Қос мәселе қаралды

Қос мәселе қаралды

Жуырда аудандық «NurOtan» партиясының мәжіліс залында аудандық партиялық бақылау комиссиясының отырыс өтті. Отырысқа бақылау комиссиясының мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Бақылау комиссиясының төрағасы Сұлтан Нұрдаулетов комиссия отырысын ашып, жұмыс регламентін бекітіп, күн тәртібіндегі мәселелерге кезек берді. Бірінші кезекте комиссия «Тұрғын үй туралы заң аясында кезекке тұру» мәселесіне бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Асқар Шамаевтың есебін тыңдады.

    Бөлім басшысы өз баяндамасында ауданымыз бойынша 4673 азамат тұрғын үй кезегіне тіркелгенін айтып, олардың 984-і көп балалы отбасылар болса, 644-і кәмілетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған жиырма тоғыз жасқа дейінгі жетім балалар екенін, 433-і 1 және 2-ші топтағы мүгедектер, 875-і толық емес отбасылар, 347-і мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, 97-і жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер, 23-і Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген азаматтар екенін айтты. Ал 1270 азамат мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлері екен. үстіміздегі жылы осы кезекте тұрған азаматтарға 170 жалдамалы пәтер бөліп беру жоспарланып отырғанын тілге тиек етіп, азаматтарды тұрғын үй кезегіне қою тәртібі, «Бақытты отбасы» бағдарламасы мен болашаққа жоспарланған тұрғын үй құрылысы туралы да мол мағлұмат беріп өтті. Баяндамашы комиссия мүшелерінің қойған сұрақ-сауалдарына да тиянақты жауап қайырып, заң шеңберінде түсініктеме берді.

    Келесі кезекте бақылау комиссиясының мүшелері күн тәртібіндегі екінші мәселеге көшіп, «Елді мекендердегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы» бойынша Бесағаш ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Баймұсаның есебін тыңдады. Бүгінгі таңда Бесағаш ауылдық округінің әкімдігі ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі №983 қаулысымен бекітілген мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес ауыл тұрғындарына сегіз мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Атап айтсақ, шалғайдағы ауылды елді мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беру ұйымдарына және кейін үйлеріне тегін тасымалдау, елді мекендер шегінде объектілер салу үшін жер учаскелерін беру, жер учаскесін алу үшін кезекке қою, мектепке дейінгі балалар ұйымдарына жіберу үшін мектепке дейінгі жастағы балаларды кезекке қою, өтініш берушінің атаулы әлеуметтік көмек алушыларға тиесілігін растайтын анықтама беру, жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру, сауда-саттықты өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу, бұрын жер пайдалануға берілген учаскесін жекеменшікке сату сынды қызмет түрлері көрсетіледі екен. Нұрсұлтан Баймашұлы осы қызмет түрлері бойынша өткен жылы жүзеге асқан шаралар мен берілген анықтама мен құжаттар санына тоқталып, бүгінгі күнге дейін тұрғындарға сапаы қызмет көрсетіп келген әкімшілік қызметкерлерінің бұдан әрі де мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мақсатындағы жұмыстары жалғасын табатынын жеткізді. Бұл баяндамашыға да комиссия сұрақтарын қойып, есептеріне қанағаттанарлық бағаларын берді. Жиын соңында қос мәселеге байланысты қабылданатын қаулыға бақылау комиссиясының ұсыныстары негізінде өзгертулер енгізіліп, қабылданды. Ол ұсыныстар тұрғын үй бөлетін комиссия құрамына депутаттар, қоғамдық ұйым өкілдері мен журналистердің қосылуы мен «Алматы жастары» бағдарламасы сынды мемлекеттік қызмет пен бюджеттік салада қызмет етпейтін жастарға жергілікті әкімшілік тарапынан бағдарлама ұсыну. Бұл мәселелер бойынша тиісті органдарға хат жолданатын болды.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».