Көкейкесті мәселелер облыс әкімінің назарында

Көкейкесті  мәселелер  облыс  әкімінің  назарында

Жуырда Талғар қаласында орын тепкен М.Бейсебаев атындағы агробизнес және менеджмент колледжінің Мәдениет үйінде аудан әкімі Жолан Омаровтың ел алдындағы қорытынды есеп беру жиыны өтті. Келелі жиынға облыс әкімі Амандық Баталов және ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қуаныш Асылов,бірқатар облыстық басқарма, департамент басшылары қатысты. Билік пен қарапайым халық арасындағы үнқатысудың ашық алаңына айналған дәстүрлі жиынға аудан әкімінің орынбасарларынан бастап барлық мекеме, бөлім басшылары, мәслихат депутаттары, тұрғындар, қоғамдық ұйым мүшелері, қоғам белсенділері көптеп жиналды.

Талғар ауданына арнайы ат басын тіреген облыс басшысы А.Баталов ең алдымен Талғар өзенінің оң жағасындағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды жою, жөндеу-қалпына келтіру бойынша құрылыс базарының маңы және трикотаж фабрикасының аумағындағы 2 жоба аясында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Аталған жұмысты іске асырып отырған мердігер компания «Каз Гидро Спас» ЖШС-нің директоры Бақыт Нұрманов қолға алынған жұмыстар жайын жіті түсіндіріп өтті. Бірінші жоба бойынша жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары учаскесінің жалпы ұзындығы 465 м. құрайды. Құрылыстың жалпы сметалық құны 408 млн. теңге. 2019 жылы құрылыс жұмыстарына 200 млн. теңге игерілген, ал 2020 жылы межелеген жұмыстарды аяқтау үшін 191 млн. теңге қаражат қарастырылған.

Екінші жобада көрсетілген 338 м. аумаққа бағытталған құрылыстың жалпы сметалық құны 295 млн. теңге. Оның 100 млн. теңге қаражаты 2019 жылы игерілсе, биылғы жылы жұмысты аяқтау үшін 178 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Мұнда өзен жағалауын бекіттіруге бағытталған жұмыстар қызу жүріп жатты.

Келесі кезекте облыс басшысы бастаған топ аудан аумағында сүбелі инвестициялық жобаны іске қосып отырған «КазЛифт» ЖШС-і компаниясының жұмысымен танысты. Лифтқұрылыс компаниясының атқарушы директоры Алиш Халафовтың бастауымен қонақтар өндіріс цехтарын аралап, алдағы уақыттағы жоспарына құлақ түрді. Жеңіл жүк, ауыр жүк, жолаушылифт, эскалаторлар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көтергіштер жасаумен айналысатын кәсіпкерлік құрылымының жылына 400 лифт шығаруға, оған қоса 300 лифтіні жаңғыртуға мүмкіндігі бар. Бүгінде мұнда 30 адам жұмыспен қамтылған.

Осыдан соң облыс әкімі А.Баталов және өзге де лауазым иелері жиын өтетін Мәдениет үйінің фойесінде орналасқан ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарын айқындайтын стендтермен танысты. Мемлекеттік бағдарлама аясында төменгі пайызды несие, сонымен қатар қайтарымсыз грант алған шағын кәсіп иелерінің шығарған өнімдері жайғасқан көрме де облыс әкімінің қызығушылығын тудырды. Кәсіпкерлікке ден қойғандардың басым бөлігі көпбалалы аналар екен. Жылы жүзді кездесу барысында кәсіпкерлер үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлыққа өз ризашылықтарын білдірді.

Діттеген уақытта жиын басталып, алғашқы болып мінберге көтерілген аудан басшысы Жолан Омаров «Талғар ауданы әкімінің 2019 жылы атқарған жұмыстары және 2020 жылға арналған міндеттері туралы» есепті баяндама жасап, барлық сала бойынша еңсерілген істер мен болашақтың еншісіне қойылған ауқымды жұмыстарды егжей-тегжейлі қамтып өтті. Сахна төрінің қос қанатында орналастырылған экран арқылы ілеспе түрде дәйекті деректер мен нақты мәліметтер слайд түрінде жиналғандар назарына ұсынылып отырды. Аудан басшысы өз сөзінде қаңтар айының 22-і мен 31-і аралығында 10 ауылдық округ пен Талғар қаласында халықпен есептік кездесулерге 6207 адам қатысқанын, сонымен қатар кездесу барысында 144 адам жеке қабылдауында болып, 110 түсіндірме берілгенін, 34 мәселе бақылауға алынғанын жеткізді. Көтерілген мәселелердің басым көпшілігі мектеп, Мәдениет үйлерін салу, жол жөндеу, ауызсу, жер мәселесі, трансформаторлық подстанцияларды «Алатау Жарық Компаниясының» теңгеріміне өткізу, жаңа ықшам аудандарын жарықтандыру сынды мәселелер болғанын атап өтті. Баяндамада ең алдымен бюджеттің орындалу нәтижесі айтылды. Өткен жылы бюджетке 54 млрд. теңге салықтық түсімдер жиналып, жоспар 101% орындалған. Ауданымызда үш ауысымда білім беретін екі мектеп бар. Міне, осы мәселені шешуге де ерекше ден қойылып отыр. Былтыр Дәулет ауылында 300 орындық мектеп салынды, 2020 жылы Талғар қаласында 1200 орындық мектеп ғимараты бой түземек. Төңкеріс ауылындағы №23 орта мектепке 261 млн. теңге, Талғар қаласындағы облыстық санаторлық үлгідегі мектеп-интернатына 569 млн. теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілмек. Талғар қаласындағы №3 орта мектеп ғимаратының күрделі жөндеуіне 21 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаты даярланып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. 4 мектеп пен 1 балабақшаның күрделі жөндеуіне ЖСҚ есептеуге 60 млн. теңге бөлінді. Өзіміз көріп отырғандай, білім саласына биылғы жылы да мол қаражат бөлініп, көп жағдай жасалмақ. Сонымен қатар, аудан басшысы нәресте өлімінің 25 пайыздан 39 пайызға көбейіп кеткеніне күйініп, жүкті әйелдердің денсаулығына дәрігерлік бақылауды күшейтуді тапсырды. Жедел жәрдем қызметіне қатысты тұрғындар тарапынан көптеген арыз-шағым түскенін ескеріп, тағы да 4 автокөлік бөлінетінін алға тартты. Облыс басшысынан аудан орталығынан шалғай орналасқан Нұра, Қайнар ауылдық округтеріне қызмет көрсететін өрт сөндіру бөлімшесін ашуға ықпалдастық жасауын өтінді. Осылайша, аудан басшысының баяндауында өнеркәсіп, инвестиция, кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім, денсаулық, мәдениет, құқық қорғау салалары, ирригация, жер қатынастары,тұрғын үй құрылысы, жол, ауызсу, газ мәселесі, туризм, төтенше жағдай қызметі кеңінен қамтылып, атқарылған жұмыстар да, алға қойған міндеттер де жан-жақты қамтылды. Жалпы бұл жиын бұрынғыға қарағанда өзгеше форматта, қарқынды өтті. Халық облыс әкімінің келуін тағатсыздана күткендей, ойындағы арман-тілектерін, ұсыныс-пікірлерін ашық айтты, ризашылықтарын да білдірді.
Осыдан соң сөз кезегі тұрғындарға берілді. Талғар қаласының тұрғыны Ж.Бутабаева қаланың оңтүстігінде орын тепкен демалыс саябағында «Ардагерлер аллеясы» болса, деді. Панфилов ауылының тұрғыны Б.Жакишев газ жүргізуге төленетін төлемақының қымбаттығын, электр жарығына төленетін төлемақының да өскенін айтып шағымданды. Бюджет қаражатын тиімді пайдалануда бақылауды күшейтуді, жемқорлықпен күресте құқық қорғау органдарының жауапкершілігін арттыруды ұсынды. Алматы қаласынан келген қоғамдық ұйым өкілі Ю.Маленких және жастар мәселесі бойынша қоғам белсендісі В.Кудрявцев облыстық маңыздағы №4 мектеп-интернатының жатақхана бөлімінің тозығы жеткенін айтып, жөндеу жұмыстарына қаржы қарастыруды сұрады. Облыс әкімінің жауабына сүйенсек, аталмыш білім ордасының оқу ғимаратына 2011 жылы күрделі жөндеу жүргізілген екен, ендігі кезекте жатақхана бөлімі күрделі жөндеуден өтпек. Бүгінде жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Кәсіпкер Асхат Нұрмашев тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға тұрғын үй салып беруге дайын екендіктерін, бірақ инфраструктурасын жүргізуде көп қиыншылық болатынын айтып, көмек сұрады. Бұл сауалға жауап берген облыс әкімі осындай қайырымдылық ісін жүзеге асыратын азаматтарды қолдайтынын, баспана салынатын жердің инфрақұрылымын жүргізуге көмектесетінін айтты. Білім беру орталығының директоры Сауле Исабаева әлеуметтік іс-шараларды жүзеге асыруға негізделген орталыққа шағын орын бөлуді сұрады. Белбұлақ аулының тұрғыны Г.Қойшыбаева көше бойымен су жүйесіне қатысты құрылыс жұмыстарының өте кеш, суық мезгілде бастағандықтан, ауылдың ішкі жолдары бұзылғанын, әр жерде үйінді болып, қатып қалған топырақ пен шұңқырдың кесірінен автомашиналары да, жаяу жүргінші де зардап шегіп отырғанын ашына айтты. Ауыл әкімін де сын тезіне алды. Мұндай олқылыққа жол берген құрылыс мекемесі «тәртіпке» шақырылып, проблеманы шешу кешіктірілмей қолға алынатын болды. «Талғар құю-механикалық зауытының» өкілі Талғар электр торабы мекемесінің заңсыз жарықты кесу салдарынан, зауыт жұмысы тұралап, көп қиындық көргендіктерін айтып, шағымданды. Бұл мәселенің «ақ-қарасын» дереу анықтап, өндірістің жұмысын тоқтатпауға жағдай жасауды аудан әкіміне тапсырды. Талғар қаласының тұрғыны А.Қараев көпқабатты үйлердің газбен жылытуға төленетін төлемақының қымбаттап кетпеуін әрі қазандықтардың «аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясының» балансында болуын сұрады. Осы орайда айта кету керек, 2018 жылы 6 блокты модульді қазандықтар, ал 2019 жылы тағы да 15 блокты модульді қазандықтар орнатылып, бүгінгі таңда 3857 пәтердің жылу жүйесі газға қосылған. Тұрғындар тарапынан газ қосуға төленетін төлемақының Талғар қаласына қарағанда ауылдық округтерде екі есе қымбат екені де айтылды. Жыл озған сайын мектепке баратын бала саны артып келеді, бұл қуанарлық жағдай. Облыс басшысы мұның екі себебін атап өтті. Біріншісі – ішкі көші-қон болса, екіншісі – демографиялық өсім. Бүгінде облыс аумағында 38 үш ауысымда оқитын мектеп бар екен, оның екеуі Талғар ауданына тиесілі. Аталмыш мәселе басты назарда болғандықтан,сұранысқа сай жаңа мектептерді салу жұмысы да жоспарлы түрде жүргізіледі, делінді. Талғар қаласының тұрғыны, белорус этно-мәдени орталығының жетекшісі Жанна Третьяк бүгінде көпқабатты үйлердің жылу жүйесі газға қосылғанын айтып, облыс және аудан әкімдеріне алғысын айтты. Аудан тізгінін ұстағанына азғантай уақыт болған Жолан Омаровтың жұмысына оң баға беріп, әрі қарай да ел игілігі үшін аянбай ететіне сенім білдірді. Бұл күнгі кездесуде сөз алған қоғам белсендісі Құндызай Хасанова да облыс басшысына ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің жұмысын жоғары бағалады. Сонымен қатар бүгінде Талдықорғанға бекітілген жедел жәрдем қызметін сын тезіне алып, оның жұмысын қайтадан ауданға беруді талап етті. Аудандық ауруханаға қосымша жапсарма салып, стационардағы науқастарға арналған жатын орынды көбейтуді, жұқпалы ауруды емдейтін аурухана салуды сұрады. Нәресте өлімінің көбеюуі жан түршігерлік жағдай екенін қостап, бұл бағытта нақты жұмыстар атқаруды ұсынды. Панфилов ауылының тұрғыны, қоғам белсендісі Г.Арзамасова да қос әкімге алғысын жаудырып, жаңадан тағайындалған аудан әкімінің жұмысына көңілі толатынын әрі мол үміт артатынын айтып, оң бағасын берді. Талғар ауданының тұрғыны, белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлы бұл күнгі жиында атқарушы билік пен қарапайым халықтың арасында керемет байланыс, ыстық ықылас орнағанын көріп, қуанғанын жасырмады. Айтылған талап-тілектер, ұсыныс-пікірлер ескерусіз қалмайтынына сенім білдірді.
Жиын барысында облыс әкімі Амандық Баталов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы игі қадамдар мен жемісті нәтижелерге, соның ішінде жол, мектеп құрылысы, газ құбырын тарту, саяжай тұрғындарының мәселесіне де қысқаша тоқталып өтті. Аудан аумағында заңсыз құрылыс жүргізу фактілері жиі орын алып отырғандықтан, аталған заңбұзушылық әрекетіне қатаң түрде тыйым салынатынын да ескертті.

Есепті жиынның жалғасы облыс әкімі Амандық Баталовтың жеке қабылдауына ұласты. Белбұлақ ауылының тұрғыны Ізбасар Нақысбеков көше жарығын, балабақша мәселесін, дәрігерлік амбулаторияға автокөлік бөлінуін, Мәдениет үйін салу, жол қауіпсіздігі белгілерін орнату керектігін айтып, халықтың тілегін жеткізді. Бірлік ауылының тұрғыны, ауданның Құрметті азаматы Сапархан Исаев жайылым мәселесін, ауданымызда жауапты қызметтерге лайық болатын кадр резервін дайындау жұмысын, бюджет қаражатын тиімді жұмсалуына қатысты бақылауды күшейту, жемқорлықпен күрес мәселелерін көтерді. Жедел жәрдем қызметінде орын алған кемшілікті айта келе, Белбұлақ және Алатау ауылдық округтерінің халық саны мен аумағын ескере отырып, әрқайсысына бір-бір жедел жәрдем бригадасын бөлуді сұрады. Сонымен қатар, табиғи монополияға қатысты ауыз су, жарық, газға төленетін төлемақылардың мөлшері туралы ақпаратты халық білу үшін газет бетінде жариялау керектігін айтты. ІІ-топтағы мүгедек Салтанат Құрманбаева жалға берілген пәтерін жекеменшік иелігіне алғысы келетінін, коммуналдық қызмет төлемдеріне көмектесуін сұрады. Бұл кісінің өтініш-тілегі қанағаттандырылатын болды. Қоғам белсендісі, Талғар қаласының тұрғыны Құндызай Хасанова жалпыға ортақ жерлерді заңсыз иемдену мәселесін, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық орындарда жүріп-тұруына арналған пандустардың талапқа сай еместігін айтты. Сонымен қатар полиция жұмысын қатаң сыңға ала отырып, учаскелік полиция қызметкерлерінің аздығын, тірек пунктердегі материалдық-техникалық жағдайдың төмен екендігін жеткізді. Кәсіпкер Хамза Алиев деген азамат аулшаруашылық жеріне суармалы су берілмей отырғанын қынжыла жеткізді. Талғар қаласының тұрғыны К.Суслова азық-түлік бағасының тым шарықтап кеткенін айтса, Бірлік ауылының тұрғыны М.Кенжебаев аудандық ІІБ қызметкерлерінің жұмысына сын айтып, сонымен қатар мектепке баратын төте жолды салу мәселесін көтерді. Жеке қабылдауға көп адам келді. Бәрінің де қойған сауалдары, талап-тілектері назардан тыс қалмады. Бірқатарына бірден түсіндірме жауаптар берілсе, кейбір мәселелерді шешуде аудан әкіміне, сала басшыларына, құзырлы орган өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктелінді. Осылайша, төрт сағатқа созылған есепті жиын өз мәресіне жетіп, жиналған халық аудан әкімінің жұмысына оң баға беріп, алдағы күннен мол үміт күтіп тарқасты.

Иә, әкім – ел үмітін арқалаған, халықтың қамқоршысы, жанашыры, деп қабылдаймыз. Ел тізгінін ұстаған әрбір азамат осы биік үрдістен көріне білсе, халықтың да айтары тек алғыс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Әкімнің қандай адам екенін білгің келсе, оған халықтың қалай қарайтынын біл. Оны халық қалай бағаласа, оның кім екені анықталады. Көпшіліктің берген бағасы Алланың ізгілігімен тең», – деген екен. Бұл күнгі жиында аудан әкімі Жолан Ыбырайақынұлына деген халықтың шынайы ілтипатын, зор сенімін байқадық. Алда талай-талай атқарылуға тиісті ауқымды істер, келелі міндеттер, жүйелі жұмыстар тұр. Дана халқымыз:«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп тегін айтпаған, олай болса, әкіміміз бас болып, бірлесе ел игілігі жолында аянбай еңбек етейік!

Райхан АЗИМОВА,

Талғар-ақпарат.