Жанашырлыққа жан риза

Жанашырлыққа жан риза

Адам өміріндегі ең игі істерінің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Ауданымыздағы «Самға-Н» мүгедектердің қоғамдық ұйымының ұстаған бағыты мен мақсат-міндеттері де осы мұқтаж жандарға көмек қолын созу. Кез келген мемлекеттің құндылығы мен ізгілігі балалар мен қарттарға, мүгедектерге деген қарым-қатынасымен айқындалатынын ескерген ұйым мүшелері қам көңіл жандарды қашанда назарынан шығармай, барынша қолдау көрсетіп келеді.

Күні кеше қазанның екінші жексенбісінде Халықаралық мүгедектер күніне орай тағы бір игі шараны қолға алып, өз деңгейінде жүзеге асырды. Қырыққа жуық жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, жарымжан балалардың басын қосып, керемет демалыс ұйымдастырды. Қоғамдық ұйымның жетекшісі Назгүл Рысбаева бір топ волантерлердің көмегімен қам көңіл жандарды ауданымыздың ең көрікті демалыс орындарының бірі – «Ой қарағай – Лесная Сказкаға» алып барды. Онда барлық мерекелік шараның қонақтары аспалы жолмен қыдырып, шегесіз салынған үй мен баспалдақты қызықтап, саф таза ауамен тыныстады. Көркі көз тұндыратын табиғаттың сұлулығын тамашалады. Түскі астың уақытында кең дастархан жайылып, емен-жарқын әңгіме өрбіді. Мереке иелеріне көтеріңкі көңіл сыйлап, демалыстың шырайын келтіру үшін кәсіби асаба Сырым Сәрсеков пен күміс көмей әнші Эльмира Манапқызы барын салды. Тамылжыған әндерін тарту етіп, ырғақты әуендер ойнағанда барша қауымды ортаға шақырып би де билетті. «Жанашырлыққа — жан риза» демекші, жанашыр азаматтардың қамқорлығы мен ыстық ықыласы көңілі қаяу жандардың жанын жадыратып, жүздеріне күлкі үйірді. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен жан жылулығына мұқтаж азаматтарға жанашыр, қамқоршы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу әрбір адамның қолынан келе бермейтін қасиеті. «Самға-Н» қоғамдық ұйымының осындай игілікті істері талай жанның жүрегін жібітіп, жабырқау көңіліне желеу болып, өмірге деген құлшынысын арттырып жүргені рас. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды. Қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық пейілдерін таныту әр жанның азаматтық парызы деп білеміз. Қоғамдық ұйымның жұмысына белсене атсалысып, көңілі жарым жандарға көмек көрсетіп жүрген Дана Есенова, Ахмет Қуаныш, Айзада Елеусізова, Ақниет Абаканова, Елжан Мұса, Қарлығаш Құлжанова есімді еріктілердің де еңбегі ерекше бағаға лайық. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, барша қауымды қамқорлықтарына алып, демалыстың мәнді өтуіне барын салды. Мерекелік дастархан басында құттықтау сөз алған қоғамдық ұйымның жетекшісі Назгүл Рысбаева тағдырдың түрлі сынағына сынбай, қоғамнан өзіндік орындарын алып келе жатқан мүмкіндігі шектеулі жандарды мерекемен құттықтап, әрдайым көмек қолын созуға дайын екендігін жеткізді. Қам көңіл жандарға қызықты демалыс сыйлап, демеушілік жасаған «Ой-Қарағай – Лесная сказка» демалыс орнының бас директоры Ерлік Балфанбаев пен бас маманы Мақсат Игенбаевқа ризашылығын білдіріп, ұйым атынан «Алғыс хатын» табыс етті.
Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар, игі іске ұмтылыс – адамзатқа тән құбылыс. Жыл сайын қазанның екінші жексенбісі күні аталып өтілетін Халықаралық мүгедектер күні көңілі жарым, денсаулығында кемістігі бар жандарға мейірім сыйлауға үндейтін мереке ретінде аталып жүргенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Кейбір деректерге сүйенсек, жер шары тұрғындарының 15 пайызын мүгедектер құрайды екен. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 1992-ші жылғы 47 сессиясында бекіткен бұл мерекесі тумысынан өмірдің азабын тартқан жандарға, олардың проблемасына және құқықтарының қорғалуына қоғамның назарын аудартуға арналған.
Сондықтан да бұл күнді санамызға сіңіріп, қайырлы іске белсене атсалысып, өмірдің азабын тартқан жандарға тағы бір көз қырымызды салып, жанына жебеу болуға тырысайық ағайын!

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»