Жуырда 25 қараша күні ел астанасында «Nur Otan» партиясының өңірлік филиалдары өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өткен болатын. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» қоғамдағы бір қатар мәселелерді назарға алып, партия жұмысына өз бағасын берген болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы ел дамуының барлық бағдарламалық құжаттарын іске асыру үшін күш-жігерді біріктірудің маңыздылығына назар аударып, ең алдымен «Қазақстан-2050» Стратегиясы, үкіметтің «Ауыл — Ел бесігі», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары және басқа да маңызды жоспарларын іске асыру керектігін алға тартып, партия жетекшілері алдына бірнеше маңызды міндеттер жүктеді.
Осыған орай өткен аптаның жұмасында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық «Nur Otan» партиясының төрағасы, аудан әкімі Жолан Омаровтың жетекшілігімен аудандық партия активінің жиыны өтті. Жиынға аудандық Саяси кеңес мүшелері, аудан әкімінің орынбасарлары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, бөлім басшылары қатысты. Күн тәртібіне Елбасының партияның аймақтық филиалдары өкілдерімен кездесуі кезіндегі алға қойған міндеттерін жүзеге асыру мәселесі қойылды. Бірінші болып мінберге көтерілген аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова «Nur Otan» партиясының қайта жаңғыру шеңберінде берілген «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам. «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» бағыты аясында аудандық партия филиалында атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндама жасады.
Өз сөзін жұмыс кеңесіндегі партияның бірінші орынбасары Б. Байбектің баяндама жасап, партияның 20 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, елімізде болған барлық оң өзгерістердегі «Nur Otan» партиясының рөлін айқындап бергенінен бастап, Партия төрағасы жүктеген тапсырмалар мен міндеттер жайына көшті.
– Қазіргі уақытта Партия Төрағасының «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам. – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты бағдарламасында бізге жүктеген барлық міндеттер – жұмысымыздың маңызды бағыты, – дей келе осы жеті серпінге жекелей тоқталып, ауданымызда атқарылар істерді айқындады.
Партия Төрағасының көктемде елдігіміз үшін үлкен саяси мәні бар сайлау науқаны күтіп тұрғанын тілге тиек етіп, Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, алдағы болатын мәслихаттар депутаттары сайлауына орай «Nur Otan» партиясы аудандағы барлық сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына үміткерлердің резервін анықтау үшін праймериздер өткізіп, сол арқылы сапалық құрамға мән беруді тапсырған. Мәслихат депутаттық құрамның отыз пайызын әйел азаматтардан, жиырма пайызын жастардан және БАҚ өкілдерінен жасақтауы тиіс екенін айтқан. 2020 жылдың наурыз айына дейін барлық БПҰ-да «WhatsApp» топтарын құрып біртұтас ақпараттық желіге қосу жоспарланған.
Партияның тиімділігін арттыру мақсатында партия қажетті емес және нысанды іс-шаралардан бас тартқан болатын. Партиялық жобалардың саны 4 есеге азайып, нақты әлеуметтік топтарға бағдарланған 6 әлеуметтік жоба жүзеге асып отыр. Енді осы жобаларды жүйелі жүзеге асыруға көп көңіл бөлінуде. Атап айтсақ, «Бақытты отбасы» жобасы аясында көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына партия белсенділері мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттар қамқорлығына алса, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ауданымыздағы 15 Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен бір ғасыр өмір сүрген аналарымызға, жалғыз басты тыл еңбеккерлеріне көмек көрсетілді. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ерекше күтімге мұқтаж 21 азаматтың қатысуымен бірыңғай тақырыптық қабылдаулар өтіп, өтініштердің 17-сі оң шешімін тауып, 4-уі бақылауға алынған. Осылайша жеті серпінге жеке тоқталып, алдағы атқарылар істерді баяндап берген Мейрамгүл Сағынжанқызы сөз соңында партияның қоғамдағы рөлін айқындап, барлық депутаттарды әлеуметтік желілерді белсенді қолданып, сайлаушылармен тығыз байланыста болуға, заң шығарушылық жұмыстағы жаңалықтар жайында айтып, халықтың пікірлерін білуге және оны күнделікті жұмыста пайдалануға шақырды. Бұдан былай әр нұротандық, фракция мүшелері іс-шараларда депутаттық төсбелгімен бірге партиялық төсбелгіні тағу, партия туын, атрибутикасын қолдану, логотиптерін іліп қоюды күнделікті жұмысы барысында қолдануы қажеттігін алға тартты. Одан кейін мінберге көтерілген аудандық мәслихат хатшысы, партияның саяси кеңесінің мүшесі Жұмахан Еңкебайұлы партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы белгілегендей, «Nur Otan» партиясының беделі, ең алдымен, депутаттардың жұмысына байланысты екенін айтып, жекелеген бағыттар бойынша депутаттардың жұмысын күшейту керектігін алға тартты. Мәслихаттардағы фракция депутаттарының партиялық жауапкершілігін түбегейлі түрде күшейтуге, бөлінетін қаражаттың жұмсалуына нақты партиялық бақылауды қамтамасыз етуге, мәслихат депутаттары белсенді жұмыс жүргізіп, халықпен кездесіп, олардың мәселелерін шешуге, БАҚ үшін ашық болуға, «жаңа медиада» жұмыс істеуге тиіс екенін жеткізді. Ал аудан жастары атынан сөз алған «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі, саяси кеңес мүшесі Замира Қалымбетова партияның айналасында жастарды біріктіру бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін айтқан Партия Төрағасының сөзін негізге алып, жастар – партияның келешектегі көшбасшылығының кепілі екенін айтып, жігерлі жастардың атқарып жатқан игі істерін тілге тиек етті. Жасотандықтардың аудан жастарының әлеуетін дамыту бағыты бойынша жұмыс жасап, бағамды бағдарламалардың жүзеге асуына өз үлестерін қосатындықтарына сендірді. Актив жиынын қорытындылаған аудан басшысы Жолан Ыбырайақынұлы партия Төрағасы Н.Назарбаев жүктеген міндеттер мен жиын барысында көтерілген мәселелерге орай партияластарына бірқатар тапсырмалар беріп, жиынды жапты.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».