АӘК тағайындаудың жаңа талаптары

АӘК тағайындаудың жаңа талаптары

Осы аптада аудан әкімдігінің кіші жиын жайында аудан әкімінің орынбасары Ахмет Әшімахұнұлының жетекшілік етуімен өткен семинар-жиында жаңа жылдан бастап енгізілген АӘК тағайындаудың жаңа форматы жан-жақты түсіндірілді.

Маңызды жиынға Талғар қаласының және ауылдық округтердің әкімдері, жергілікті жерлерде құрылған учаскелік комиссиялардың мүшелері, аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары қатысты.

Үкіметтің атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудағы негізгі ұстанымы – көмекке шынайы мұқтаж азаматтарға көмектесу болып табылады. Бұл ретте алдыңғы кезекте балаларға және көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу тұр. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі тиіс, бұл ретте мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналасуға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

Семинар-жиында алғашқы болып сөз алған жұмыспен қамту орталығының басшысы Райхан Джулимбетова аталмыш бағытта өткен жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқтала келе, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген АӘК көрсетудің жаңа тәсілдемелері жайында толыққанды түсіндіріп берді.

Жаңа заң жобасында көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыны табысына, материалдық жағдайына қарамастан төлеу ұсынылып отыр.

Ол балалардың санына қарай 42500 теңгеден 73 мың теңгеге дейін сараланған мөлшерде беріледі. Дәлірек айтсам, 4 баласы бар отбасыларға 42500 теңге, 5 балаға – 53125 теңге, 6 балаға – 63750теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге төленетін болды. Мемлекеттік көмекке – көпбалалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларына атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы төмен отбасылардағы балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакет қарастырылатыны да айтылды. Бұл орайда табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік көмек көрсетілетін болады. Бір жастан алты жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, осы аталған отбасы балаларының мектепке дейінгі жол жүру шығыны да өтелетіні айтылды. Сала басшысы учаскелік комиссиялардың міндеті мен функцияларына жіті тоқталып, атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген адамдардың, отбасылардың материалдық жағдайына тексеру шарасын үлкен жауапкершілікпен атқарып, әзірленетін қорытынды құжаттарды толтыруда сергектік танытуға шақырды. Осыдан кейін сөз алған аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Бегжан Тұрсын АӘК-ің жаңа жүйедегі өзгерістерді саралай жеткізіп, тұрғындар тарапынан жиі қойылатын сауалдарға қатысты түсініктемелер берді. Семинар соңында жиналғандар тарапынан бірқатар сауалдар қойылып, тұщымды жауаптар берілді. Жиынды аудан әкімінің орынбасары А. Әшімахұн қорытындылап, аталған жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқаруды қадап тапсырды.

Райхан Азимова,
«Талғар».