Құжатсыз архив жоқ, архивсіз тарих жоқ, тарихсыз халық жоқ

Құжатсыз архив жоқ, архивсіз тарих жоқ, тарихсыз халық жоқ

АРХИВ — 25 ЖЫЛ

Ел тарихындағы құнды жазба деректерді жинастырып сақтау ісіне әуелгі замандардан бері мемлекеттік деңгейде мән беріліп келеді. Өңіріміздің өткен тарихын көз алдымызға келтіріп, болашаққа қызмет жасайтын мекеме ол – архив. Архивтің ел өмірінде алар орны ерекше. Архив – адамның, қоғамның және мемлекеттің басқару қызметінің сенімді серігі, керек деректі дер кезінде жинақтап, ақпаратты сақтаушы, жеткізуші мекеме. Құжатсыз архив жоқ, архивсіз тарих жоқ, тарихсыз халық жоқ.

Еліміз өз тәуелсіздігінің отыз жылына таяп қалған шақта қарыштай қанат жайып, биік белестерге жетті. Әлемдегі дамыған елдермен терезесін тең ұстап, өзінің татулық-бірлігімен экономикасын, мәдениетін дамытты, әлеуетін арттырды. Ұлттық құндылықтарын қайта жаңғыртып, барша әлемге танытты. Қандай саланы алып қарасақ та жаңа заманға сай өрлеу, жаңару, өсуді байқауға болады. Солардың қатарында мұрағаттар саласының да өзіндік өзгерісі, ел тарихының қойнауын құнды құжаттарға толтырып отырған үлесі бар. Биыл аудандық архивтің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осы орайда «Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Талғар филиалының басшысы Күлипа Отарбаевамен сұхбаттасқан едік.  

– Күлипа Жұмабекқызы, ширек ғасыр жасап жатқан аудан архивінің тарихына тоқталып өтсеңіз? Бүгінгі күнге дейін қанша қор жинақталды?
– Өткені жоқ ел, тарихы жоқ халық болмайды. Тарих қойнауына тереңдеп енген әрбір ғасырдың, әрбір кезеңнің өзіндік маңызы мен ерекшеліктері, айқындалатын айтулы оқиғалары, жылнамалары бар. Осы ретте архив ісіне жүктелетін жауапкершілік орасан деп ойлаймын. Архивтерде ел тарихының әр кезеңдегі тарихи оқиғалары, қоғамның саяси-әлеуметтік, экономикалық бағыттары жөніндегі құнды құжаттары, белгілі тұлғалардың өмірі мен қызметіне қатысты жәдігерлер сақталады. Сондықтан да мекемелер мен кәсіпорындарда, оқу орындарында іс қағаздарын жүргізгенде ұқыпты, дәлелді, мазмұнды жазып мұрағат қойнауына береді. Еліміз тәуелсіздік алғалы мұрағат ісінде де біршама жаңалықтар енгізілуде. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 22-желтоқсандағы «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Заңы және «Мұрағат» жөніндегі түсінік бекітілді. 2016 жылдан «Мұрағат» «Архив» болып өзгертілді. Онда мемлекеттік архивтердің атқаратын негізгі қызметтері мен міндеттері айқындалған еді. Облыстық мемлекеттік архивтер және олардың филиалдары, тиісті ережелер мен талаптарға сәйкес өз жұмыстарын атқаруда. «Алматы облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Талғар аудандық филиалы 1995 жылы 17 қазанда Талғар ауданы әкімінің № 1-12 шешімімен Талғар аудандық мұрағаты болып құрылған болатын. 1997 жылдың 25 тамызында «Алматы облысының мемлекеттік архивінің Талғар филиалы», ал сол жылдың 12 қарашасында «Алматы облысының мемлекеттік мұрағаты» мемлекеттік мекемесінің Талғар филиалы» болып ауыстырылған еді. 2013 жылы 21 тамызда аталмыш мекеме атауына тағы да өзгеріс енгізіліп, «Алматы облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Алматы облысының мемлекеттік мұрағаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Талғар филиалы деп аталды. 2016 жылдың 22 маусымында «Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Алматы облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Талғар филиалы болып атаулары бірнеше мәрте өзгертілді.
Аудандық архивтің құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Осы уақыттар арасында архив қалалық, аудандық, ауылдық әкімшіліктерден, аудан мен қаланың мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарынан мемлекеттік сақтауға 122 қор, 1932-2019 жылдардағы 40 000-нан астам сақтау бірлігін жинақтады.
– Архивтің негізгі қызметі ҚР Ұлттық архив қорын толықтыру, қоғам мен мемлекеттің қажеттіліктерін қанағаттандыру, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін жүзеге асыруға бағытталған жұмыстарды кешенді жүргізу екенін білеміз. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін қандай қызметтер атқарылып жатыр?
– Біріншіден архивистер ҚР Ұлттық архив қоры құжаттарын және басқа архивтік құжаттарды белгіленген тәртіпте сақтауға алуға іріктеу және қабылдау жүргізеді. Сонымен қатар филиалға архивтік құжаттарды жинақтап, филиалда сақтауда жатқан құжаттардың мемлекеттік есебін жүргіземіз. Сақтауға алынған құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, сақтауда жатқан құжаттардың іс жүзінде пайдалануын ұйымдастыру да біздің міндетіміз. Жеке және заңды тұлғалардан түскен әлеуметтік-құқықтық сұраныстарды орындап, белгіленген тәртіпте құжаттардың көшірмелері мен архивтік анықтамаларды беретін де біздің мекеме. Құжаттарды сақтаудың оңтайлы жағдайын жасау және олардың физикалық сақталуын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жүргізіп, архив құжаттарына, құжаттардың құрамы мен мазмұны туралы архивтік анықтамаларға ғылыми-анықтамалық аппарат құру және оны жетілдіру, белгіленген тәртіпте сақтауға түскен құжаттардың құндылықтарына сараптау жүргізу, мемлекеттік сақтауға жататын архивтік құжаттардың, айрықша құнды және бірегей құжаттардың сақтандыру көшірмелерін физикалық, санитарлық-гигиеналық, техникалық жағдайын тексеру, сондай-ақ жинақтап есепке алу ісі де, мекемелердің іс жүргізушілік, архивтік және сараптамалық қызметіне әдістемелік көмек көрсету, архив құжаттарындағы ақпаратты анықтау және құжаттарды басып шығару, көрме ұйымдастыру, теледидар мүмкіндіктері арқылы архивтік құжаттарындағы ақпараттарды пайдалану жұмыстарын жасаймыз.
– Құнды құжаттарды болашақ ұрпаққа аманат ету міндеті архивистерге сеніп тапсырылған. «Іс тетігін білікті маман шешеді» десек маман мәселесін қалай шешіп жатырсыз?
– Архив ісі білмейтін адамға қарапайым секілді көрінгенімен, архив қорын тиісті құжаттармен толықтыру, ол құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, мемлекет мүддесі үшін пайдалану, әр саланың дербес деректік базасын жасау оңай шаруа емес. Оның бәрі білікті архивистерге байланысты. Барлық сала цифрландырылып, көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға назар аударылып жатқан уақытта архив ісі мамандарының алдына да жаңа міндеттер жүктелді. Сол үшін кез келген архивист кәсіби деңгейі жоғары, ақпараттық технологиядан қалыспағаны дұрыс. Ұжымымда он екі қызметкер еңбек етіп келеді. Олардың алтауы архивистер. Бүгінде елімізде архивистерді дайындайтын оқу орыны жоқтың қасы. Содан да үнемі маман тапшылығын сезінудеміз. Жұмысқа қабылданған архивистерді ұдайы оқытып, біліктілігін арттырып отырамыз.
– Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ерекше назар аударылған «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасы аясында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы Қазақстанның бай тарихын кеңінен танытып, насихаттауға бағытталған. Еліміздің тарихын одан әрі зерттеу және архив саласын кешенді дамыту мақсатында «Архив – 2025» жобасы ұсынылды. Бұл, тарихымызды түгендеуге мол мүмкіндік береді. «Архив – 2025» жеті жылдық жобасын іске асыру ғалымдарға, тарихшыларға, архивтерге жүтелген үлкен жауапкершілік. Деректерді тек жинап қоймай, барлық жұртшылыққа қолжетімді болу үшін оларды белсенді түрде цифрлы форматқа көшіру қажет. Ол үшін біз жаңа заманға сай түрлі құрал-жабдықтарға тапсырыс бердік. Өтініш-тілегіміз облыстық басқарма тарапынан қолдау тауып, келесі жылы қажетті түрлі сканерлермен қамтамасыз етілетін боламыз. Содан кейін ғана архивтағы мәліметтерді толықтай цифрландырып, көптеген жоспарларды жүзеге асырамыз деп айта аламын.
– Күлипа Жұмабекқызы, Сіз енді «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында атқарылған шаруаларға тоқтала кетсеңіз?
– Қазіргі таңда архив саласы бойынша да Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы № 827 қаулысымен бекітілген “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. «Алматы облысының мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасы» ММ-нің «Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Талғар филиалына мемлекеттік сақтауға өткізілген қорлардан «Ақпаратты Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасына байланысты «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесін құру жұмыстары нәтижелі жүргізілуде. Сонымен қатар қор карточкалары мен қор парақтарының да электрондық нұсқасы жасалынған. 2018 жылдың маусым айынан бастап жеке жəне заңды тұлғалардың өкілдерінен түсетін сұраныстар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жəне «www.egov.kz» «электрондық үкiмет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылуда. 2018 жылы «Алматы облысының мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысымен «Архив шежіресі», «Архивтер сөйлейді», «Тарихи тұлғалар», «Электронды архив» жобалары бекітілген еді. Аталмыш жобалар аясында филиалға мемлекеттік сақтауға өткізілген құжаттарды насихаттау барысында көптеген жұмыстар жоспарлы түрде іске асуда.
– Сөз соңында аудандық архивтың жетістіктері туралы айтсақ?
– Ең басты жетістігіміз архивке тиеселі ғимаратқа қол жеткізгендігіміз дер едім. Өйткені, архив 1995 жылы құрылғаннан бастап «Казгеокарт», «Казгеодезия» республикалық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорнының 4 қабатты ғимаратының жер төлесін, жалпы көлемі — 346,8 шаршы метр алаңын жалға алып отырған еді. 23 жылдан кейін, яғни 2018 жылы Талғар филиалы жаңа ғимаратқа ие болды. Оған облыс әкімінің халық құндылығына деген жанашырлығының арқасында қол жеткіздік. 2018 жылдың 20 сәуірінде филиал салтанатты ашылып, архив сонда көшірілген болатын. Қазіргі күні жаңа ғимаратта 1 жұмыс кабинеті, 1 оқу залы, 3 архив қоймалары бар. Барлық қажетті техникамен жабдықталып, архивистердің алаңсыз жұмыс жасауына бар жағдай жасалған деуге болады.
– Сұхбатыңызға көп рахмет!
Иә, білікті басшы Күлипа Отарбаева басқарып отырған архивтің бүгінгі жайы осындай. Архив ісін жете меңгерген Күлипа Жұмабекқызы осы мекемеге 2008 жылы архивист болып жұмысқа қабылданған еді. 2009 жылы бас маман болып еңбек етсе, 2010 жылдан осы таңға дейін филиал директоры қызметін атқарып келеді. Архивтің алғашқы басшылары Людмила Алексеева мен Зауре Айтакбаевалардың салған ізін жалғастырып, архив ісін жандандырып, биік белестерге көтерді. Өз ісіне деген тиянақтылығы мен біліктілігінің арқасында 2011 жылы облыс көлемінде өткен байқауға қатысып «Үздік филиал» атанса, 2016 жылы өзі «Үздік филиал директоры» атты сайыста белсенділік танытып, кәсіби біліктілігін көрсетіп, жүлделі I орынды иеленді. ҚР «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» төрайымының «Құрмет белгісі» төс белгісін кеудесіне қадап, ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігінің ақпарат және архив комитеті төрағасының, ҚР Президентінің архиві директорының, Алматы облысының әкімінің, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының, Алматы облысының мемлекеттік архиві бас директорының, Алматы облысы «Нұр Отан» партиясы төрағасының «Құрмет грамоталармен» және де Талғар ауданы әкімінің «Алғыс хаттарымен марапатталған. Осындай абырой мен беделге архив басшысы ұйымшыл ұжымының тындырымды тірлігі мен біліктігінің арқасында қол жеткізгенін айтады. Ендеше, айрандай ұйыған аудандық архив ұжымын мерейлі мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне табыс тілейміз біз де.

 

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»