Бірлесе көтерген жүк жеңіл

Бірлесе көтерген жүк жеңіл

Әлемді жайлаған індет іргемізге келіп, ел ішінде төтенше жағдай жаряланғалы бері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып халыққа болысып жатқан аудан азаматтары баршылық. Ауданымызда  көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға ниетті қайырымды жандардың көптеп төбе көрсетуі қуанатын жайт. Осындай қысыл-таяң тұста қолындағы барымен бөлісіп басқаға үлгі болып жатқан ел ағаларының бұл әрекеті көп отбасының қуанышына себеп болуда.

Сондай жанның бірі ауданымыздағы «Мадияр» шаруа қожалығының басшысы, Талғар ауданының «Құрметті азаматы», «Ауыл» партиясы Талғар аудандық филиалының төрағасы Әуелбаев Қасенғазы Баратбекұлы ниет етіп құрбандық шалған жайы бар. Көп тілеуін көздеп, көмекке зәру отбасыға жәрдем берсем деген кәсіпкер, сойылған мал етін ауданымыздағы көмекке зәру жиырма отбасыға үлестіріп берді.  Аталған отбасылардың қай-қайысының болмасын осы сынды көмекті қажет ететінін аңғару қиын емес. «Ауыл» партиясының мұрындық болуымен жасалған игі іске тұрғындар қуанышын білдіріп, алғыстарын жеткізді.    Бірлесе көтерген жүктің жеңіл болатыны секілді, бірімізге — біріміз сүйеу болып қайырымдылық көрсетуіміз осы бір елімізге түскен сынақ салмағын жеңілдететіні анық.

  Қайырымдылық жайлы сөз қозғалса, пай­ғамбарымыздың /с.а.у./: «Мына үш нәрсе кім­нің бойында болса, Алла оны қорғауына алып, оны жәннатқа кіргізеді. Әлсіздерге жұм­сақтық, әке-шешеге мейірім, құлдарға жо­марттық», – деген сөзі ойға оралады. Әрекеті ерге лайық, жаны жомарт, әдебі мұсылмандыққа сай ел азаматтарының игі істері жас ұрпаққа үлгі, сауапқа толы болғай.

                           ТАЛҒАР-АҚПАРАТ