Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2005 жылы құрылған «Жасыл ел» республикалық бағдарламасы биыл міне он бесінші жыл өз жұмысын жалғастыруда. 2005 жылы елордамызда «Жасыл ел» Жастар еңбек жасағының Республикалық штабы құрылып, еліміздің барлық аймағанда бөлімшелері ашылып, өз жұмысын бастап кеткен болатын.
Аталмыш бағдарлама осы он бес жыл аралығында көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстырып келеді. Бағдарламадағы басты бағыт – табиғатты қорғау, экологияны сақтауға ғана емес, жастарды тәрбиелеп, еңбекке баулу. Сондықтан да осындай игі бастама еліміздің түкпір-түпкірінде қолдауға ие болып, жүйелі түрде жүзеге асуда. Әсіресе студент жастарға жазғы демалыстарын тиімді өткізіп, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға мол мүмкіндік берді. Маусым, шілде тамыз айларында жасақшылар тынбай жұмыс жасайды. «Таза болса маңымыз, сау болады тәніміз» деп дана халқымыз айтпақшы, «Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізеді. Еңбектеніп жүрген жастар бүгінгі күнде ағаш отырғызып, көшелерді, арық бойларын тазалап қана қоймай, ауданымыздағы басқа да қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, көптің алғысына бөленіп жүр.
Ауданымызда «Жасыл ел» еңбек жасақшыларын жұмысқа тарту, құжаттарын рәсімдеумен аудандық Жастар ресурстық орталығы айналысады. Биылғы жылдың маусым айында 20 студент жұмыс жасаса, тамыз айында 10 жас жұмысқа тартылды. Еліміздегі қауіпті дерттің орын алуына байланысты шілде айында жұмыс тоқтатылған. Десе де жасыл елдіктер маусымдық жұмыс кезінде тазалық жұмыстарын тиянақты атқарып жүр. «Таза өзен», «Таза аула», «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары аясында көптеген шаруалар тындырды. Талғар қаласының су қоймасын қоқыстардан тазалап, айналасындағы шөптерді шауып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Саябақтарды тазартты. Ауданымыздағы басқа да қоғамдық жұмыстарға атсалысты. Жастар ұйымының психолог маманы Ақмарал Шубекованың жетекшілігімен «Жастар арасында аффирмация, медитация техникаларын түсіндіру» туралы «Жасыл ел» жасақшылармен семинар өткізілді.
«Жасыл ел» – тек өз Отанын, елін, жерін сүйетін патриоттардың ортасы. Әр адам өз елінің патриоты болуы керек. Осындай азаматтардың көмегімен игі бастама осы күнге дейін жақсы нәтиже көрсетуде. Жалпы, бағдарламаның негiзгi мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді-мекен айналасын жасыл ағаштармен көмкеру, көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту. Ең бастысы, жылына қаншама жастарды осы іске тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендету. Қазақстанның өркендеуіне жауапты жаңа буынын тәрбиелеп, жастарды жұмыспен қамтуға, студенттердің патриоттық рухын көтеруге үлкен үлес қосып келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасының өскелең ұрпақ үшін маңызы зор болып қала бермек. Қоғамға, өз ұлтына пайдасын тигізер кезде аянып қалмайтын жасақшыларымызға алдағы уақытта да сәттілік тілейміз!
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».
1 Пікір
Жұманқызы Ақжан 05.08.2022 at 02:48
менде жасыл елге проектісіне қосылғым келеді. Табиғаттың таза болғаны мен үшінде өте маңызды.