СЕНБІЛІК
Сәрсенбінің сәтті таңы қаланың тазалық жұмыстарынан басталды. Аудан әкімінің тапсырмасымен қаламызда үш күндік жалпықалалық сенбілік өтті.
Сенбіліктің мақсаты – қаланың шырайын әрлендіру, оны үздік экологиялық таза аймаққа айналдыру, жастарды, тұрғындарды еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу, қаламыздың тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосуға баулу. Атаулы сенбілікке мемлекеттік мекеме басшылары мен қызметкерлері, шағын бизнес өкілдері, ауылдық округ әкімдіктерінің қызметкерлері, жастар ресурстық орталығының жастары, Талғар еріктілері белсене ат салысты.
«Бейнетсіз – рахат жоқ» демекші, қала тұрғындары, көптеген кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері де өздеріне тиесілі аулаларын, ғимарат маңын тазартты. Сонымен қатар қаламызды абаттандыру және санитарлық күтіп ұстау бойынша көшелер мен тротуарларды қоқыстан және тұрмыстық қалдықтардан тазартуға көше тазалайтын трактор, қоқыс таситын жүк көліктері сияқты техникалар жұмылдырылды.
Сенбілікке қатысушылар қажетті мөлшерде құрал-саймандармен қамтамасыз етілді. Қаланың санитарлық жағдайын жақсарту үшін көріктендіру жұмыстарымен қатар қаланың сырт көрінісіне де ерекше көңіл бөлу сияқты ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Аудан әкімінің орынбасары Қайдар Әбдіханов әлеуметтік желі арқылы қала және аудан тұрғындарын әсем қаламызды көріктендіріп, тазалау жұмыстарына атсалысуға шақырды.
Таза ауада таң шуағына бөлене жұмыс жасаған көпшілік жақсы әсер алды. Себебі, сенбілік – бұл ұжымдық рухты, бірегейлікті, психологиялық климатты көтеретін керемет әдіс. Осындай ұжымдық шаралардың адамдарға үлкен әсер беріп, олардың бір-біріне деген сенімдерін ұштай түсері де анық.
«Тазалық – саулық негізі» дейді дана халқымыз. Тазалық жоқ жерде елдің болашағы бұлыңғыр, келешегі күмәнді болары хақ. Көрікті мекеніміздің келбеті тек сәнді де сәулетті ғимараттармен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейтіні белгілі. Күн сайын кемел келешекке құлаш сермеп, көркейіп келе жатқан қаламыздың ажары оның тазалығына да тікелей байланысты. Ал тазалық пен ұқыптылық әрбір адамның туған мекеніне деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Қоршаған орта мен экологиялық тазалық — тұрғындар үшін аса қажетті құндылықтардың бірі. Қоғам үшін пайдасы зор осынау істі әрбір жан азаматтық борышым деп санауы керек.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»