-Көктемгі дала жұмыстары-
Ауданымыз аграрлы аймақ болғандықтан жыл сайынғы көктемгі дала жұмыстарын уақытында жүргізудің маңыздылығын айтпасақ та түсінікті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көктемгі егіс науқанын қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмасына сәйкес карантиндік талаптарға қарамастан карантин аймақтарына кіре берісте қойылған блок-бекеттерден ауылшаруашылық құрылымдары мен фермерлер, шаруа қожалықтарының еңбеккерлері кедергісіз өтуге мүмкіндік алған еді. Соның арқасында уақытында басталған көктемгі дала жұмыстары да қарқынды жүргізіліп, бүгінде өз мәресіне жетті деуге негіз бар. Осыған орай аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бастығы Ермек Толқыновқа жолығып, үлкен жауапкершілік жүктейтін көктем мезгіліндегі ауылшаруашылық жұмыстарының барысы жайында әңгімелеп беруін сұраған едік.
-Ермек Маңғазұлы, көктемгі егіс науқаны бойынша қандай жұмыстар атқарылды?
— «Көктемнің әр күні жылға азық» дегендей, қазір жұмыстың нағыз қызған шағы. Күн жылынып, жер арқасы жібіген шақ шаруа адамының да білек сыбана қарбалас тірлікке кірісетін кезі. Сәл кешіксе болғаны, еңбегі еш кететінін қаперге ұстайтын шаруалар тамшылата тер төгіп, егіс алқаптарында таң сәреден, кеш батқанша еңбек етуде. «Не ексең, соны орарсың» деп тегін айтылмаған, көктемгі тынымсыз еңбектің өтемін күзде, жиын-терін кезінде көретініміз анық.
2020 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарын егудің алдын ала құрылымы 32566 га құрап отыр. Егіс алқаптарының құрылымы бойынша дәнді дақылдар 13680 га. жетіп, оның ішінде күздік бидай — 1845 га, күздік арпа — 2050 га, қара бидай – 100 га, жаздық арпа – 3500 га, жаздық бидай — 60 га, сұлы — 425 га, дәндік жүгері – 5700 га, майлы дақылдар – 4455 га, картоп — 3056 га, көкөніс – 2721 га, бақша — 220 га, сүрлем жүгері — 2200 га, бір жылдық шөп — 50 га, жоңышқа — 6184 га қамтиды.
Биылғы жылы аудан бойынша 3995 гектар күздік дәнді масақты дақылдар егілді, оның ішінде 1845 гектар күздік бидай, 2050 гектар күздік арпа және 100 гектар қара бидай.
Түйіндеп айтар болсам, барлығы 10010 га жер жыртылып, 22510 га алқапқа себу алдындағы өңдеу жұмыстары, 22556 га алқапта ылғал жабу жүргізілді. 3985 га жаздық масақты дәнді дақылдар, 5700 га жүгері, 3056 га картоп, 4455 га майбұршақ, 2721 га көкөніс, 220 га бақша дақылдары, 2200 га сүрлемдік жүгері, 173 га көп жылдық шөптер егілді. Барлығы 22510 га жаздық дақылдар егілді.Осы орайда айта кетейін,су үнемдеу технологиясын 2535 га жерге қолдану жоспарлануда. Оның 825 гектар тамшылатып суару және 1710 гектар жаңбырлатып суару әдісімен жолға қойылған.
«Жетісу-Агро-Экс» зертханасында жаздық дақылдар тұқымдарына тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тұқым сапасын тексеру жоспарлы режимде, бүгінгі күнге 2067 тонна жаздық дәнді және жадық масақты дақылдарға, майлы дақылдарға 585 зерттеулер жүргізілді. Бұл жұмыстардың барлығы өндіріліп отырған өнімнің сапасы мен түсімділігін арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта өнімі қысы-жазы сұранысқа ие кәсіптің бірі – жылыжай екені рас. Аталмыш кәсіпке ден қойып, нәсібін теріп отырғандардың қатары да жыл сайын артып келеді. Өйткені, тұтынушылар өзімізде өндірілетін таза отандық өнімнің қай жағынан болса да тиімді әрі пайдалы екенін жақсы біледі. Бүгінде аудан аумағында жалпы алқап көлемі 7,3 гектарды құрайтын 9 меншік иесі мен 18 жылыжай жұмыс істейді. 3 жылыжай өнеркәсіптік және 15 жылыжай фермерлік бағытта.
-Қым-қауырт жұмыстың нәтижелі жүруі ауыл шаруашылығы техникаларының жай-күйі мен жанар-жағар майға тәуелді екені белгілі. Осы жайында не айтасыз?
-Көктемгі егіс жұмыстарына арзандатылған бағамен, яғни 165 теңгеден бөлінген 600 тонна дизель отынының 490 тоннасына жеткізуші оператор «Қарамай Продакс» ЖШС-не өтінім беріліп, оның 146 тоннасы пайдаланылды. Аудан көктемгі егіс науқан жұмыстарын ойдағыдай жүргізу үшін қолда бар ауылшаруашылық техникалары жөндеуден өткізіліп, сақадай-сай дайындықпен кірісті дей аламын. Биылғы көктемде 928-трактор, 227-соқа, 152- культиватор, 540-тырма, 213-тұқым сепкіш, 25-тұқым дәрілегіш, 552 –жүк автокөліктері түгелдей дала жұмыстарына жұмылдырылды.
-Әңгімеңізге рахмет!
Райхан Азимова,
Талғар.