Құрметтi Бақтияр Мырзаханұлы!
Сiздi және шығармашылық ұжымды басылымның 85 жылдық мерейтойымен аймақтық аға газет атынан ақдидар құттықтаймыз!
Қазақ баспасөзі айдынды көлге алқынған мыңдаған бұлақтардан құралады десек, солардың ішіндегі қалың жұртқа ең жақыны, етенесі, елгезегі де, барынша тазасы да аудандық-қалалық басылымдар. Әдетте – тілшілері көз алдыңда, тіршілігі көппен бірге өріледі. Ал енді Талғар сынды іргелі ауданның жай-күйінде бұл қағидаттың мән-мағынасы тіптен арта түспек.
Заман өзгерді дәл қазір, қасиетті сөз атаулының дәрмені арта түсті. Төмендегілердің талап-тілегіне елп ете құлақ асар биліктің тұлабойына қан жүгірді. Демократия дегеніміз де — осы. Сүйсінерлігі сол, газет журналистері уақыт үрдісінен қалыс қалмай, аудан өмірінің қордалы мәселелерін тамыршыдай дөп басуға ұмтылып келеді. Жетістіктері де жетерлік. Екінші бір көңілге қонақтары, білікті жас кадрлардың бұл арада арнасы арылмастан қанаттанып отыратындығы. Бұл енді жарасымды шаруа, игі дәстүр.
Сексен бес жылғы ғұмырда газеттің «отымен кіріп, күлімен шыға» қаншама жүрегі шоқ, намысы найзағай әріптестеріміз күн-түн демей шығармашылық отын маздатты десеңізші!Солардың сарғайған газет беттерінде қалған аялы алақандарының табын сезінудің өзі бір бақыт! Бәрінің де жадымызда жаңғырып тұрары бар.Естен шығармаған абзал.
Басылым қуанышы – мыңдаған тұрғындардың қуанышы. Көпшіліктің жұбанышына, жансерігіне айналған басылымның асыл мұраттары Алатаудай аспандап, өрістері тарылмағай, Алаштың рухын асырар жарияланымдары арылмағай деп тілейміз!
Iзгi ниетпен,
Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін.