«Zhas Project» жобасы – жастар мүмкіндігі

«Zhas Project» жобасы – жастар мүмкіндігі

Елімізде әлеуметтік саясатты жүргізу мақсатында ауқымды жобалар атқарылуда. Соның бірі жастарға, әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған ел тұрғындарын қолдауға бағытталған – «Zhas Project» жобасы.

Бұл жоба жастарға арналған бірегей бағдарлама. Жоба шеңберінде жастарға өз кәсіби және көшбасшылық дағдыларын жетілдіруге, оған қоса халыққа пайдалы әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріледі.
Бағдарлама биылғы жылы да жалғасын тауып, көптеген аудан, ауыл жастарының кәсіп бастауына мұрындық болды.
Жуырда Талғар ауданының әкімдігі мен «Алматы облысының жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік меке­ме­сінің филиалы Талғар аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті.
Айтулы жоба Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен 2017 жылдан бастап Қарағанды, Алматы, Түркістан және Павлодар облыстарынан басталған болатын. 2018 жылы жоба Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асырылса, 2019 жылы Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары және Астана мен Алматы қалаларында жалғасын тапты. Биылғы жылы Қарағанды және Алматы облыстарының жастарына үлкен мүмкіндік туып отыр.
Жобаның мақсаты – жастардың қоғамдағы орнын табуына көмектесу, белсенділігін арттырып, пайдалы қызметтерге тарту арқылы жұмыссыз жастардың санын азайту. Жобаға тартылған жастар бүгінде өз кәсіптерін бастап, еңбектерінің жемісін көріп отыр.
«Zhas Project»-тің ең тиімді тұсы — әр жобаға миллион теңгеден қайтарымсыз қаражат беріледі. Жұмыссыз, жоғарғы оқу орындарына ілінбей қалған және жұмыс істейтін, бірақ табысы төмен адамдарға басымдық бере отырып, гранттық бағдарламаға 14 пен 29 жас аралығындағы жастар тартылған. Айтулы әлеуметтік маңызы бар бір жобаны 3-5 адам бірігіп дайындап, нарыққа шығару міндеттелген. Үш кезеңнен тұратын іріктеуден өткендер 1 миллион теңгеге ие болып, бес ай бойы өз жобаларын жүзеге асырады. Осы уақыт ішінде жоғары оқу орнын бітірген әр қатысушыға ай сайын 60 мың, басқаларына 40 мыңнан шәкіртақы төленеді. Жеңімпаздар бөлінген қаражатқа керекті құрал-жабдықтар сатып алып, өз жобасы бойынша халыққа жарты жыл тегін қызмет көрсетеді. Алты айдан кейін қатысушылар құрал-жабдықтарды өз иелігіне тегін алып, кәсіптерін жалғастырулары тиіс.
«Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасы бойынша Алматы облысынан 155 жобамен 500 команда қатысып, Талғар ауданынан 11 жоба жеңімпаз атанды.
Атап айтар болсақ, Талғар қаласынан «Балаларға арналған гимнастикалық би үйірмесі» – көпбалалы отбасылардың балалары, мүгедек жастар тегін қатысады.
«Балалардың ой-өрісін дамытуға арналған ағаштан жасалатын өнімдер шеберханасы» – мүмкіндігі шектеулі жандарға өз өнімдерін тегін ұсынады.
«Тоқыма шеберханасы» – аудандық орталық ауруханадағы перзентханада шала туған 50 нәрестеге арналған киім кешек тоқып таратады.
«АлиСан Текстиль» — Бесағаш аулының көпбалалы 70 отбасындағы балаларға киім тігіп таратады.
«Бірлік тәттілері» — Бірлік аулындағы тұрмыстық жағдайы төмен 80 отбасыға тегін нан өнімдерін таратады.
«Zhastar textile» — тігін шеберханасы Алатау ауылдық округінің әлеуметтік осал топтарына арнап 70 жатын орын жабдықтарын тігіп, тегін ұсынады.
«Интеллектуалды үстел ойындары» – Талғар қаласындағы мүмкіндігі шектеулі 7-27 жас аралығындағы жастарға тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойындарын тегін үйретеді.
«Даяна тәттілері» – наубайханасы Талғар қаласындағы аз қамтылған және көпбалалы 85 отбасына тегін нан өнімдерін таратады.
«Әуе астындағы кинотеатр» – жобасы Талғар ауданының ауылдық округтерінде жылжымалы кинотеатр ұйымдастырып, әлеуметтік топтағы санаттарға жататын жандарға тегін тамашалауға мүмкіндік береді.
«КОНДОР» шаштаразы — Кеңдала ауылының аз қамтылған тұрғындарына және қамкөңіл 80 балаға ақысыз шаш қию қызметін ұсынады.
Республика көлемінде бастау алған бұл жоба бойынша аудан атынан сынға түскен командаларға Елена Кеңесова мен Замира Қалымбетова жетекшілік еттіп келді. Ауданымыздың абыройын асқақтатып, топ жарып шыққан жеңімпаз топ мүшелерін аудан әкімі Серікжан Қазиұлы арнайы құттықтап, алғыс хаттар табыстады. Әр топтың жеке жұмыстарымен танысып, алдағы істеріне сәттілік тіледі.
Қорыта айтқанда, Мемлекеттің тұ­рақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жас буын, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі — жастар секторы. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, білімге, жаңашылдыққа ұмтылған жастарға жағдай жасап, бағыт-бағдар көрсетіп отырған жоба жетекшілері мен жастарымыздың жолдары әрқашан ашық болсын деп тілейміз.

 

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»