Жақсының жолы – жастарға үлгі

Жақсының жолы – жастарға үлгі

Өз жолын ауылдың шаңынан бастап, олимп шыңына дейін жететін нар тұлғалы жандардың қатарына жуырда ғана бақилық болған палуан атамыз Жақсылық Үшкемпіровті де жатқызар едім.

1980 жылы Мәскеу олимпиадасында жеңіс тұғырына көтерілген Жақсылық атамызбен бірге барша қазақ жұрты бір марқайып, бір жасап қалғанын әлі күнге әкелеріміздің, ағаларымыздың мақтана айтатынын естіп жүрмін. Ол айтыла да беретін әңгіме болса керек. Өйткені Жақсылық атамыз тұңғыш қазақтан шыққан олимпиада чемпионы-тұғын. Қазақтың қара домалақ баласын жеңіс баспалдағынан көрген әр қазақ қуана мақтанған екен сол кезде. Бүгінде арада 40 жыл өтіп, нешеме буын алмасса да сол мақтаныш біздің де жанымызды тербеп өтеді. Жақсының жүрген жолы игі іске құмартқан жастар үшін үлгі емес пе?
«Әлем кубогының» иегері, «Қазақстанның Еңбек Ері» Жақсылық атамыздың мағыналы ғұмыры, бүгінде тарих беттерінің бір парағына айнала бастаған сол жолдардың ауыртпалығын өз аузынан естуге құмартып жүргенде ажалдың тырнағына ілінгенін естіп көкірегім қарс айрылды. Дегенмен атамыз көзі тірісінде жастармен жиі кездесіп, құнды әңгімелерімен бөлісіп кетті. Ол кісінің мір жолы қандай әсерлі, шым-шытырықтарға толы болса, жастарға берер өнегесі де сондай тағылымды. Ағамызбен болған сұхбаттан жастардың кеудесінде рух оянатын, жастар тұрмақ үлкен буын да бір рухани серпіліп қалатын. Иә, бейбіт өмірдің баға жетпес құндылығын жүрекпен сезініп, парқына баруға осындай естеліктер себепкер болары сөзсіз. Әттең аяқ асты бақилық болмағанда қазақ спортының майталманы талай тақырыпты қозғап, рухани жаңғырудың жолын жасап кетер ме еді. Ажал-уақыттың құрығы арамызда жайнап, жадырап жүрген қамқорымыз, қазаққа жанашыр бола білген көрнекті жан Жақсылық атаның жүрегіне қадалар деп кім ойлаған?!
М.Сембайқызы,
Алматы қаласының «Олимпиадалық резерв дайындау орталығы» КМҚК әдіскері