Бүкіл әлемді дүрбелеңге салған «Короновирус» пандемиясы күн өткен сайын өршіп келеді. Бүгінгі күні елімізде осы індетке шалдыққандардың саны сегіз жүзге таяп қалды. Мемлекет тарапынан қазақстандықтарды бұл індеттен арашалап қалу үшін барлық жағдай жасалып, елімізде төтенше жағдай жарияланып, еліміздің жүрегі саналатын қос қаламыз карантинге жабылған болатын. Ел басына түскен бұл қиыншылықты халық болып көтеріп, індетті тез құрықтау мақсатында көп болып жұмылып жатырмыз. Осындай ел басына күн туғанда ел бірлігі мен заңға бағынудың қаншалықты маңызды екенін ұғындық. Күні кеше еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Н.Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын жариялап, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырып, ел-жұртына ақ тілеулі сөзін арнаған еді. Әлем мемлекеттері қатерлі дертке бірлесе дауа іздеп бар күш-қуатын, ақыл-ойы мен ғылым-білімін ортақ мақсатқа жұмылдырып, ынтымақтаса әрекет етіп жатқанда біздер де жер-жерлерде бүкіл халық болып оларға қолдау көрсеткеніміз жөн екенін айтты. Жаһанды жайлаған індетке еліміз дайындықты ерте бастап, соның арқасында қауіпті індеттің өршуіне жол бермей отыр. Елбасы айтқандай: «Ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі». Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан тәуелсіздік жылдарында денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп, бағамды бағдарламалар қабылданып, елімізде жүздеген заманауи ауруханалар мен емханалар салынып жатыр. Елордада әлемдік деңгейдегі ең озық техникалармен жарақталған аса ірі ғылыми-медициналық орталықтар ашып, оның мамандарын әлемнің ең дамыған елдерінде тәжірибеден өткенін айтқан Елбасымыз осындай алдын ала қамданудың нәтижесінде ұлт денсаулығына қатер төндірген бүгінгідей қиыншылық заманда жұқпалы дерттің тамырын дәл басып, оның алдын алып, науқасты емдеу сияқты тиісті шараларды біздің дәрігерлеріміз жоғары кәсіби деңгейде атқарып жатқанын тілге тиек етті. Ақ халатты абзал жандарымыз адам өмірін арашалап күн-түн демей еңбек етуде. Оларға әрине мың алғыс!
Елбасымыз өз үндеуінде қазақ даналығын алға тарта отырып, елімізді бірлікке шақырды. Ел арасында тараған алып-қашпа сөздерге ермей, тәртіпке бағынып, бір-бірімізге қолдау көрсетуге үндеді. Әсіресе, кәсіпкерлерге арнайы сөз арнап, өз отандастарына қол ұшын беріп, қаржылай, заттай көмектесіп жатқан кәсіпкер азаматтардың бар екенін айтып, ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы болған жерде ғана игілік пен ізгілік қатар өркен жаятыны жеткізді. Расымен де, мемлекетіміз кәсіпкерлерді ұдайы қолдап келді. Әлі де қолдап отыр. Мемлекет тарапынан жасалған қолдау мен көмектің арқасында талай кәсіпкер кәсібін дөңгелетіп, табысын тасытып жатқаны рас. Енді біздер, кәсіпкерлер мемлекетке қолдау көрсетіп, көмек қолын созуымыз керек. Осындай ел басына қиын күндер туғанда қолымыздағы барымызды аямай, тұрмыс тапшылығын көріп отырған жерлестерімізге қол ұшын созайық. Қазақта: «Қара құс басып жейді, сұңқар шашып жейді» деген мақал бар. Жұмыла көтерген жүк қашанда жеңіл болады. Біз біргеміз!
Бақытбек Хамитұлы,
«Ақ бұлақ» олимпиадалық
орталығының директоры.