Рухани жағынан ширау өз қолыңызда

Рухани жағынан ширау өз қолыңызда

Тарих парағында тарамдалғандай қазақ халқы осы уақытқа дейін қиын-қыстау күндерді аз өткізген жоқ. Қайсар рухты қазақ деген теңеудің бекерге айтылмағаны да содан болар.  Бүкіл әлімге төнген қауіп қазақты да айналып өтпей, екі ай мерзім қатаң сынақта отырдық. Оны да шыдамдылықпен, сабырлылықпен қабылдап, ел Президенті мен тиісті сала басшыларының үкімдері мен қаулыларын бұлжытпай орындауға тырыстық. Әрине, ел ішінде қай кезде де тентек бар, бірақ олардың олқы істері өзгелерге сабақ болып, қайталанған жоқ.

         Дегенмен індеттің шарықтау шегінен аман-есен өтсек те, дағдарыс әлі толық еңсерілмей тұрғаны ақиқат. Мұны бүгін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде ашық түрде жариялады. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып, жеке бас гигиенасын сақтап  жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс екендігін қадап айтты. Сонымен қатар, облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала беретіндігі ескертілді. 11 мамырда «төтенше жағдай режимі тоқтайды» дегенді дұрыс түсінбей, қалаға ағылған жұртта есеп жоқ. Мұның бәрінің алдын алмасақ ертеңгі күні вирустың екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін. Осының бәрін алдын ала ескерген ел басшысы карантиннің әлі де сақталатынын жеткізді.

         Мұнан өзге ел экономикасындағы өзгерістер мен дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамудың басымдықтарына тоқталып өтті. Жүзеге асуға тиіс  жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне талдау жасалып, басты жеті бағытты нұсқап берді. Азаматтарды қолдау мен бизнесті дамытуға арналған кешенді жоспар әзірленіп, оның жуық арада бекітілетіндігі кімнің болса да көңіліне серпін берді. Экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру үшін нақты тапсырмалардың қажет екендігі сөзсіз еді.

Әрине, экомикамызбен бірге ел рухы да өсіп, өнуі тиіс. Идеологиялық мақсаттағы жұмыстарды тоқтаусыз жүргізіп, жастардың париоттық рухын оятып, намысын түртетін онлайн сұхбаттар мен  басқосулар толастамауы керек. Біздің кітапхана карантин режимі кезінде қолға алған бастамаларын ары қарай жалғастыра беретін болады.

Қасқасы біз бұрын-соңды болмаған ауыр дағдарыстан ширап,  жаңа кезеңге бейімделіп шығамыз деп сенемін.  Сондықтан, бәріміз бір ел болып белсенді жұмыс жүргізуіміз керек.

 

Махамбет Хармысов,

аудандық кітапхана директоры.