Актив отырысында келелі міндеттер жүктелді

Актив отырысында келелі міндеттер жүктелді

Күні кеше ауданымызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдаған жаңа Жолдауын насихаттау мақсатында аудандық актив жиыны өтті. Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы жүргізіп, жиынға аудан әкімі Серікжан Ерекешев, аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл әкімдері, бірқатар бөлім, мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, білім беру мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, қоғамдық бірлестік жетекшілері мен жастар қатысып отырды.

Жиынды ашқан аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы аудан жұртшылығының аталмыш Жолдауды үлкен ықыласпен тыңдап, қабыл алғанын, баршамыздың алдымызда тұрған ендігі міндет – Президенттің алға қойған тапсырмаларын жүзеге асыру екенін айтты. Содан кейін жұмыс тәртібі мен регламентін бекітіп, Жолдау аясында баяндама жасау үшін сөзді аудан әкімі Серікжан Қазиұлына берді.
Президентіміз Қ.Тоқаевтың жаңа Жолдауында белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы атқарушы органдардың міндеттері туралы баяндама жасаған аудан басшысы Жолдауда айтылған мәселелер жайында сөз қозғап, алда атқарылар істерге тоқталды.

– Мемлекет басшысы Елбасы тарапынан қабылданған Ұлт жоспары мен Бес институционалдық реформалардың іске асырылу маңыздылығы туралы атап өтті. Жұмыс орындары мен халықтың табыс көзін сақтау басты мақсатымыз екенін еске салып, елімізде орын алған пандемия кезінде халыққа қалтқысыз қызмет еткен барша азаматтарға алғысын білдірген еді. Оның айтуы бойынша пандемияны жеңу үшін әлі екі жылдай уақыт керек. Пандемиямен күрес жөнінде арнайы бағдарлама жасалатынын айтты. Ел Президенті өз Жолдауында алдымызға 11 тапсырма қойған болатын, – деп сөзін бастаған Серікжан Қазиұлы сол тапсырмаларға жеке-жеке тоқталып, орынбасарлары мен бөлім, мекеме басшыларына тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, жыл соңына дейін мемлекеттік қызметкерлердің 10 пайызын, келесі жылы 15 пайызы қысқартылатынын ескерсек, бүгінгі таңда ауылдық округтерде 115 қызметкер, аудан әкімдігінің бөлімдерінде 61, әкім аппаратында 24 мемлекеттік қызметкер еңбек етіп жүр. Жыл соңында осы 200 маманның 20-сы қысқаратын болады. Аудан әкімінің аппаратының басшысы Ж.Нұрғалымовқа білімді де білікті кадрларды анықтап, ұсыныс енгізуін тапсырды. Одан кейін ауданымыздың экономикалық өрлеуіне қатысты мағлұмат беріп, ауданымызда «Нұрлы жол» бағдармаласы мен «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламалары аясында бөлінген қаражат пен жергілікті бюджеттен бөлініп жатқан қаражатқа атқарылып жатқан жұмыспен қамту мен жол жөндеу жұмыстары туралы сөз қозғады. Шағын және орта бизнесті өркендету ісі мен кәсіпкерлікке кедергі келтіруге тиым салынатынын айтты. 2025 жылға дейін шағын және орта бизнестің үлесін 35 пайызға арттыру керектігін де тапсырды. Одан кейін бюджетті арттыру, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы да сөз қозғады. Мемлекет басшысы осы орайда еліміздің әлеуметтік кодексін жасап, әлеуметтік төлемдерді цифрландыруды тапсырған болатын. Келесі жылы 700 мың салымшы тұрғын үй сатып алуға және денсаулығын түзеуге бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан салымының бір бөлігін жұмсай алатынын, тұрғын үй мәселесін оңтайлы шешу үшін «5-10-25» бағдарламасы іске қосылғанын, жалгерлік үйлердің жалға алу құнын субсидиялау керектігін алға тартқан еді. Аудан әкімі осы мақсатта ауданымызда келесі жылы 31 аула абаттандырылып, балалар алаңы салынатын болатынын, арықтар жүргізіліп, жылу құрылғылары қойылатынын атап өтті. Ал сапалы әрі қолжетімді білім беруге келсек Президентіміз өткен оқу жылында қашықтан оқыту ісінде кеткен кемшіліктерді ескеріп, бірыңғай онлайн білім беру платформасын тез арада дайындау керектігін тапсырған болатын. 2021 жылдың қаңтарынан мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсетінін, балаларды мектепалды дайындықпен 100 пайызға қамту керектігі де сөз болды. Бүгінгі күні ауданымызда мектепалды дайындықпен 98,7 пайыз бала қамтылған. Ал 11261 оқушыда жеке компьютер болса, 3511 оқушыға мектеп қорынан берілетін болады. 277,4 млн. теңгеге 1723 ноутбук сатып алу көзделіп отыр. 4185 оқушының интернет желісіне мүмкіндігі болса, 10496 оқушы интернет желісіне қосыла алмай отыр. Серікжан Қазиұлы бұл мәселені шешуді орынбасары А.Әшімахұн мен аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Садвакасоваға тапсырды. Денсаулық сақтау саласы бойынша аудан әкімінің орынбасары А.Әшімахұн мен орталық аудандық аурухананың әкімшілігіне алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін нысандары жоқ елді мекендерді анықтап, науқастар тасымалын қамтамасыз ету үшін қажетті ұсыныстарын жасауды тапсырды. Мемлекет басшысы атап өткендей ауданымыздағы ұлттық табиғи парктерді қорғап, учаскелік полиция инспекторларының құзыретін арттырып, олардың халықпен етене жақын болуын қолға алып, бейнебақылау құрылғыларын күшейту керектігі жайлы орынбасары Қ.Әбдіхановқа жергілікті полиция басқармасының басшылығымен бірге қаржыландыруға өтініш енгізу керектігін айтты. Цифрландырудың қаншалықты маңызды екенін айтқан аудан басшысы тұрғындарды интернет желісімен қамтуды барынша күшейту керектігін айтып, әлеуметтік аз қорғалған отбасылардың балалары сапалы интернет желісіне қосылып, компьютермен қамтамасыз етілуі керектігін алға тартты. «Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог», – деген Президент сөзін қолдаған Серікжан Қазиұлы билік қашанда халықпен санасып отыруы тиіс екенін, қоғам мен билік арасында еркін диалог болғанда ғана іс алға басатынын айтып, келесі жылы бірқатар ауыл әкімдерінің өкілеттілігі аяқталатынын еске салып, Президент атап көрсеткендей ауылдық округ әкімдерін халық сайлауы мүмкін екенін жеткізді. Мемлекет басшысының соңғы тапсырмасы халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру мен тұтас ұлт сапасын арттыруға негізделді. Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек. Сонда ғана елімізде өрлеу, ұлтаралық тыныштық, береке-бірлік болады. Бұл Жолдаудың негізгі мақсаты да осы болса керек.

Аудан әкімінің тұщымды баяндамасы­нан кейін жиылған көпшілік арасынан жарыссөзге шыққан аудандық мәслихаттың депутаты, жеке кәсіпкер Сұлтан Нұрдаулетов Жолдауда әр қазақстандықтың көкейінде жүрген түбегейлі мәселелердің барлығы аталғандығын, солардың ішінен жеке кәсіпкердің жетекші ролі, кәсібін ашқан жаңа буын үшін әділ бәсекелестік пен нарықтың ашылуы, жеріміздің шетелдіктерге сатылмайтыны кәсіпкерлерді қуантқанын жеткізді. Пандемия кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнеске субсидия беру үшін 200 млрд. теңге бөлінуі де үлкен қолдау екенін, халқымыз үшін зор мүмкіндік беріп отырған Жолдауды қолдап, оның жүзеге асуына үлес қосатынын айтты. Одан кейін кезекпе кезек сөз алған аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Қайрат Исабаев денсаулық саласындағы атқарылып жатқан ауқымды істерін ортаға салып, алдағы жоспарларымен бөліссе, Белорус этномәдени бірлестігінің төрайымы Жанна Третьяк елімізді мекен еткен 130-дан аса ұлт пен ұлыстың татулығы мен ауызбірлігін тілге тиек етіп, Жолдауға қолдау көрсетті. Ал білім саласына қатысты көтерілген мәселелер бойынша қаламыздағы №1 орта мектептің директоры Замзагүл Мушрапилова ойын ортаға салды. Пандемия салдарынан қашықтан оқу кезіндегі кеткен кемшіліктерді ескере отырып, биылғы оқу жылына тұщымды дайындықпен келген педагогтардың алдында тұрған міндеттер туралы сөз қозғады. Мемлекет басшысының ұстаздарға деген құрметі мен олардың мәртебесін арттыруға бағыттаған игілікті істеріне ризашылығын білдіріп, жүктелген міндеттерді орындау жолында аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізді. Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы қорытындылап, жиылған қауымды Жолдауда көрсетілген міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға шақырды.

 

Перизат АУҒАНБАЙҚЫЗЫ,
«Талғар».