Елімізді өркендету өз қолымызда

Елімізді өркендету өз қолымызда

Кешегі күні  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің ұлттық басылымы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатын оқыған едім. Сөз басы елімізді елеңдетіп отырған пандемиядан басталыпты. Бүгінде аты жаман індетке шалдыққандардың саны жиырма мыңға жуықтаған. Науқастарды емдеуге дәрігерлердің біліктілігі жететінін айтқан ол мемлекет тарапынан да қажетті қаражаттың бөлініп отырғанын айтқан. Ел азаматтары карантин режимін қатаң сақтап, тәртіпке бағынып жүрсе бұл уақытша сынақтан да сүрінбей өтетінімізді ескертіпті. Ол рас. Алла сақтанғанды сақтайды. Халық шамасы келгенше сақтанып бағуда. Десе де вирус жұқтырып алып жатқан адамдар саны артуын тоқтатпады. Қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті болып, ақ халаттылар ісіне адал болса бұл күндер де артта қалып, бейғам тірлігімізге қайта оралатын күн туар. Ал сұхбаттың негізгі өзегі болғантіл мәселесі мен биыл жарық көре бастағанына 30 жыл толып жатқан «Ана тілі» газетінің қоғамдағы орны жайында сөз қозғады. Осы жылдар аясында туған тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, мәртебесін арттыру үшін көптеген жұмыстар атқарылған. Әлі атқарылуы тиіс деп ойлаймын. Мемлекет басшысы өзі айтып өткендей мемлекеттік қызметке тағайындалған азаматтар кәсіби біліктілігіне қоса ана тілін жақсы білуі қажет. Қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау керектігін, тілді қолдану барысында орфографиялық және фонетикалық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарауға шақырып, телевидение мен радиодағы қазақша хабарлардың сапасын арттыру керектігін алға тартты.Өскелең ұрпақтың қазақ тілімен қатар орыс тілін де меңгергені дұрыстығын, ал ағылшын тілін тек 5-6 сыныптарда енгізген абзал екенін айтады. Бұл ойымен баршамыз келісеміз. Ана тіліміз қашанда алдыңғы шепте тұру керек. Ал орыс тілі мен ағылшын тілін заман талабына қарай әрбір жас өзі меңгеріп кетеді. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қадір Мырза Әлі бекерге айтпаған.

Бұл сұхбат барысында ел мен жерді еңбекпен көркейту үшін жасалып жатқан қадамдар мен жобалар туралы да айтылған. Мемлекет басшысы «Халық алғысы» деген мемлекеттік награда тағайындағанын айтып, «Еңбек Даңқы» орденінің мәртебесін көтеру керектігі жөнінде шешім қабылдаған. Ондағы мақсат қарапайым жұмысшыларға деген құрметті асыру. Тек лауазымдық қызметке әуес өскелең ұрпақтың жұмысшы мамандықтарға қызығушылығын арттырып, жұмыссыздықты жою үшін Жұмыспен қамтудың жол картасын әзірлеп, оған 1 триллион қаражат бөлген. Бұның өзі жастарымызға деген үлкен қолдау емес пе. Бүгінгі күн расымен де той тойлап, әндетіп жүретін уақыт емес екені рас. Тек еңбектенген адам ғана табыс тауып, отбасын асырайды. Мемлекет басшысының сұхбатында елімізді одан әрі жаңғыртуға, дамытуға қатысты идеялары барын айтып, оны халықтың іс жүзінде сезінгенін қалайтынын жеткізеді. Қазақстанның жетістігін көре алмайтын ел көп екені шындық. Сондықтан елімізді көркейту, өркендеуіне үлес қосу баршамыздың міндетіміз.

Күлиза Рамазанова,

Тұздыбастау ауылының тұрғыны.