Отбасылық байқау
Қазақта «Отан – отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Шынында да, адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым ол – отбасы. Бүгін сол отбасылардың беріктігі мен шаңырақ шаттығын нығайту мақсатында ауданымызда «Жас отау» атты жас отбасылардың қатысуымен игілікті байқау бастау алды.
Алматы облыстық жастар саясатының қолдауымен, Білім және жаңа инновациялық технологиялар орталығының ұйымдастыруымен, Талғар аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшілігімен өткен атаулы байқауда аудандық аналар кеңесінің мүшесі Күләш Оразалиева, Білім және жаңа инновациялық технологиялар орталығының өкілі Гүлім Нұрғалиева, Алматы облысы жастар ресурстық орталығының «Жастарға мәдени патриоттық тәрбие беру және олардың бос уақытын тиімді үйлестіру» бөлімінің басшысы Елдос Әуелханұлы төрелік етіп, әділ бағаларын берді.
Адамгершілікті, руханилықты нығайту, ерлі-зайыптылықтың маңызын тану, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды, сондай-ақ қазақстандық отбасының жағымды имиджін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шараға округтерден төрт отбасылық жұп, атап айтар болсақ, Нұра ауылдық округінен «Мерейлі», Қайнар ауылдық округінен «Шаттық», Бесағаш ауылдық округінен «Белес» және Талғар қаласынан «Өнегелі» отбасылары қатысып, бақ сынады.
Отбасылық топтар ақтық кезеңнің шарттарына сәйкес төрт айналым бойынша өз өнерлері мен қабілеттерін көпшілікке көрсете білді.
Алғашқы айналымда қатысушылар өздерін өлең жолдарымен, әнмен, қара сөзбен таныстырса, «Өнерліге өріс кең» деп аталатын екінші кезеңде отбасы мүшелерінің бірі тамылжыта ән айтып, бірі мың бұрала би билеп, бірі М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының желісі бойынша көрініс сахналап бар өнерлерін паш етті. «Ойлы болсаң, озып көр» атты үшінші кезеңде қатысушылар қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерінен, Жетісу өлкесі, Қазақстан тарихы және 2020 жылдың атаулы күндері бойынша әділқазылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, сынға түсті. Ал төртінші айналым «Жүйрік болсаң, озып көр» деп аталды. Бұл кезеңде отбасылар алаңға шығып спорттық жарыстар бойынша бақ сынады.
Жастарды отбасылық құндылықтарды құрметтей білуге шақырып, қазақ халқының салт-дәстүр, әдет- ғұрыптарын сақтай отыра, татулығы айрандай ұйыған отбасыларды жан-жақты насихаттап, болашақ жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беруге, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға бағытталған байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орынның биігіне көтеріліп, теледидар мен облыстық байқауға жолдаманы еншілеген Талғар қаласынан Әпсалямовтар әулеті болды.
Нұра ауылдық округінен келген «Шаттық» отбасылық тобы екінші орыннан көрінсе, Бесағаш ауылдық округінің атынан бақ сынаған «Белес» отбасылық жұбы үшінші орынға лайық деп танылды. Қайнар ауылдық округінің намысын көтеріп келген «Мерейлі» отбасылық командасы төртінші орынды қанағат етіп, жүлделі болып, жолдама алған отбасыларға тілектестік білдірді.
Байқауға қатысқан барлық отбасылық топтарға Білім және жаңа инновациялық технологиялар орталығы мен Алматы облыстық жастар ресурстық орталығының арнайы сыйлықтары табысталып, дипломдармен марапатталды.
Сонымен қатар Талғар аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова айтулы шараға ат салысып, қолдау білдірген аудандық аналар кеңесінің мүшесі Күләш Оразалиеваға және бірқатар ерікті жастарға рахмет айтып, «Алғыс хат» табыстады.
Ел арасында «ұлын ұяға, қызын қияға қондырып немере-шөбересін әлпештей өсіріп, шаңырағынан шаттық лебі ескен өнегелі отбасылардың көптігі ризалық сезіміне бөлейді. Өскелең ұрпақтың рухани дамуында отбасылық құндылықтардың рөлін нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын, отбасылық қарым-қатынастар мәдениеті мен салттарын сақтауға ықпал етіп, береке мен бірлігі жарасқан шаңырақты кең көлемде насихаттасақ, керегесі кең, терезесі тең отбасылардың қатары күннен-күнге арта бермек.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»