Ауданға жаңа әкім тағайындалды

Ауданға жаңа әкім тағайындалды

Бүгін, 2020 жылдың 17 тамыз күні Талғар  ауданына жаңа әкім тағайындалды. ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімі бойынша облыс әкімі Амандық Баталовтың өкімімен Талғар ауданының әкімі қызметіне Серікжан Қазиұлы Ерекешев тағайындалды.

                  Бұған дейін  2019 жылдың қыркүйек айынан бастап он айдан аса уақыт  аудан әкімі  қызметін абыроймен атқарған Омаров Жолан Ыбырайақынұлы  27 шілде күні  мезгілсіз қайтыс болған еді. Қысқа ғұмырында өзінің қажырлы еңбегімен халықтың ыстық ықыласына бөленген, Талғар ауданының   дамуына сүбелі үлес қосқан Ж.Ы.Омаровты   бұл  күні мәслихат сессиясына жиналған депутатар мен лауазым иелері, бірқатар қоғамдық ұйым төрағалары   бір минут үнсіздікпен еске алды.

                   Талғар аудандық мәслихатының кезектен тыс LХІ-61 сессия жұмысын аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы ашып, әрі қарай да жүргізіп отырды. Бұл күнгі мәслихат сессиясында  аудан әкімі  лауазымына ұсынылып отырған  Серікжан Қазиұлы Ерекешевті депутаттарға облыс әкімінің бірінші орынбасары  Ләззат Тұрлашов  таныстырды. Серікжан Ерекешев 1973 жылы  дүниеге келген. 2011 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірген. Еңбек жолын 1997 жылы Алматы қаласы «Бағалы қағазды тіркеу жүйесі»жабық АҚ жетекші маман болып бастаған. 1998-2010 жылдары Маңғыстау облысында «Бейнелеу жолдары» ЖШС құрылыс учаскесінің  бас механигі, атқарушы директоры, одан кейін аталмыш мекеменің Алматы қаласындағы филиалының атқарушы директоры болып еңбек еткен.  Мемлекеттік  қызметті  2012 жылы Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің әкімі болып бастап, 2016 жылдан Іле ауданы әкімінің орынбасары қызметін бүгінгі күнге дейін атқарып келген. Облыс әкімінің бірініші орынбасары Ләззат  С.Қ.Ерекешевтің мемлекеттік қызметте, оның ішінде басшылық қызметтерде болып, мол тәжірибе жинақтағанын, өз ісінің білікті кәсіби маманы екендігін тілге тиек етті. 

                Талғар  ауданы әкімі лауазымыны ұсынылып отырған Серікжан Қазиұлы Ерекешевті  қолдау туралы ұсынысқа  орай аудандық  мәслихат депутаты  Амангелді Сембаев өз  пікірін ортаға салды.  Депуттар аудан әкімі лауазымына ұсынылған  С.Қ.Ерекешевтің  кандидатурасын  бірауыздан қолдау білдіріп, зор сенім артты.

Талғар -ақпарат