«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», — дейді қазақ xалқы. Қайырымдылық-адамзат бойындағы ерекше бір қасиет болып саналады. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі.
Осындай игі амалдарға мұрындық болып, көмек көрсетіп отырған жомарт жандардың жақсылығын айтпау айып болар. Алматы облыстық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Әсет Шаяхметовтың қолдауымен, кәсіпкерлер қауымдасығы бірлесе отырып бірталай жандарға көмек қолын созып келеді. Жомарт жандар ауданымыздағы «Досбол» қайырымдылық қорына дербес компьютерді барлық жабдықтарымен сыйға тартып, сауапқа кенелуде. Талғар аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Нұрбек Бақытжанұлы айтулы қордың басшысы Айбол Битуғановқа аманат етілген компьютерді арнайы табыстады.
Айта кетейік «Досбол» қайырымдылық қоры өз жұмысын 2016 жылдан бастаған. Қорда бес адам жұмыс жасап, талай жанның әлеуметтік мәселесін шешуге ат салысуда. Айбол Битуғанов ақсақал зейнет жасына жетсе де, қоғам үшін аянбай еңбек етіп келеді. Қарияның айтуынша берілген компьютерді тұрмыстық әл-ауқаты төмен отбасының балалары пайдаланып, сабақ орындау үшін ақсақалдың үйіне баруы керек. Сонымен қатар ол кісі сабақ оқуына да жәрдемдесетінін жеткізді.
Одан болек көпбалалы отбасынан шыққан, асыраушыларынан айырылған балаларды арнайы демалыс орындарына жіберіп, тұрмыстық жағдайы нашар отбасыларды отын-көмірмен қамтамасыз етуде қордың атқарып отырған еңбегі зор. «Көп түкірсе көл болады» демекші бұның бәрі бір ғана адамның қолындағы іс емес, елдің, ұрпақтың қамын ойлайтын жүректері мейірімге толы жақсы жандардың демеушілігі мен қолдауының арқасында атқарылып отырған жауапкершілігі мол іс.
Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса», – деген халқымыздың игі дәстүрі қазіргі кезде қайырымдылық қоғамдарының іс-тәжірибелерімен жалғастырылып келеді.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»