Көпбалалы отбасына баспана сыйлады

Көпбалалы отбасына  баспана сыйлады

Апат айтып келмейді. 25 ақпан күні  тапайдың тал түсінде  Панфилов ауылындағы Айманов көшесіндегі Шеңгелбаевтар отбасы  тұратын жалдамалы жертөле өртке оранып,  шиеттей балалы-шағалы жанұя қыстың соңғы күндерінде қиын жағдайға тап болған еді.  Құдай сақтағанда, өрт басталғанда үйде ешкім болмапты. Мектеп жасындағы алты баласы сабақта, ал кішкентай екі жарым жастағы Аяла балабақшада болған екен. Отағасы Бауыржан  Шеңгелбаев пен жұбайы Ботагөз де жұмыста еді.  Қызыл жалын электр желісінің қысқа тұйықталуынан пайда болған, деген жорамал бар.  «Үйі жоқтың-күйі жоқ» демекші,  жеті баласы бар отбасының қиын жағдайынан хабардар болған аудан әкімі Ж.Омаров өзі бас болып  бірден қамқорлығына  алды, жеке мецанат иелерін қайырымдылық көрсетуге үндеді. Өрттен зардап шеккен көп балалы отбасының жағдайына байланысты «Өркениет Construction» ЖШС жедел үн қатып, екі  күн ішінде Панфилов ауылынан 15 соток  жері бар,  110 шаршы метрді құрайтын 6 бөлмелі баспана сатып алып берді.

Осылайша, өткен аптада, қасиетті жұма күні Шеңгелбаевтар отбасына баспана кілті салтанатты түрде табыс етілді. Қайырымдылық  шарасына  аудан әкімі Жолан Омаров, «Өркениет Construction» ЖШС-і өкілі Жомарт Райымжанов, заңгер маманы Руслан Ибрагимов, ауылдық округ әкімі, ауыл ақсақалдары, мәслихат депутаттары қатысты. Әрине, он үш жыл бойы өзгенің аядай бөлмесін паналап күн кешкен көпбалалы отбасы үшін  бұл баға жетпес тосынсый болғаны анық. Өздеріне жасалып жатқан мейірімділік пен қамқорлықты  көрген  Шеңгелбаевтар отбасының қуанышында шек болмады. Кішкентай бүлдіршіндердің жүздері бал-бұл жанып, отағасы толқып, аналарының көзіне жас үйірілді. Баспананың лентасы қиылып,  шашу шашылды. Алғашқы болып сөз алған аудан басшысы Жолан Ыбырайақынұлы жаны жомарт, қолы ашық азаматтарға аудан халқы атынан ризашылығын білдірді.  «Облыс əкімі Амандық Баталов осы отбасының жағдайын ерекше тапсырған болатын. Біз бизнесмендермен бірлесіп, осы істі қолға алдық. Барлық жағдайы бар, газға қосылған, аумағы кең осы үйді балалардың игілігіне ұсынып отырған кəсіпкерлерге зор алғыс айтамыз», — дей келе, аудан әкімі алдағы уақытта аудан аумағында мецанаттардың  қолдауымен көпбалалы отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған жоба жүзеге асырылатынын, яғни  бір аулады кемінде алты отбасына арналған тұрғын үйлер бой түзейтінін алға тартты. Көп балалы отбасын қуанышқа кенелткен «Өркениет Construction» ЖШС-і басшылары Дулат Шакиров пен Айбек Мутановтың ыстық сәлемі мен аманатын жеткізе  келген серіктестік  өкілі Жомарт Райымжанов  ақжарма тілегін білдірді.

 — Біз əкімдіктің жеті баланың тағдырына алаңдап, жасаған үндеуіне бірден  қолдау  білдірдік. Осы ауылда сатылатын 10 шақты үйді аралап көріп, солардың   ішінен сапалы, жылу жүйесі табиғи газға қосылған, барлық қолайлы жағдайы бар осы үйді таңдадық. Мектепке де жақын орналасқан. Айналасындағы қиналған жандарға қамқорлық жасау, көпке қол ұшын созу — қаржысы бар қалталы азаматтардың парызы деп түсінемін. Осы шаңырақтың балалары Қазақстанның ең мықты азаматтары болсын, — деп үйдің құжаттары мен кілтін  иесіне табыс етті. Атымтай жомарт жандардың қайырымдылығына шексіз ризашылығын білдірген үй иесі Бауыржан Шеңгелбаев облыс пен аудан басшыларына, қолы ашық кəсіпкер азаматтарға алғысын жаудырды.

Осыдан соң үй иелері, ел ағалары үйдің ішіне кіріп бала-шағаның мәре-сәре болған қуанышына ортақтасты. Жиналғандар жайылған ақ дастархан басынан дәм татып, аудандық мешіттің имамы Мұсабек  Тағанұлы  Құран  оқыды, ізгі тілегін жеткізді. Мұсылман жамағаты атынан ақшалай көмегін ұсынды.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алла-тағала ауыртпа­лыққа ұшырағандарға қолұшын берген жандарды жақсы көреді» –деген екен. Олай болса, қиналған жанның жанынан табылып, көпбалалы отбасына  шынайы пейілмен қамқорлық танытқан жандарға Алла разы болсын, дейміз.

Райхан Азимова,

Талғар-ақпарат.