 жылғы еңбегі үшін «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалының саяси кенесінің «Алғыс хаты» және Талғар ауданы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған.

Алғыр маман – Даулетбаев Ернат Еркінұлы, ауданымыздың ауылшаруашылығы саласының мал шаруашылығы өнімі бойынша заңды тұлғалардың шаруа қожалықтарының есебін жүргізеді. Бұл саладағы 6 жыл еңбегі еленіп, Алматы облыстық Статистика Департаментінің «Құрмет грамотасы», «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалының саяси кеңесінің «Алғыс хаты», Талғар ауданы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Басқарманың белсенді маманы Мұрзахметова Жанна Валерьевна – ауданымыздың Еуразиялық эконо­микалық одаққа мүше мемлекеттермен өзара тауарлар саудасы, сауда базарлары, көрсетілген қызметтер көлемі, лизингтік қызмет, автожанармай, газ құю және газ толтыру станцияларының қызметі туралы есептерді жүргізеді. Статистика саласындағы 4 жыл еңбегі еленіп Алматы облыстық Статистика Департаментінің «Құрмет грамотасы», «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалының саяси кенесінің «Алғыс хаты», Талғар ауданы әкімінің «Алғыс хаты» және Талғар қаласы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған.

Айтулы маманның бірі — Айтмұхамбетов Нұрлан Асанұлы, кәсіпорындардың қызмет түрлері бойынша көлік және байланыс, денсаулық сақтау, білім беру салалары, ақпарат, халықтың көші-қоны, табиғи өсім, орындалған құрылыс жұмыстарының (қызмет) көлемі туралы есептерді жинақтайды. Статистика саласында 7 жыл еңбек өтілі бар. Алматы облыстық Статистика Департаментінің «Құрмет грамотасы», «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалының саяси кеңесінің «Алғыс хаты», Талғар ауданы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған.

Майталман мамандардың бірі — Тайгулов Нұржан Тойғамбекұлы, ауданымыздың еңбек саласы, қызметкерлер санын есептелген жалақы мөлшері бойынша бөлу, жалақы құрылымы және оны бөлу, отын-энергетикалық баланс, негізгі капиталға салынған кіріс көздері туралы есептерді жинақтайды. Бұл салада 4 жылдан бері еңбек етіп келеді. «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалының саяси кеңесінен «Алғыс хат», Талғар ауданы әкімінен «Алғыс Хат» және Талғар қаласы әкімінен «Алғыс хат» алған.

Баға статистикасының маманы Сеитова Шолпан Марекқызы тұтыну тауарлары, ақылы қызметтердің бағалары мен тарифтерінің өзгерісіне байқау ұйымдастырып, баға индекстерін есептеу туралы есеп алып, тауарлардың бағасын анықтайды. Статистика саласындағы 4 жыл еңбегі еленіп, ҚР ҰЭМ СК Алматы облысының ақпарат және есептеу орталығының «Құрмет грамотасымен» 2 рет, Талғар ауданы әкімінің «Алғыс хаты» және Талғар қаласы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған.
Сонымен қатар қосымша ауда­нымыздағы халықтың тұрмыс сапасын, жұмыссыздық деңгейін Кусний Саукумова, Гульчехра Вариванова, Берік Додабаев, Салтанат Чимирбаева, Дархан Сейтқұлов, Айгүл Мадиева сынды білікті мамандар үй шаруашылықтарын аралап, іріктемелі зерттеу сауалнамасы арқылы жұмыс жүргізеді.
P.S. Қорыта айтар болсақ, аудан экономикасының дамуына, өсіп-өркендеуіне, әл-ауқатының жақсаруына елеулі еңбек сіңіріп отырған статистика саласы мамандарының еңбектері өлшеусіз. Көзге көрінбегенмен тау қопарарлық еңбектің нәтижесі аудан абыройын асырып отыр. «Көреген басшы елді өсіреді, күшті майдан ерді өсіреді»демекші, білікті басшының бағыт-бағдарымен жүрген ұжымның ұйымшылдығы-ның арқасында бір отбасындай болған айтулы сала мамандарының мерейлі мерекесі құтты болсын. Аудан абыройын асқақтатып, беделін биік ету мақсатында істеп жатқан жұмыстарыңызға толағай табыс, шаңырақтарыңызға шадыман шаттық, бастарыңызға баянды бақыт тілейміз!

Айнаш ӘЛДИБЕК,
«Талғар»