Елден естігеннің бәрі ем емес…

Елден естігеннің бәрі ем емес…

Төрткүл дүниені дүрліктірген COVID-19 жайлы нақты ақпарлар мен дақпырттардың арасы тым шиеленісіп кеткені сонша, ақ пен қараны ажыратудан қалған халық аурудың өзінен емес, қаптап кеткен қауесеттерден зардап шегіп отыр. Ел ішінде айтылған вирусты емдеуге қатысты неше түрлі кеңестерді кәдесіне жаратып жатқан елдің алды денсаулықтарына вирустан емес, бейберекет қолданған емнен тартқан зиянын жаза бастады.

Аурудың алдын алып, жан сақтап қалу үшін адам неге болса да дайын болары сөзсіз. Бірақ шектен тыс қолданған кез келген өсімдік, тамақ, түрлі дәрі-дәрмек керісінше мысқылдап кіріп, мысқылдап шығатын ауруға душар етерін де жақсы білесіз. Осы ретте оқырман қауымға вирус келді деп бейберекет қолданып, бағасы да аспандап кеткен кейбір жемістер мен көкөністер жайлы аз-кем ақпар беруді жөн көрдік. Мәселен, лимонды алайық.

Цитрусқа жататын экзотикалық бұл жеміс бүгінде әр отбасының дастарханынан табылады десек артық айтқандық емес. Дәруменге бай лимонды тек тағам ретінде ғана емес, косметикалық мақсатта да кеңінен пайдаланамыз. Оның құрамында 5-7,5 % лимон қышқылы, 1,9-3% қант, 50-90 мг С витамині бар және темірге бай, пектин, эфир майлары мен биофлавоноидтар, калий, кальций т.б. бар. Сондықтан ас қорытуға көмектесетін заттардың бөлінуіне әсер етіп, ағзаға темір мен кальцийдің сіңірілуін жеңілдететін энзимдерді бөледі. Сондай-ақ асқазан сулары қышқылдарының қышқылдық деңгейінің төмендеуіне әсер етеді. С дәруменіне бай жеміс болғандықтан иммунитетті көтеруге де пайдасы зор. Ұзақ уақыт антибиотиктерді қабылдаған соң лимонның көмегімен бауырды улы заттардан тазартуға септігі мол. Қан құрамындағы холестеринді төмендетіп, тәбетті ашатын қасиеті бар. Құрамындағы Р дәрумені қан тамырларын нығайтып, тамыр қабырғаларының беріктігін арттырады.

Алайда осынша пайдасы бола тұра, лимонның зияны да жоқ емес. Шектен тыс қолданған лимонның емдік қасиетінен гөрі, зиянын тартуыңыз бек мүмкін. Оны тіс эмальдары нашар адамдар сирек қолданғаны дұрыс. Себебі, қышқылдық құрамы өте жоғары болғандықтан тіс эмалінің қатты зақымдануына соқтыруы мүмкін. Тамағы қабынған, ісінген адамдарға да лимонды қолданбауға кеңес береміз. Ауыз қуысы мен тамақтың сілекейлі қабатын күйдіріп, соңы аурудың асқынуына әкеледі. Асқазан ойықжарасы ауруы бар және гастрит, жалпы асқорыту жолдарында ақауы бар, қан қысымы төмен адамдардың лимонды қолданбағаны жөн. Үнемі қолданған жағдайда асқазан қышқылының артуына себеп болып, қышқылдың көбеюіне әкеледі. Қан қысымның төмендеуіне қатты әсер етеді.

Сарымсақ (чеснок) жеудің пайдасы көп екенін жалпы жағдайда білгенімізбен, қанша мөлшерде, қашан қолдану керек екеніне мән беріп жатпаймыз. Сарымсақты шикідей жегенде аллицин деген зат бөлінеді. Бұл өз кезегінде түрлі бактерияларды жоя алады. Антисептикалық қасиеті жоғары болғандықтан залалсыздандыру қасиеті басым. Ас мәзірінде шикілей қолданғанда өкпе құрты, дизентерия, кандидоз бен герпес ауруларын туғызатын бактериялардан ағзаны қорғайды. Қан тамырларын нығайтып, қан айналымын жақсартып, холестериннің шамамен 10%-ға жуық төмендеуіне кө­мектеседі. Сәйкесінше қанның ұюын азайтып, жүрек талмасының алдын алуға септігі тиеді, қан қысымды реттейді. Қант диабетімен ауыратындар үшін пайдасы зор, 25%-ға дейін төмендете алады. Бауырдағы инсулиннің ыдырауын баяулатады. Вирусты аурулардың алдын алуда, емдеу шарасында кеңінен қолданылады. Ғылымда сарымсақты күнделікті пайдалану тұмаудың алдын алу мен емдеуде тиімділігі 60%-ға жететіні дәлелденген. Құрамында күкірт, диаллил сульфид, саллил цистиейн, селен көп мөлшерде болғандықтан ағзаны шлактан тазартып қана қоймай, қатерлі ісік жасушаларын өлтіретін де қасиетке ие. Оның ішінде, әсіресе асқазан, тоқішек,бауыр, сүт безі ісігі қауіпін азайтады. Ішек құрты ауруларынан арылуда, әсіресе балаларда жиі кездесетін аскариданы емдеуде таптырмас ем бола алады. Ішек ауруларының алдын алуда пайдасы орасан болғандықтан, әлбетте ас қорытуды жақсартады. Буын ауруларында тұз жиналудың алдын алып, зақымданған тіндерді қалпына келтіреді. Сүйек майларының азаюын болдырмай, остео-артриттен сауығуға көмектеседі.

Сарымсақтың осынша ауруларға көмегі мен пайдасы зор бола тұра, зияны да баршылық. Оны да шамадан тыс қолдануға болмайды, ағзаға улану қаупін туғызады. Күніне қатарынан жеген оншақты сарымсақ тістен қан кетуге әкеледі. Аш қарынға мүлде қолданбау керек. Ауыз қуысы мен асқазан ішек жолдарының сілекейлі қабаттарын күйдіріп жібереді. Асқазаны ауыратын адамдар ауырып тұрған және ауруы асқынған кезде қолданбау керек.

Коронавирустың бірден-бір емі деп бағасы аспанға шыққан зімбірге (имбирь) тоқталайық. Рас, зімбірдің тамыры кальций, хром, темір, магний, никотин қышқылдары мен фосфор, кремний, калий, С дәруменіне өте бай. Жай кезде көбінесе артық салмақтан арылуға қолданатын зімбірдің зат алмасуды жақсартуда пайдасы зор. Жүктілік кезінде болатын токсикоз, бас айналу, жүрек айну, дәрілердің балаға зиян келтіретін химиялық зардаптарын, әлсіреу симптомдарының алдын алуда пайдасы мол. Ауырсынуды басатын, антибактериалды және емдік қасиеті болғандықтан иммундық жүйені жақсы нығайтып, тітіркенулерді басады. Асқорыту жүйесінің белсенділігін арттырады. Буын бұлшықеттері мен онкологиялық аурулардың алдын алуда септігі тиеді. Суық тию мен тұмау, тамақ ауырғанда, жөтелді азайтып, ыстықты түсіруде көмегі көп болғандықтан ағзаның инфекциямен күресу мүмкіндігін арттырады. Сондықтан бүгінде зімбірді көптеген тағамдарды дайындауда дәмдеуіш ретінде ғана емес, емдік қасиеті болғандықтан медицинада да кеңінен қолданады.

Оның құрамында көптеген дәрумендер мен аминоқышқылдар болғандықтан нақты бір ауруды емдеуде қолданғанда пайдасымен бірге арнайы ескерілетін қарсы көрсетілімдері де бар екенін есте сақтау қажет. Мәселен, жүктіліктің соңғы айларында, бала емізу кезінде пайдалануға болмайды. Созылмалы жүрек ауруларына шалдыққандардың мүлде қолданбағаны жөн. Асқынған асқазан аурулары бар және он екі елі ішекте жара болса, өтте тас жиналған жағдайда қолданбаған абзал.

Соңғы кезде аты жаман мен пневманияға бірден-бір ем екен деген желеумен жарнамасы жер жарып атқұлақ (хрен) тамырына деген сұраныс та күрт артып, бағасы да қымбаттап шыға келді. Біреулер тұнба дайындап тұтынғанын айтты, кейбірі шикідей шайнағанын, тіпті тұтастай жегенін жазып, әлеуметтік желілерде адам нанғысыз видеолар жүктей бастады. Бұрын көкөністерді тұздауға қолданатын аққұлақтың пайда-зияны жайлы бірер сөз айта кетейік.

Атқұлақтың құрамы түрлі дәрумендер мен эфир майларына бай болғанымен бұрын тек дәмдеуіш ретінде қолданылған өткір иісті көп жылдық өсімдік. Биологтардың зерттеуіне жүгінсек, оның сөлінде микробтарды жоя алатын қасиеті бар лизоцим ферменті көп болады. Сондай-ақ тамырында 13% ақуыз, 2%-ға жуық шикі май, 0,25% аскорбин қышқылы, тиамин, рибофлавин, каротин, крахмал, 74% көмірқышқылдары мен ерітінді темір көп мөлшерде кездеседі. С дәруменінің мөлшері лимонмен салыстырғанда 5 есе көп. Калий, кальций, магний, күкірт, фосфор сияқты элементтерге бай болғандықтан микробиологияда кеңінен қолданылады. Алайда ауруға көмегі тиеді екен деп сөлін немесе тұнбасын шекті мөлшерден тыс ішуге болмайды, себебі, асқазанды күйдіріп тастайды. Асханада қолданылуымен қатар медицинада атқұлақты тұмауға және қабынуға қарсы антибактериялық қасиеті болғандықтан ауыз қуысы мен тамақ ауруларында, іріңді асқынуларда сумен қосып немесе белгілі мөлшерде баяу отта қайнатып, алынған тұнбамен шаюға, мақта матаға сіңіріп жарақатқа таңуға қолданады. Ал халықтық емдеу шараларында тәбетті ашу, ас қорытуды жақсарту, тыныс алу ауруларында қақырық түсіру мақсатында аздаған мөлшерде тұнбасын уақтылы ішуге болады.

Оны болсын-болмасын аурудың тікелей дәрісі ретінде қолданып, артық ауру тауып алудың ешкімге керегі жоқ. Солай ғой. Ол де өте ащы, қышқылдық құрамы өте жоғары өсімдік болғандықтан асқазан аурулары бар адамдарға тұтынуға болмайды.

Сонымен өздеріңіз байқап отырғандай, кез келген пайдалы деген өсімдіктер мен көкөністерді дақпыртқа еріп, қауесетке сеніп оңды-солды пайдалануға болмайды. Мөлшерсіз қолданған барлық дәрі мен тағам түрлерінің ауруларды асқындырып, жаңа ауруларды жамайтыны секілді көкөністер мен жемістердің де пайдасы мен зияны жетерлік. Кез келген нәрсенің аллергиялық ауру тудыру мүмкіндігі бар екенін ескерсек, бұлардың қай-қайсысын қолданғанда барынша сақтық қажет. Артық қолданған жағдайда барлығының қарсы көрсетілімдері бар екенін, салдарынан ауруының асқыну мүмкіндігі жоғары екенін ұмытпай, әрдайым есте сақтаған жөн. Жоғарыда аталғандардың қай-қайсысының да аты жаман ауруға ем болатынына кепілдік жоқ екеніне аз болса да көзіңізді жеткіздік деп ойлаймын. Қысқасы, аурудан айығамын деп артық кетіп, емдеуге келмейтін жаңасын жамап алмаңыз. Емделгеннің де жөні бар екенін білген жөн, елден естігеннің бәрі амандығыңыз бен саулығыңыз үшін кепіл бола алмайды. Ең дұрысы ауыра қалсаңыз әуелі дәрігерге қаралып, кеңесіне жүгіну екенін өзіңіз де саралап отырған боларсыз…

Жанбота Сұлтанмұратқызы,
тілші.