Ерен еңбек лайықты бағасын алды

Ерен еңбек лайықты бағасын алды

Ұстаз есімі әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан да ұлағатты ұстаздар алдында бас иіп, құрмет көрсету баршамыздың парызымыз.

Өткен аптада аудан әкімі Жолан Омаров ауданымыздың білім саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып келген бірқатар мекеме басшыларын зейнет демалысына салтанатты түрде шығарып салды. Игі шараға аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы да қатысып отырды. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ахмет Әшімахұнұлы ашып, алғы сөзді аудан әкіміне берді. Өз сөзінде аудан басшысы Жолан Ыбырайақынұлы ұстаз мәртебесінің биіктігін алға тартып, зейнет демалысына шығып жатқан әрбір мектеп директорының ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесін ерекше атап өтіп, мектеп жетістіктерін де тілге тиек етті. Атап айтқанда, Бірлік ауылындағы Б.Момышұлы атындағы №35 мектеп-гимназиясының директоры, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, аудандық мәслихат депутаты, ауданымыздың Құрметті азаматы, іскер ұстаз әрі ғалым Айтжамал Нұрбатырова, Талғар қаласында А.Байтұрсынов атындағы №7 орта мектеп-лицейінің директоры, білікті басшы Такура Агильская, №6 Ж.Жабаев атындағы орта мектептің директоры, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Мәнсия Боранбаева, қаламыздағы №2 «Бөбек» балабақшасының меңгерушісі, балдырғандар тәрбиесіне қырық жылдан аса еңбек сіңірген ұлағатты жан Ольга Которова, Алматы облыстық жас натуралистер станциясын отыз жылдан аса басқарған табиғат жанашыры Мамед Махмудовтың еңбегін көпке үлгі етті. Сөз соңында зейнеткер ұстаздарға ақжарма тілегін арнап, құрмет көрсетті. Әрқайсысына «Алғыс хатын» табыс етіп, зерлі камзолы мен шапанын кигізіп, ақ жаулығын жауып, гүл шоғы мен сыйлығын табыс етті.

Аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы да құттықтау сөз сөйлеп, ұлағатты жандарға ақ тілегін білдірді. Еткен еңбектің еленгені кімге де болса қуаныш, көңілге үлкен медет емес пе?! Құрметті мамандықтың иесі болып, ұлағатты ұстазға тән үлгі көрсеткен, талай шәкірттердің жүрегінен орын алып, тәлімді тәрбие берген ардагер ұстаздарымыз да кезекпе-кезек сөз алып, адам өмірінің өлшемі — өмір сүрген күндерімен, жылдарымен емес, ғұмырындағы мәнді тірлігімен, елге тигізген пайдасымен, өнегелі істерімен өлшенетінін алға тартып, өздеріне құрмет көрсеткен аудан басшылығына алғысын айтып, ризашылықтарын білдірді. Көтеріңкі көңілде өткен салтанатты шара соңында барша қауым естелік суретке түсіп, тарасты.

Перизат НҰРҚАЕВА,

Талғар-ақпарат.