Қай заманда болмасын, қандай кәсіпті алып қарасақ та қоғам дамуына қосар үлесі зор екенін байқаймыз. Әрқайсысы өзіндік маңызымен, қажеттілігімен ерекшеленетіні рас. Соның ішінде пошта қызметінің де алар орны айырықша.
Алыста жүрген жақынының сағынышқа толы үшбу хатын немесе сүйікті басылымын арқалай жететін пошташыны қуанышпен қарсы алатын шақтар аға буынның есінде әлі де сақтаулы. Ал бүгінгі таңдағы пошташының қызметі де дәл осындай. Тек басқаша сипат алған әрі ұсынатын қызмет түрі де сан алуан. Қазіргі заман талабына сай іс тетігін шешіп жатқан жылдамдық, ыңғайлылық, қолжетімділілік бұл саланың да басты басымдылығына айналған. Дәл осы уақытта пошта қызметі жайында әңгіме қозғауымыз жайдан-жай емес. Оған үлкен себеп – 9 қазан күні дүниежүзі бойынша пошта қызметкерлері атап өтетін кәсіби мерекенің тойлануы болып отыр. Тәуелсіз еліміздің поштасы да бұл үлкен ұйымға мүше болғандықтан кәсіби мереке қазақстандық пошташыларға да ортақ екені рас. Мұның барлығы Қазпоштадағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі деуге толық негіз бар.
Күнделікті халыққа келелі қызмет көрсететін пошташылардың еңбектері орасан. Сәлемдеме, ақпарат, зейнетақы, газет-журнал тарату, түрлі электронды қызметтер — пошта қызметкерлерінің күнделікті атқаратын жұмысы мен міндеті. Бұл тұрғыда аудандық пошта байланыс торабы да қалтқысыз еңбек етуде. Бүгінгі күні екі жүз мыңға жуық халқы бар ауданымызда пошта торабының 32 бөлімшесі халыққа қызмет көрсетіп отыр. Бөлімдердің құрылымдық деңгейіне тоқталар болсақ, 1 – орталық операция залы, 4 – қалалық пошта байланыс бөлімшесі, 19 – ауылдық пошта байланыс бөлімшесі, 1-жылжымалы пошта байланыс бөлімшесі және 3 — төлем қабылдау пункті бар. Олардың ішінде 25 бөлімше автоматтандырылып, «Колвир» компьютерлік бағдарламасына енгізілген. Соның арқасында жұртшылыққа зейнетақы мен жәрдемақыны дер кезінде алуларына мүмкіндік туып отыр. Банк карталары арқылы банкоматтардан ақша алуға болады. Аудандық пошта торабында жалпы саны 126 қызметкер абыроймен еңбек етуде. Тұрғындардың көңілінен шығып, уақтылы және сапалы қызмет көрсету олардың басты міндеттері. Орталық операция залында заманауи электронды кезек түрі енгізілген. Пошта қызметін тұтынушыларға өз кезектерін күтіп отыруға арналған кең залға орындықтар жайғастырылған. Елімізде орын алып жатқан карантинге байланысты барлық санитарлық талаптар сақталып, пошта қызметкерлері мен тұтынушылардың бетперде тағу қарым-қатынас жасауында қатаң қадағаланады. Адам көп шоғырланатын мекеме болған соң арақашықтық сақталып, кіреберіске антисептик қойылып, сулы төсеніштер төселген. Аудандық поштада 7 автокөлік халыққа қызмет көрсетеді. Автокөліктер пошта қызметіне жүгінген тұтынушыларға қажетті тауарларын уақтылы жеткізіп отырады. Сонымен қатар «Kaspi» банктің «kaspi.kz» қосымшасы арқылы қабылдаған тапсырыстарын тұтынушыларға жеткізу қызметтерін жүзеге асырады. Бұл қызмет қазіргі карантин уақытында өте қолайлы әрі жылдамдығымен көптің көңілінен шығып отыр. Жүзеге асып жатқан трансформация бағдарламасының арқасында ауылдағы пошташыдан бастап, топменеджерлерге дейін өзара еркін байланыста. Ұлттық компаниялардың бизнесін трансформациялау – бұл Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Самұрық – Қазына» АҚ-ның құрамына кіретін барлық компаниялардың алдына қойған басымдылыққа ие міндеттерінің бірі. Сондықтан да пошта қызметі осы міндеттерді мінсіз жүзеге асырып, оң нәтиже беруі тиіс-ті. Қазіргі таңда пошта байланыс бөлімшелерінен темір жол билеттерін сатып алуға, лоторея билеттерін ойнауға, әр клиенттің несиесі туралы мәлімет алуына, тапсырыс арқылы кеңсе тауарларын алуға барлық мүмкіндіктер бар. Пошта таратушылардың жұмысын жеңілдету мақсатында оларды жаңа ұялы телефондармен қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттырып отыр.
— Аудандық пошта торабы өткен жылы табыс табу жағынан облыс көлемінде 1 орынды иеленіп, ауқымды сый-құрметке бөленген еді. Ол дегеніміз ұжымдағы қызметкерлердің табандылығы мен еңбекқорлығының, білім мен біліктіліктерінің жоғарылығының арқасында жеткен жетістігіміз,- деген аудандық пошта торабының басшысы Ерболат Сарқұловтың өзі бас заңымыз Конституция күнінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Қазақстан Конституциясына – 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталса, кәсіби мереке қарсаңында Дүниежүзілік пошта күніне арналған медальді кеудесіне тақты. Ұйымшыл ұжымды ұйытып, ісін алға дөңгелетіп отырған басшының тынымсыз еңбегі осылай лайықты бағасын алып жатқаны қуанышты жайт. Осындай марапаттар кез келген жанды жігерлендіріп, жұмысқа деген құлшынысын арттырады емес пе?! Олай болса, қала мен ауылды, елдер мен континенттерді байланыстырып, тілдесуге арналған уақыт пен арақашықтықты қысқартып, қазақстандықтарды пошта және қаржы саласындағы заманауи, қолайлы және сапалы өнімдермен, сервистермен қамтамасыз етіп келе жатқан «Қазпоштаның» барлық қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне жеміс тілейміз!
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»