ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі Facebook парақшасында: «Әрбір білім бөлімінің немесе білім басқармасының басшысы туындаған мәселелерді өз деңгейінде уақтылы және сапалы шешуі қажет. Өңірдегі салаға қатысты барлық жағдайдан хабардар болып, халықтың сұрағына дер кезінде жауап беруі тиіс. Сондықтан басшылардың барлығына өз WhatsApp нөмірлерін жариялап, түскен сұрақтар мен туындаған мәселелер бойынша шешімдерді шұғыл қабылдау тапсырылды», – деген жазба жариялады.
Астана және Алматы қаласы, сондай-ақ барлық облыстық білім басқармалары басшыларының толық аты-жөні мен байланыс нөмірлерін ашық көрсетті. Бұл – ел ішіндегі білім саласына қатысты мәселелерді қолма-қол анықтап, дереу қолға алу мақсатында қабылданған құптарлық және дер кезінде қабылданған керек шешім болды. Министрдің ел ішіндегі қордаланған мәселені халықпен тығыз қарым-қатынас жасай отырып шешуге деген талпынысы екені де даусыз. Өйткені осы күнге дейін атқарылып жатқан игі істердің барлығына қарамастан, аталмыш салаға қатысты мәселе шаш етектен. Сол үшін алдағы уақытта тек облыстық білім басқармаларының басшылары ғана емес, өз кезегінде аудандық білім бөлімі жетекшілерінің де елмен етене байланыс жасайтын телефон нөмірлері толыққанды қызметке қосылуы керек деп есептейміз. Халықпен тікелей байланыс жасаудың маңыздылығы – шенеуніктердің қордаланған мәселені өз құлақтарымен естіп, өз көздерімен көріп, шұғыл шешімдер шығарып, нәтижелі жұмыс істеу екенін жете түсінген Білім министрінің бұл қадамын қолдай отырып, ел ішіндегі бастан өткен, қазір орын алып, кем-кетігі толмай отырған маңызды мәселелерді айтпақпыз.
Сонымен ел жауырды жаба тоқып, аурудың азабын тартып, зор қиындық көріп жүргенде, ел ішін алатайдай бүлдірген аты жаман кеселдің кесірі білім саласына да орасан зор қиындық туғызғаны ақиқат. Сол уақытта қайраңда қалған қайықтың күйін кешкен бір сала болса, ол – білім саласы екенін бәріміз білеміз… «Басқа түскен баспақшыл» ғой, қолда бар мүмкіндіктерді пайлаланып, Zoom-мен оқымақ болдық, болмады. Мұғалім мен бала ол бағдарламада жоспарлы сабағын толық оқымақ түгілі, бір-бірін таппай қалды. WhatsApp-қа көштік, ол да жоқтан гөрі жоғары болып жатыр. Сабақтың басында жылт етіп көрінген баланың аяғына дейін қатысып отырғанына да еш кепілдік жоқ. Қасында бақылап отырған ата-анасы барлар мұғалімнің айтқанын уақытында орындап, тыңдап отырғанымен, жалғыз отырған, әсіресе бастауыш сынып оқушысының сабақты толық меңгере алмай жүргені де рас. «Padlet», «bilimland», «mektep onlinе», «daryn onlinе» сайттары өз қызметтерін ұсынып отырғанымен, оларды да барлық мұғалім мен оқушының қолдану мүмкіндігі шектеулі. Себебі, көбіне интернеттің қолжетімсіздігі қолбайлау болса, кейбірінің қолындағы ескі компьютері мен смартфоны аталмыш бағдарламалармен жұмыс істеуге қауқарсыз. Жалпы әртүрлі платформаларда сан түрлі сынақтан өтіп, тәжірибе жасалғанымен, олардың ешқайсысының біздің елдің қашықтан оқу жүйесінде тиімділігі байқалып отырған жоқ. Сондықтан министрліктің алдында Қазақстанның білім беру жүйесін толық игере алатын жеке оқу платформасын жасап шығу мәселесі тұрғаны анық. Олай болмаған күнде алда қандай уақыттардың боларын болжай алмаймыз, сондықтан күңкілдеп қойып, күнделікті күйбіңнің арасында хабарлама мен WhatsApp-тың аудиожазбасынан аса алмай әлі қанша жүретінімізді кесіп айтудың өзі қиын.
«Балаң бала болсын десең — оқыт, мал аяма» деген Абай сөзіне сүйенген ата-ана балаларының ертеңі үшін деп планшет пен смартфонды, ноутбук пен нетбукты жапатармағай қарызданып-қауғаланып алуын алды. Бірақ баласының қажетіне жарайды деп алған дүниесін керегінше пайдалана алмай отыр. Оған алыстан дәлел іздеудің керегі жоқ, әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз шатыр да, төбе-төбенің басында, Wi-fi-ы бардың қасында телефонын ұстап, кітабын құшақтап байланысы бар жерді шарқ ұрып іздеп жүрген бала-шағаның суреттері толып тұр. Бала оқытып отырған ата-ана болғандықтан ондай жағдайлар өз басымыздан да өтіп жатыр. Дәстүрлі оқудағы жыл сайын жасала беретін керегі бары бар, жоғы бар, түсінікті-түсініксізі тағы бар өзгерістерге еті үйренген ел бұл жолы да «Құдай салды – құл көндінің» кебін киіп шыға келді. Қаптаған мәселемен бетпе-бет қалған жұрт жыпылықтап министрлікке қарады, министрлік үкіметке, үкімет елге қарады. Сонымен әупірімдеп жүріп көrтемгі карантинді еңсердік, ептеп есіміз бір бар, бір жоқ жүріп жазды өткіздік те, күзде тағы күлді көмештің күйін кешудеміз. Қашықтан оқудың сынаққа толы бір кезеңінен өтсек те интернетке қатысты мәселенің басы ашық күйде қалып тұр. Бұл білім министрлігінің ғана емес, үкіметтік деңгейде қолға алынып, шара қолданылуға тиісті және кезек күттірмей шешімін табуы керек мәселе екені бесенеден белгілі. Бірақ қай кезде де айтуын айтқанмен, соңы сиырқұймышақтанып кететін әдет бойынша оқу процесі басталғанына айға жуық уақыт өтсе де сабақ оқымақ түгілі, бар смартфонымен байланыс жасай алмай отырған елдімекендер мен ауылдар баршылық. Төмендегі ақпарға көз жүгіртсеңіз мұндай жағдай елімізде мыңдап саналатынын көресіз.
Осыдан бір жылдай бұрын (28.10.2019 ж.) Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев; «Қазіргі кезде елімізде 117 қала мен 3324 ауылда кең жолақты интернет қолжетімді. 2018 жылы Қазақстан әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-орынға ие болды. Қазақстанда интернет пайдаланушылар саны 2018 жылы 81,3%-ды құрады және әлемдік рейтингте 45-ші орынға ие болды. 2019 жылдың аяғына дейін 685 ауыл интернет желісіне қосылады, ал 2020 жылы қалған 509 ауылды қосу жоспарланған. LTE, яғни 4G стандартындағы мобильді желілерді 2020-2022 жылдарда 3143 ауылға: 2020 жылдың аяғына дейін тұрғындар саны 250-ден асатын 880 ауыл, 50-ден жоғары 885 ауыл интернет желісіне қосылмақ. Жалпы, 2020 жылдың соңына дейін 5089 ауыл мен елдімекен интернет желісіне қосылады» деген ақпар берді. Ал биыл қыркүйектің 2-сінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Батырбекұлы Мусин тағайындалғанын ескерсек, алда тағы да атқарылар іске қатысты көптеген өзгерістердің болуы бек мүмкін, оны өздеріңіз де біліп отырған боларсыздар.
Алайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Яр Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында (27.08.2020 ж.): «Қазіргі уақытта кең жолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ететін желілер 6459 елдімекеннің 4646-сында салынған. Қазір интернетпен қамтылмаған 883 ауыл қалды. Талшықты-оптикалық байланыс желісі технологиясы бойынша кең жолақты қолжетімділікпен қамту» жобасы бойынша осы жылдың соңына дейін 1257 ауылдағы 3718 мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымдар қамтамасыз етіледі» деген ақпар айтқан. Біздің айтпағымыз, әлі күнге дейін интернетсіз отырған ауыл мен шалғай елдімекендердің қашықтан оқу барысында бас ауруына айналған басты мәселелері болғандықтан, жоғарыдағы цифрлар мен ақпарлардың айырмашылығы мен дәлдігін саралауды, көзқарақты оқырман, сізге қалдырдық.
Біреу білер, біреу білмес, «Білім беруді дамытудың 2020-2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы: оқу бағдарламаларын жаңарту, ғылымды қолдау және электронды ҰБТ» деген бағдарлама қабылданып, ол ҚР үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсанындағы № 988 қаулысымен бекітілген. Онда ғылым мен білімге барынша қолдаудың жасалып, мұғалімдердің барлық мәселелері оңтайлы шешілетіні туралы айтыла келе, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту мақсатында кешенді шаралардың қолға алынатыны сөз болған. Мәселен, «шағын мектептерді білікті педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету, еңбекақы төлеу жүйесі өзгерту, ауыл мектептерін оқу материалдарымен және цифрлық құрылғылармен толық қамтамасыз ету көзделген. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 150 млрд. теңге қарастырылған. Болжам бойынша 2025 жылға қарай орындар тапшылығы 500 орынды құрайды. Бұл мәселені шешу үшін мектептер мемлекет пен жеке сектордың есебінен салынады. Атап айтқанда мемлекеттік бюджет және жеке инвесторлар тарту есебінен 650 мыңнан астам орынға арналған 800 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Бұл үшін 876 млрд. теңге бөлінеді. Сонымен қатар ауыл мектептерін қолдау бойынша «Ауыл – бесігі» бағдарламасы аясында ауылдық тірек мектептер үшін 114 интернат құрылысына 53 млрд. теңге бөлу жоспарлануда. Жаңа бағдарлама аясында барлық мектептерді заманауи физика, химия, биология, STEAM пәндік сыныптарымен қамтамасыз етуге 100 млрд. теңге бөлінеді, ал пәндік кабинеттерді компьютерлермен 100% қамтуға 50 млрд теңге бөлінеді. «Жас маман» жобасы аясында 180 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылады, оған 58 млрд. теңге қарастырылған» делінген.
Ал енді ауданымыздағы ахуалға көз жүгіртіп көрейік. Қ.А.Садвакасова басқарып отырған «Талғар ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2020-2021 оқу жылындағы оқу процесін ұйымдастыру туралы мәліметіне жүгінсек, биылғы оқу жылында Талғар ауданының 42 мектебінде 44798 оқушы білім алуда. Соның ішінде 5687 отбасының 9268 баласы көмекке мұқтаж санаттарға жатады (жетім балалар – 108, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған – 71, аз қамтылған отбасылардан – 2525, көп балалы отбасылардан – 6406, ерекше білім беру қажеттіліктерімен – 158). 1 сыныпқа 5044 оқушы қабылданды. 11261 оқушының жеке компьютері бар, 3511 оқушыға мектептер қорынан компьютерлер берілді. Республикалық бюджет есебінен 9268 оқушы компьютермен қамтамасыз етіледі. Ол үшін облыстық білім басқармасына арнайы сұраныс берілді. 2723,4 млн.теңгеге 1723 ноутбук сатып алынып, бүгінгі күнде 68 ноутбук мектептерге таратылды. Бірінші кезекте жетім, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар қамтамасыз етілуде. 4185 (10%) оқушыда интернет желісі бар, ал 10496 (24%) оқушы интернет желісіне қол жетімсіз жағдайда қалып отыр. Қалған 30117 (66%) оқушының интернеті жоқтан жоғары деңгейде ғана.
Талғар ауданына қарасты мектептерде барлығы 3940 мұғалім қызмет атқарады. Оның ішінде 3784 мұғалімнің интернет желісінде қашықтан оқытуға мүмкіндігі бар болса, 156 мұғалім интернетке қол жеткізе алмай отыр. Алайда бүгінгі күні «daryn onlinе» платформасы арқылы 5 мектептің 5338 оқушыcы, «bilim land» платформасы арқылы 37 мектептің 39460 оқушысы қажетті деңгейде білім алуда. Аудан бойынша 43376 оқушы қашықтан оқиды. Оның ішінде интернет арқылы 22924 оқушы, теледидар арқылы 21874 оқушы білім алуда. Ал аудан бойынша жұмыс істеп жатқан 117 кезекші сыныпта 1-4 сыныптардың 1422 оқушысы 17 мектепте (Талғар қаласынан №2, 3, 4, 5, 6, 7, 49 мектептерде, Тұздыбастау аулының №13, 31 мектептерінде, Панфилов аулының №17, 33 мектептерінде, Бесқайнар аулының №20, Еркін аулының №26, Кеңдала аулының №42, Қызылту аулының №24, Төңкеріс аулының №23, Белбұлақ аулының №32 мектептерінде) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып оқытылып жатыр. Оның ішінде: 1 сыныпта 88 кезекші топ, оқушы саны – 1072, 2 сыныпта 10 топ, оқушы саны – 116, 3 сыныпта 10 топ, оқушы саны – 125, 4 сыныпта 9 топ, оқушы саны — 109. 95 бастауыш мұғалімі сабақ беретін кезекші сыныптардың 76 тобында 901 оқушы қазақ тілінде оқытылатын болса, орыс тілінде 40 топ жұмыс істеп, онда 512 оқушы, ұйғыр тілінде 1 топта 9 оқушы оқытылып отыр. Осы аталған мектептердің барлығы арнайы залалсыздандыру туннельдерімен, тепловизорлармен, кварцтық шамдармен, дезинфекциялық және санитарлық құралдармен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда басқа мектептерді де қамтамасыз ету қарастырылуда.
Талғар ауданындағы 42 мектептің барлығы интернетпен қамтамасыз етілген. Интернеттен үнемделген қаржыға 2020 жылдың наурызынан 31 желтоқсанына дейін «Цайфуджи» компаниясымен келісім-шарт жасалған. Бұл компанияның құрылғылары 24 мектепте орнатылған. Интернет жылдамдығын күшейту үшін қосымша 84 модем, 8 радио көпір, 8 теледидар орнатылған.
«Қазақтелеком» акционерлік қоғамына елдімекендердегі интернет жылдамдығын арттыру, жаңа құрылыс аудандарында, саяжайларда интернет желісін жүргізу, сондай-ақ ұялы байланыс операторларының антенналарын орнатуға сұраныстар берілді. Нәтижесінде, Талғар ауданының 37 елдімекенінде Altel, Beeline, Tele-2, Kcell компанияларының антенналары орнатылуда (Алатау ауылдық округі — 6, Бесқайнар ауылдық округі — 2, Белбұлақ ауылдық округі — 3, Бесағаш ауылдық округі — 2, Тұздыбастау ауылдық округі — 1, Қайнар ауылдық округі — 8, Гүлдала ауылдық округі — 2, Панфилов ауылдық округі — 6, Кеңдала ауылдық округі — 3, Нұра ауылдық округі — 4 ауыл).
Оқулыққа қатысты айтарлықтай мәселе жоқ, 1310 баспамен 310,4 млн.теңге сомасында келісімдер жасалып, 188 211 оқулық жеткізілді (100%). Олардың барлығы оқушыларға таратылды. «Мектепке жол» акциясы бойынша 82 оқушыға әкім аппаратының қызметкерлері көмек беріп, бүгінгі күні акция аясында 10 нетбук, 1 ноутбук, 1 компьютер, 23 телефон (22 жаңа, 1 қолданылған), 3 смартфон, 1 теледидар, 40 тариф беріліп, 1 телефон жөнделіп берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Барлық мәселелерге байланысты мәліметтер қоры қалыптасып, тиісті құзырлы мекемелерге ұсынылды. Ата-аналармен Call-орталықтар арқылы байланыс орнатылған.
Қарап отырсақ, қаражат бөлуден кенде, дамудан кенже қалып, қол қусырып қарап отырған жайымыз жоқ, былай қарағанда бәрі керемет сияқты. Бірақ қаражат бар, бағдарлама көп болғанымен, іс жүзінде нақты нәтижеге келгенде көңіл көншітерлік мардымды дүние аз. Шынын айтқанда, дәл қазір қашықтан оқуда «шыңыраудан шырға тартып», жоқтан бар жасап отырғанымыз жасырын емес.
Бірақ халыққа қай салада болмасын кімнің қашан, қайда арнап қанша миллиондар мен миллиардтарды бөлгені, оны кімдердің үптеп кеткені жайлы өтірік-шынды ақпарлардың қажеті шамалы екенін ескерсек, жұрт сол бөлінген қаражаттардың игерілгеннен кейінгі игілікке жарайтын нақты нәтижесіне о бастан зәру. Осыған орай өзгелерді жамандамақ ниетіміз жоқ, бірақ бұл мақсатта қазіргі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың нық қадамдар жасап, шұғыл шешімдер шығарып, нақты істерді қолға алуы нәтижесінде айтарлықтай өзгерістердің көріне бастағанын айта кетпеске болмайды. Қазіргі ахуалға байланысты білім саласында қашықтан оқудың машақатын көріп, жетпейтін оқулықтың мехнатын тартып отырсақ, ол кеше келген Білім министрі А.Аймағамбетовтың ғана кінәсі емес. Онда үкімет пен осыған дейін сан мәрте ауысқан министрлердің барлығының «үлесі» бар екенін ашық айтуымыз керек. Себебі, қай салада болмасын шетелдік көшірме бағдарламаларға «әуеспіз», әдемі ұрандарға толы уәделер мен ғажайып бағдарламалар қабылдағышпыз, бірақ солардың бәрі бірдей аяғына жетпей желкесі қиылып, толық орындалып бітпей жатып «шала бауыздалып» жарты жолда қала беретіні өкінішті. Өйткені кез келген басшы ауысқан кезде нәтиже бере бастаған жобаларды дереу қысқартып, атын шығарып, атағын өсіру үшін өзінің жеке бағдарламысымен келеді де, елдің еті алдыңғысына енді үйрене бергенде тағы да «бастан салып қалады». Өкінішке қарай, бұл жуық арада тоқтайтын үрдіс деп тағы айта алмаймыз. Министрді кезекпе-кезек ауыстыра бергеннен гөрі, жамырай айтылса да жалпылама жауаптың көлеңкесінде қала беретін қордаланған мәселелерді шешудің нақты жолдарын қарастырған абзал. Әсіресе білім министрлігіне қатысты мәселеде барынша абай болып, басшылығында болсын, қабылданып жатқан бағдарламаларында болсын тұрақтылықты қамтамасыз ету керек деген ойдамыз. Сондықтан қай салада болмасын білікті мамандар мен сауатты басшылардың толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік беріліп, кедергі келтірілмеуі керек. Қысқасы, Білім министрі тұрақты болмай, білім саласы тұралауын қоймайды…
Жанбота Сұлтанмұратқызы,
тілші