Ортақ тарихымыздың символы

Ортақ тарихымыздың символы

1-наурыз — Алғыс айту күні

    Бүгін қаламыздағы Талғар агробизнес және менеджмент коллледжінің Мәдениет үйінде жалпыхалықтық мереке — Алғыс айту күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толуына арналған мерекелік шара өтті. Қазақ халқы қашанда татулық пен бірлік мәселесіне ерекше мін беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретіде баяғы заманнан бағалап келген. Бұл мереке біздің ортақ тарихымыздың символы, Қазақстан халқының жалпыұлттық бірлігінің, құрметі мен ынтымағының күні. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде «Алғыс айту күні» деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын. Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні. Тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген терең тағзымның белгісі.

    Мерекелік салтанатта алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Жолан Омаров алып, Қазақстанның даму жолы – бүгін әлем таныған қуатты, сапалы тұрмысты, саяси-әлеуметтік тұрақтылығы берік мемлекеттің жолы екенін тілге тиек етіп, бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық саяси топтардың мүдделерін біріктіретін Қазақстанның саяси жүйесінің маңызды элементіне айналып, осы жылдар ішінде азаматтардың ұлттық және діни тегіне қарамай құқықтары мен бостандықтарының сақталуына кепілдік беретін құқықтық база жасалып, бұл база Қазақстанның ұлтаралық саясатының негізін құрағанын айтты. Ағымдағы жылы елдігіміз бен руханиятымыз үшін аса маңызды саналатын  ұлы Абай атамыздың 175 жылдығы мен «Әлемнің екінші ұстазы» атанған, күллі түркі жұртының бас ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетінін айтып өтті. Сөз соңында ел Тәуелсіздігін нығайтуға, оның қуатын арттыруға айрықша үлес қосқан барша азаматтарға шынайы алғысын білдіріп, құттықтауын жеткізді. Одан кейін кезекпе кезек сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматы қалалық түрік этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Қазақбай Касимов, Қазақстан кәрістері ассоцациясының мүшесі Клара Хван, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Элефтерия» облыстық грек этно-мәдени орталығының төрағасы Георгий Иорданиди,  Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ұйғыр авази» газетінің бас редакторы Ершат Асметов, №22 орта мектептің ұстазы Валентина Воробьевалар миллиондаған адамдардың өз ұлттық ерекшеліктерін сақтап, бақытын тапқан Отанына айналған киелі қазақ жеріне, қайырымдылығы мен кеңпейілдігі, даналығы мен қонақжайлығы үшін қазақ халқына алғыстарын айтып, ақжарма тілектерін арнады. Мерекелік салтанатты ауданымыздың мәдениет саласының мамандары әсем ән, тоқынды билерімен әрледі.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».