Ертең еліміз Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өтеді. Еліміздегі орын алған төтенше жағдайға орай айтулы мерекені өз деңгейінде мерекелеуге рұқсат етілмеді. Дегенмен күн санап арамыздан қатары сиреп бара жатқан ардагерлерімізге деген ұрпағының құрметі мен қамқорлығы толастаған емес. Өйткені осы қарт майдангерлердің ерен ерлігі мен табандылығының, батырлығының арқасында біздер бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Толарсақтан саз кешіп, қанды қырғында қару асынып, от пен оқтың арасында жүріп жаумен шайқасқан ата-бабаларымызды құрметтеу, олардың асқақ рухы алдында бас ию біздің азаматтық парызымыз.
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ардагерлер туралы» ҚР Заңына қол қойды. 18 баптан тұратын аталмыш Заңда ардагерлер мен ардагерлер қатарына теңестірілген азаматтар, еңбек ардагерлеріне қатысты мәселенің барлығы қамтылып, айқын жазылған. Мемлекет тарапынан бұған дейін ардагерлерге ерекше назар аударылып, көптеген көмек жасалып келді. Енді тіптен бұл қамқорлық еселеніп жатыр. Мемлекет басшысы тек қарт майдангерлер ғана емес, Ауған соғысы, Чернобыль, Таулы Карабахта және басқа да мемлекеттерде ел амандығын қорғаған азаматтардың ерлігін ескеріп, ұамщорлығына алды. Барлығына дерлік көрсетілетін әлеуметтік көмекті арттырды. Тұрғын үймен қамту, денсаулығын түзету, сауықтыру, коммуналдық төлемдер, жол жүру жеңілдіктері, салық төлеу жеңілдіктері беріліп отыр. Онымен қоса аталмыш санаттағы азаматтардың отбасына да бірқатар жәрдем түрлері тағайындалған. Біздер сынды Жеңісті жақындатуға үлес қосып, тылда еңбек еткен аналарын да назардан тыс қалдырмады. Ардагерлермен тең көмек алып жатырмыз. Әлі де алатын боламыз.
Мемлекет басшысының саралы саясаты мен көрегендігі деп білеміз бұны. Өткенін ұмытпаған елдің болашағы жарқын болады деп жатады. Аға буынның ел амандығы мен бейбіт өмір үшін көрсеткен ерлігі, табанды еңбегін ұрпағы жоғары бағалап, осындай құрмет көрсетіп жатса неге қуанбасқа. Бұл Заңның мерейлі мереке қарсаңында қолданысқа енгені ардагерлерге үлкен тарту болды. Талайдан бері айтылып, көпшілік орталарда көтеріліп жүрген мәселелердің барлығы ескеріліп, заң шеңберіне бекітілгені құптарлық іс болды. Мемлекет басшысының саралы саясатын қашанда қолдаймыз. Қалың елінің қамы үшін тер төгіп жүрген азаматтар аман болсын!
Күмісбала Мурунова,
Тыл ардагері.