Оң өзгерістерге қуанып аттанды

Оң өзгерістерге қуанып аттанды

Жаңа жылдан кейін депутаттар әдеттегідей ел ішіне шығып, тұрғындардың өтініш-тілектеріне құлақ асатыны белгілі. Апта басында ауданымызға ат басын бұрған Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Нурумов Шаймардан Үсенұлының мақсаты да осы межеден ауытқыған жоқ. Бұған дейін де бірнеше рет келіп, өңіріміздің тыныс-тіршілігімен жақсы таныс ел қалаулысы бұл жолғы іс-сапарын қаламыздағы 2018 жылы қолданысқа берілген «Алмалы» балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінен бастады. Түрлі спорт түрінен 917 бала жаттығатын спорт мектебінің жұмысымен танысқан ел ағасы, жас спортшылардың жетістіктерін көріп жоғары баға берді. Кейіннен қаламыздағы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа салынып жатқан, жалпы аумағы – 19,5 мың шаршы метр болатын 340 пәтерлі 6 тұрғын үй құрылыс нысандарына бас сұқты. Құрылыс алаңындағы жұмыс тобымен кездесіп, жұмыс сапасына көз жүгірткен депутат, жұмысшылардың қалауларын сұрап, талап-тілектерін түртіп алып жатты. Сөзінің соңында жүргізіліп жатқан үй құрылысының сапалы әрі мерзімге сай берілуін назарға алатындығын жеткізді. Сонымен қатар қолданысқа берілгеніне бір ай бола қоймаған «Автобаза» ықшам ауданына қарасты Руставелли көшесіндегі көпқабатты үйлердің ауласына қойылған №1 модульді жылыту қазандығын да көріп қайтты.
Халық игілігі үшін жасалып жатқан аталмыш нысандарды аралап шыққаннан кейін Гүлдала ауылына барып мектеп мұғалімдері және ауыл тұрғындарымен кездесу жиынын өткізді. Халықпен кездесудегі басты мақсат жаңадан қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы төңірегіндегі сұрақтарға жауап беріп түсіндерме жұмыстарын жүргізу болатын. Өз кезегінде Шаймардан Нурумов мұғалімдердің еңбек жалақысын көтеру, еңбек демалысын ұлғайту, педагогтік шеберлігін арттыру және тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеуге бағытталған шаралар осы заңда көзделгені туралы атап айтып аталған маман иелерін бір қуантып тастады.

Сұрақ-жауап форматында өткен жиында төбе көрсеткен аудан тұрғындарының да мұң-мұқтажын ден қоя тыңдап, шешу жолдарын да қарастыратынын жеткізді. Жиналысқа қатысқан қараша халықты толғандырып жүрген мемлекеттік атаулы көмек жайында да сөз болды. «Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмектi тағайындау және төлеу және кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы №320 бұйрығына өзгерістер енгені жайында толық түсіндіріп берді.

Сөзінің соңында жақында болған әуе апаты кезінде бір кісідей ауызбіршілік танытып сол бір қиын тұста көмек көрсеткен ауыл тұрғындарына өзі атынан алғысын айтты. Сонымен қатар ауданымызда болып жатқан оң өзгерістер үшін қуанышты екенін білдіріп, бұдан ары да өсіп- өркендеуіне тілектес екенін танытты.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
«Талғар».