Əр нəрсенің де шегі болады

Əр нəрсенің де шегі болады

Мемлекеттің ен байлығы, ең бірінші кезектегі бағалы ресурсы адам екендігі айтпаса да түсінікті. Ендеше сол адамның денсаулығынан қымбат, сол денсаулығынан маңызды мәселенің болмауы да белгілі. Мемлекет басшысының өзі бас болып алдын ала сақтандыру шарасын асқан сақтықпен қолға алып, тәртіп пен денсаулық сақтау, сондай-ақ азық-түлікпен қамтамасыз ететін барлық сауда-саттық сала қызметкерлері мен мемлекеттік және барлық қоғамдық сала басшыларының халық игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарына АЛЛА риза болсын дейміз. Әсіресе » Біз біргеміз» акциясымен еліміздегі «Нұр Отан», «Жастар саясаты», ҚМДБ-ның қолдауымен мешіт қызметкерлері мен әрі жомарт жүректі жекелеген кәсіпкер азаматтардың арқасында көпбалалы отбасылары мен мұқтаж жандарға көрсетіліп жатқан көмектердің арқасында көп қиыншылықтар да сезілмей, ең бастысы осындай сын сағатта бір-бірімізге көмек қолын созып қамқорлық жасай алатын қайырымды жандар мен уақытша жұмыстарынан айрылған азаматтарға атаулы әлеуеттік көмегін беріп жатқан үкіметке де мың алғысымызды айтамыз. Әр нәрсенің шегі болады ғой. Енді бір азырақ шыдасақ бұл шырғалаңның шырмауынан да шығармыз ағайын.Тек темірдей төзім мен сарқылмас сабырымызды сақтап, енді бір аз шыдас берсек бәрі де ойдағыдай боларына еш күмәніміз болмасын.
Міне, қасиетті айлардың сұлтаны болған Рамазан айы да келіп жетіп Құдайға шүкір құлшылығымызды жасап жатырмыз. Індеттен сақтану үшін мешіт есіктері уақытша жабылғанымен де сауап есіктері мен құлшылық қақпалары Аллаға шүкір айқара ашық. Жұма намазы мен тарауық намаздарын мешітте оқи алмағанымызбен үйімізде оқып, бала-шағамызбен бірге құлшылық ету мүмкіндігіне ие болдық. Оған да шүкірлік етуіміз керек. Ең бастысы ел тыныш, Отан аман. Тек аты жаман індеттің бетін аулақ қылып отбасылық иманымызды күшейтуге бар күшімізді салайық!
Қоймасаң да тойдырып жал-жаяға,
Тәрбиеге келгенде барды аяма.
Өзің үлгі бермесең анасы боп,
Қызың ертең болады қандай ана?- деп ақын айтпақшы қыз тәрбесімен де, ұл тәрбесімен ата-ананың аз да болса айналысатын сәті келді. Оған да шүкір.

25-30 баланы ерінбей оқытатын еңбекқорлығы мен төзімділігіне таң қалып, ұстаздардың қадіріне жеткендей болды. Мұның бәрі адам баласынан ұстамдылық пен ұқыптылықты, сабырлылық пен сақтықты, шыдамдылық пен төзімділікті талап ететін үлкен еңбек екенін енді түсінгендей болып жатырмыз. Тәубе десең маған, тағы берем саған деген Тәңіріміздің басқа салғанының бәріне де тәуекел етіп төзімділік татыта білсек біз жеңбейтін қиындық та қалмас. Дұға тілектердің қабыл болатын қасиетті құран түскен сауабы мың айдан да қайырлы болған қасетті қадыр түні бар қасиетті ораза айында құлшылығымызды анағұлым күшейтіп, жер жүзіне тыныштық пен бейбітшілік орнап әр түрлі пәле-жәле індеттерден аулақ болуын тілейік!

Себебі жаратушы АЛЛА Тағаланың: «Егер құлым менен құлшылығын жасап шын ниетпенен сұрайтын болса құлымның қолын бос қайтаруға ұяламын» деген хұдси хадисін де жақсы білеміз. Ендеше күні-түні шын ниетімізбен амал-әрекет ете отырып АЛЛАДАН берекет тілейік ағайын! Барша жер әлем мен еліміз амандық саулықта болсын!

Камнұр Тәлімұлы,
ақын-сазгер, Талғар ауданының Құрметті азаматы.