Құрметті Бақтияр Мырзаханұлы!
Құрметті редакция ұжымы!
Жаһанда жер бар ма екен Талғарымдай?
Мәңгілік аңсап өтер арманымдай.
Талбесіктей тербетіп таза ауасы,
Тамылжып ататұғын таңдары жай- деп жырлаған киелі Талғар жеріміз Жер жәннаты Жетісу атанған ұланғайыр өлкеміздің қойнауы кеніш,әр бұтасы жеміс, шыңына көз жетпейтін, айтуға сөз жетпейтін ерекше биік тұлғасы, шежіре тарихтың тұнбасы. Осындай киелі жерімізбен де еңселі елімізбен, бақшалы бауымызбен де тұлғалы тауымызбен, жасыл аймақ жазиралы даламызбен де көне атауы «Талхиз», бүгінгі танымал аты Талғар қаламызбен аттас әрі мұраттас, бірге жасап, біте қайнасып келе жатқан сүйікті «Талғар» газетіміз 85 жасқа толып отыр екен. Бұл үлкен қуаныш. Себебі қолыма қалам алып жазу өнерін өміріме серік еткелі дін туралы жазсам да, тіл туралы жазсам да зар-мұңымды тыңдаған, қанатымды қатайтып шабытымды шыңдаған, ойымды өсіріп өрбіткен, санамды серпілтіп сергіткен, сонау бота тірсек бозбала күнімнен бойыма өнер дарытқан, жұртыма мені танытқан осы «Талғар» газетім болатын. Сондықтан да «Талғарымның» орыны маған бөлекше. Бұл басылымға деген менің сый-құрметім де ерекше. Ең алғаш 1935 жылы шаңырағын көтеріп, уықтарын шаншығанда «Сталин туы»деген атпен дүниеге келген бұл басылымымыздың басынан кешірген бірталай тарихынан да хабардармыз. Кейін келе «Алатау жұлдызы», «Звезда Алатау» деген атпен екі тілде шығып тұрған кезінен қазақша атауының «Талғар таңы» деп өзгеруіне де өзіндік үлесімізді қосқанымыз бар еді. Алайда тарих бәрін де көреді, бәріне көнеді ақыры бәрін де жеңеді. Сөйтіп әрбір істің әділ бағасын береді. Мен мұның бәрін өзімнің сүйікті басылымымның сонау сексенінші жылдардан бері сарғайса да сағыныштың табындай болып танылған тігіндісін сары майдай сақтап келе жатқан көне оқырманы, әрі тұрақты авторларының бірі ретінде еске алып отырмын. Оның себебі талай өрендердің өсіп-өркендеп жетілуіне, еліміздің есейіп еңселенуіне ерекше еңбек сіңіріп келе ел тарихы мен шежіресінің қайнар көзіне айналған «Талғар» газеті екендігін баса айтқым келгені. Сондай-ақ бүгінгі ел санасын әлеуметтік желілердің жаулап алған кезінде де төл газетіміздің мәні мен маңыздылығының жоғалмайтындығын жастарымыздың санасына сала кетуді де жөн көріп отырмын. Қиындығы мен қызығы, қызығы мен шыжығы қатар жүретін газет жұмысының ыстығы мен суығына бірдей көніп, оның абыройын асырып, беделін биіктететін қауым тілші журналистер. Ендеше бүгінгі 85 жасқа толып отырған сүйікті басылымымыз бен оның басы-қасында жүрген журналис әріптестерімді де келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтап, зор денсаулық пен мол шығармашылық табыстар тілеймін! «Талғарымыздың» тұғыры биіктеп тұлғаланып, туы көке желбірей берсін деген тілектемін!
Игі тілекпен,
Талғар ауданының Құрметті азаматы,
ақын, сазгер, Камнұр Тәлімұлы.