Елі үшін ерен еңбек етіп, халықтың ықылас-ілтипатына бөленіп жүрген азаматтар аз емес. Ұлағатты істерімен, қарапайым адамгершілік қасиеттерімен көптің құрметіне ие болып, бейбіт заманда еңбегімен ел ырысын еселеп жүрген жандар қашанда құрметке лайық. Міне, осындай шоқтығы биік азаматтардың бірі – ауданымыздың Құрметті азаматы, қоғам белсендісі, аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Сихимбаева Мария Ордабайқызы дер едім.
Мария Ордабайқызы ауданымызға қарасты Панфилов ауылдық округінде қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Әкесі Ордабай Баякеев зейнет жасына дейін Панфилов колхозында мұрап болып ұзақ жылдар еңбек еткен. Ұлы Отан соғысының ардагері, «Ерлік даңқы» орденінің иегері болған. Ал анасы — Бүбіхан совхозда жұмыс істеп, кейін ауыл поштасында пошташы болды. Осындай еңбек адамдарының отбасында өсіп-өнген Мария Ордабайқызы да зерек, білімді, еңбекқор болып ер жетті.
Еңбек жолын 1964 жылы Еңбекшіқазақ аудандық сотында хатшы болып бастапты. Араға бір жыл салып Ақжолтай Сихимбаев есімді азаматпен тұрмыс құрып, талғарлық болып шыға келген. Келін болып түскен бойда Талғар аудандық сотына жұмысқа тұрып, онда екі жылдай еңбек етеді. 1968 жылы қаламыздағы іргелі колхоздардың бірі «Алматы» колхозының құс фермасына жұмыс ауыстырады. Себебі, жұбайы Ақжолтай сол колхозда комсомол хатшысы болыпты. Алматы колхозында түрлі жұмыстарды жауапкершілікпен атқарып, 1975 жылы колхоз бөлінгенде Мария Ордабайқызы Рысқұлов шаруашылығында қалған. Мария Ордабайқызының бұдан арғы өмірі ауылшаруашылығымен байланысты өрбіді. Басында сушы болып жұмыс істесе, одан кейінгі он жылда звеновой болды. Тынымсыз еңбегінің арқасында 1983 жылы «ІІІ Дәрежелі Еңбек даңқы» орденімен марапатталған. Одан кейінгі жылдары да осы шаруашылықтың бригадирі болып қызмет атқарады. 1997 жылдары колхоздар тараған уақытта бұл колхоз да тарап, барлық жұмыскерлерге тиеселі пайлары үлестіріліп берілген. Дәл осы жылы наурыз айында 149 шаруа бірігіп «Талғар» өндірістік кооперативін құрған. Ол сегіз жыл бойы сол кооперативті басқарған.
Ауыл әйелдері Одағына – 20 жыл
Үнемі қайнаған еңбектің ортасында жүрген Мария Ордабайқызы кооператив тарағаннан кейін де қол қусырып отыра алмады. 2000 жылы үлкен шаруашылықтар тарап, жаңадан құрылып жатқан шағын шаруашылықтар аяғынан нық тұра алмай қиындық көріп жатқан тұс болатын. Ел экономикасы да құлдырап, өкіметтің қарапайым халыққа көмек беруге мүмкіндігі жетпей тұрған кездер еді. Мария Ордабайқызы қасына бір топ шағын қоғамдық бірлестіктерді топтастырып, «Ауыл әйелдері одағы» атты қоғамдық бірлестік құрды. Рысқұлов колхозының №1 бригадасы бұрыннан жеміс-жидек өсіретін бөлімше еді. Көз тұндырар алмасы, тіл үйірер құлпынайымен көпке танымал еді. Осындай бау-бақшаны күтіп баптау, өнімді көбейту үшін, әрине, суармалы судың маңызы жоғары болатын. Бұған дейін су келіп тұрған арықтардың бірі құлап жатса, енді бірінің тозығы жеткен. Оларды жөндеуге мол қаражат пен техника, құрал-саймандар қажет болады. Онсыз да қиын күндерді басынан өткеріп жатқан шаруашылықта ондай қомақты қаражат қайдан болсын?! Мария Ордабайқызы тығырықтан шығу жолын тауып, бір халықаралық қорға арнайы жоба жазып, аталмыш жоба аясында мол қаражатқа қол жеткізіп, соның арқасында арықтарды қалпына келтіріп, су жүйесін реттеп алады. Ұсынған жобасы шет елдік меценаттардың қолдауына ие болғаннан кейін қоғамдық бірлестік олармен бірлесе жұмыс жасай бастайды. Осы арада екінші «шағын диірмен орнату» жобасын ұсынып, оған да қаржы алады. Диірменде өздері өсірген бидайдан ұн тартып, кооператив жұмысшыларына таратып беріп, игілігін көреді. 2003 жылы шаруашылықты өркендету үшін Канада елшілігінің қолдауымен бір трактор және бір комбайн сатып алыпты. Сол жылы қоғамдық бірлестік ауданымызда зорлық-зомбылық көріп жүрген әйелдерге арнап «дағдарыс орталығын» ашады. Бұл жобаны «Сорос» фонды қаржыландырып, аудандық жұмыспен қамту орталығы қолдау көрсетіп, орталықта кеңес беретін заңгер мен психолог маманға жалақы төлеп отырған. Орталық ауыл ауылдарды аралап, көптеген зәбір көрген әйел азаматтарға қолдау көрсетіп, көптеген отбасын сақтап қалуға септігін тигізген. Сонымен қатар 2006 жылы Алматы облысы әкімдігінің грантын ұтып алып, ауданымызға қарасты төрт ауылда «Өз бизнесіңді баста!» деген тақырыпта бизнес-тренинг өткізеді. Мария Ордабайқызы оған қаламыздағы М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжін басқарған Н.Үмбетованың көмегі көп болғанын айтады. 2005 жылы республика көлемінде өткен байқауда «Ауылдағы ҮЕҰ» номинациясы бойынша «Тану» дипломына ие болып, мерейі тасыған «Ауыл әйелдері Одағына» биыл жиырма жыл толып отыр. Осы күнге дейін ел игілігі үшін атқарған ісі ұшан-теңіз үкіметтік емес ұйымның алда әлі де атқарар істері ауқымды.
«Әжелер шуағы» ансамбліне – 15 жыл
Халқымыз қашан да нәзік жанды әйелдерді қастерлеп, шаңырақтың ұйытқысына, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне балаған. Өйткені әйелдер бәрінен бұрын – үйдің киесі, бар жылуын бала тәрбиесіне бағыттап, отбасылық құндылықтар мен жақсылықтарды үйлестіруші, сақтаушы. Бүгінгі күні әйелдер қоғамымыздың барлық салаларында белсенділік танытуда. Солардың қатарына Мария апамызды да қосуға болады. Зейнет жасына жеткен абзал ана қоғамдық жұмыстармен қатар ауданымыздың мәдениет саласын өркендетуге өз үлесін қосып жүр.
«Бірде аудандық үлкен жиыннан шыққанымызда Қызыл-Қайрат ауылындағы «Мұсылман әйелдер одағының» төрайымы Үкән Ақылбаева барлық аудандарда әжелер ансамблі құрылып жатқанын айтып, біздің ауданымызда да құрсақ қайтеді деген ойын ортаға салып еді. Мен де ойланып қалдым. Расымен, зейнет демалысында отбасы, ошақ қасында отырған қаншама ауылдың алты ауызын айтатын әжелеріміз бар. Неге солардың басын қосып ансамбль құрмасқа деген ой келді. Бірден кірісіп кеттім. Он жеті әженің басын қосып, «Әжелер шуағы» атты әжелер ансамблін құрдық», – деген Мария Ордабайқызы аталмыш ансамбльге содан бері өзі жетекшілік етіп келеді. Ансамбль құрудағы негізгі мақсаттары, біріншіден, өскелең ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру болса, екіншіден, бейнетінің зейнетін көріп отырған әжелерімізді қоғамға араластыру, олардың уақыттарын тиімді өткізуіне ықпал ету болатын. Арада бес жыл өткенде ансамбль – «Халықтық» атағын қорғап, «Халықтық әжелер шуағы» ансамблі атанды. Әнші әжелеріміз әсем әндерімен тыңдармандарын сусындатып, аудан көлемінде өтетін мерекелік шараларда сахна сәнін кіргізіп жүрді. Оның сыртында ауылдарда жастармен кездесулер өткізіп, ұлттық өнерімізді ұлықтап, салт-дәстүрімізді жастардың санасына сіңіруге септігін тигізді. Талдықорған қаласында өткен мәдениет күндерінде әжелеріміздің өнерін сол кездегі облыс әкімі С.Үмбетов жоғары бағалап, сахналық костюм тігуге қаражат бөлдіріп бергені бар. Қазіргі таңда әжелер ансамбліне аудандық Мәдениет үйінен арнайы дайындық бөлмесі беріліп, әндерін сүйемелдеуге демеушілердің көмегімен баян сатып алып берілген. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен тығыз жұмыс жасап, ел мәдениетін арттыруға, руханиятын байытуға өзіндік үлестерін қосып жүрген ансамбльге биыл 15 жыл толды. «Өсетін елдің қарты қазына болар» деген екен кешегіміз. Расында, кеудесі өсиетке, тұлғасы қасиетке толы ақ жаулықты әжелеріміздің келер ұрпаққа берері мол-ақ.
Аналар кеңесіне – 5 жыл
Қазақстан халықтары Ассамблеясы аясында Аналар кеңесі құрылып, қоғамдағы отбасы құндылығын нығайту мақсатында жұмыс жасап келеді. Ауданымызда құрылған Аналар кеңесіне төрағалық ету Мария Ордабайқызына жүктелген еді. Бүгінде біздің аналарымыз елімізде болып жатқан барлық жағымды жаңалықтарға, қоғамдағы өміршең өзгерістерге, идеялық-саяси, әлеуметтік-мәдени жұмыстарға, мемлекетіміздің бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене атсалысуда. Аналар кеңесі негізінен қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар са-бақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтау үшін жұмыс жүргізіп, ата-аналардың дені сау, рухани адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыруға жәрдемдеседі.
Бүгінгі күні аудан халқының 51 пайызын әйелдер қауымы құрайды. Аудандарда демографиялық өсімге атсалысып отырған алтын құрсақты аналарымыз да аз емес. Оған аудан бойынша 66 «Алтын алқа», 225 «Күміс алқа» иегерлерінің бары дәлел. Ауданымызда Аналар кеңесі осыдан бес жыл бұрын құрылса, одан кейін Талғар қаласы мен 10 ауылдық округте де Аналар кеңесі құрылып, оның 50-ге тарта мүшесі ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтау үшін жұмыс жүргізіп келеді. Ата-аналардың дені сау, рухани адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеудегі жауапкершіліктерін арттыру мәселелері төңірегінде де атқарылып жатқан ауыз толтырып айтар шаруалар жетерлік. Әрбір ауылдағы Аналар кеңесінің мүшелері ауылдың тыныс-тіршілігінен хабардар болып, ондағы көпбалалы, жалғызбасты, мүгедек балалы аналар мен кейуаналарды анықтап, тұрмысы төмен отбасылар мен жайсыз отбасылардың ахуалын біліп, қолдан келгенше көмек жасап жүр. Аудандық Аналар кеңесі әрбір ауылда семинар-кеңестер, кездесулер өткізіп, қоғамды алаңдатып отырған түрлі тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбітіп, жастарға ақыл-кеңестерін беруде. Атап айтқанда, ақ жаулықты аналарымыздың мұрындық болуымен «Отбасы құндылығы-Отан құндылығы», «Берік отбасы-берік мемлекет», «Қыз тәрбиесі-ұлт тәрбиесі», «Қызға қырық үйден тыю», «Имандылық жарасады ұл-қызға», «Қарты бар үйдің-қазынасы бар», «Достықтың алтын тамыры халықтар арасында», «Сен қандай әкесің?» атты тақырыптарда өткен басқосулардың келер ұрпаққа берері мол болды. Ал «Достықтың алтын тамыры – халықтар бірлігінде» тақырыбындағы Аналар кеңесінің аудандық форумына әр ауданның Аналар кеңесінің төрайымдары қатысып, онда ауданымызды мекен еткен этнос өкілдері ұлттық салт-дәстүрлері мен өнерлерін паш еткен болатын. Елімізде орын алып отырған пандемия кезінде аналарымыз қарап отырмай бетперде тігіп жұртқа тегін таратса, өнерден де кенде қалмай құрақ құрап, тоқыма тоқып, онлайн сабақтарын ұйымдастырды. Әсем әндерін шырқап әлеуметтік желіге жүктеді. Осындай игі істердің өтуіне Мария Ордабайқызы мұрындық болып, көш бастап келеді.
Жас кезінде үй мен түздің тізгінін тең ұстап, қазанын қайнатып, баласын ойната жүріп, қайнаған еңбектің бел ортасынан табылса, ұрпағын өсіріп қанаттандырғаннан кейін қоғам өміріне белсене атсалысып жүрген Мария Ордабайқызының өмір жолы көпке үлгі боларлық. Нәзік иығымен нардың жүгін арқалап, небір қиын істі еңсерген абзал ананың еңбекқорлығы мен қоғамдағы жаңашыл қадамдары, ұрпақ тәрбиесіндегі өзіндік үлесі бүгінде лайықты бағасын алды. Күні кеше еліміздің бас заңы Конституция күні қарсаңында ардақты анамыз мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Қазақстан конституциясына — 25 жыл» мерекелік медалімен және Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. Бүгінде төрт қызын құтты орнына қондырып, төрт немересінен үш шөбере сүйіп отырған Мария Ордабайқызы, міне, осындай ерекше жан.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»