Бүгінгі дүниені дүрбелеңге салған Пандемия алғаш басталғаннан-ақ, өзінің әр батыл қимылымен мемлекетшіл әрі халықшыл қадамымен ел сеніміне ие болып келе жатқан Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты «Ана тілі»газетіне берген арнайы сұхбатын рухани әлемімізге жаңаша серпін әкелгендей жаңалық деп қабылдадым. Себебі күні бүгінге дейін мемлекеттік тілімізді менсінбей шекесінен қарап келе жатқан шенеуліктерге сабақ боларлықтай тіліміздің болашағы туралы болжамдар айтқаны жанымызды жадыратқандай еді. Президентіміздің өз сөзімен айтар болсақ: «Біріншіден қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке,оның ішінде халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында-анахронизмге айналуға тиіс», — дейді. Тілімізді тұғырына қондырудың тағы да бір үлкен саласы ақпараттық құралдардың саны менен сапасын арттыруда екенін де естен шығармаған.»Ақпарат өнімдерін Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған, төл бағдарламаларды молайту керек» деген тың идеяларын қалайша қолдамасқа. Әсіресе мені ерекше қуантқан мына бір тұсы екенін несіне жасырайын.»Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдылық берілгені дұрыс. Орыс тілін де оқу керек. Ал ағылшын тілін 5-6-сыныптардан бастап мектеп бағдарламасына енгізген абзал». Құдай-ау, бүкіл ұлт болып, ұлт зиялылары мен жанашырларының жерден де көктен де тілеп жүргені осы емес пе еді? Елбасымыз айтқан үш тұғырлы тіл саясатын іске асырамыз деп еш нәрсенің ақ қарасына қарамай, дүние әлеміндегі бір де бір елдің тәжірибесінде жоқ, өзінің ана тілінде тілі әлі шығып үлгермеген бастауыш сынып балалары мен балабақша бүлдіршіндерінің тілін тізеге басып зорлықпен ағылшынша сайратып қойған бассыздарға жақсы сабақ болтын болды. Енді үш тұғырлы тіл деп түбін түсінбей ұрандаған ұлтына қарсы жұмыс істейтін ұждансыздардың санасына бір саңлау кіретін шығар деген ниеттемін. Ұзағынан сүйіндірсін!
Камнұр Тәлімұлы,
Алматы облыстық»Тіл» оқу әдістемелік орталығы
Талғар филиялының меңгерушісі, тіл жанашыры.