Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады

Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады

Адам үшін денсаулықтан артық байлық жоқ. Әйтсе де, өмір болған соң адам баласы әр түрлі жағдайлар мен қиындықтарды бастан кешіретіні де анық. Шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен денсаулықпен сыналып, кемтар болып туылған сәбилердің жан дүниесін түсіну, оларға жүрек жылуын сыйлау, қамқор болып, жанға батқан жан азабын неғұрлым жеңілдету ата-ананың ғана емес, бүткіл қоғамның алдында тұрған өте жауапты да сауапты іс.

Кемтар жандарға өздерін қоғамның толыққанды мүшесіндей сезінуі үшін қолда бар мүмкіндікті толықтай пайдаланып, жабырқаған жандарына шуақ сыйлау сауапты іс болып саналады.
«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» деп тегін айтылмаған. Мүкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге қуаныш пен шаттық сыйлауға асыққан аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова бастаған облыстық мәслихат депутаты Ольга Которова, аудандық мәслихат депутаттары Сұлтан Нұрдәулетов, Серік Құрақбаев, қала әкімі Талғат Нұрмолдаев Талғар қаласында орын тепкен «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, ондағы балдырғандарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, тәтті толы сыйлықтарын табыс етті. Аталмыш орталықта бүгінде 82 мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленуде. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырылып отырған қамқорлық шарасын жүзеге асыруды қолға алған қонақтарды құшақ жая қарсы алған аталмыш мекеменің директоры Лязат Абдрахманова балалардың жатын бөлмелеріне бастап, ондағы бүлдіршіндерге көрсетіліп жатқан медициналық, педагогикалық жұмыстармен таныстырды. Осыдан соң Жаңа жыл кешіне жиналған мүмкіндігі шектеулі балалар Аяз ата мен Ақшақар, сондай-ақ түрлі ертегілер елінің кейіпкерлерімен ұйымдастырылған сахналық көріністі тамашалап, шама-шарқынша би билеп, ән айтты. Жиналған бүлдіршіндерді Жаңа жылмен құттықтаған аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірініші орынбасары М.Ермағанбетова, қала әкімі Т.Нұрмолдаев және облыстық мәслихат депутаты О.Которова жылы лебіздерін білдіріп, сауапты істің басы-қасында жүрген мекеме мамандарына алғысын білдірді. Сонымен қатар «Азамат әлеуеті» жеке қайырымдылық қорының президенті Алмагүл Сейсенова аталмыш мекеме басшысы Л.Абдрахмановаға Тұңғыш Президент қайырымдылық қоры атынан «Алғыс хат» табыс етіп, жылы лебізін білдірді. Жүздері қуаныш пен шаттықққа толы балалар, шырша жанында суретке түсіп, тəтті сыйлықтарын алды.
Осыдан кейін арнайы топ ат басын Қызыл Қайрат ауылындағы «Ақ жол-М» денешынықтыру сауықтыру орталығына бұрды. Рушана Тохтохунова жетекшілік ететін аталмыш орталықта мүмкіндігі шектеулі 120 бала күндізгі уақытқа белгілеген сауықтыру шараларына қатысып, ем-домын алу мүмкіндігіне ие. Бұл күнгі Шырша мерекесіне балалар мен олардың ата-аналары көптеп жиналыпты. Жиналған көпшілікті Жаңа Жыл мерекесімен құттықтаған аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.Ермағанбетова ақжарма тілегін жеткізді. Арнайы ала келген тәтті толы сыйлықтар орталыққа келетін барлық бүлдіршінге берілді. Жүздері бал-бұл жанған балдырғандар мерекелік кештен мол әсер алып, көңілдері көтеріліп тарқасты.

Райхан АЗИМОВА,
«Талғар».