Ұлттық идеологияның негізі баспасөз парақтарында жатыр. Республика көлемінде жарық көретін газет-журналдар мен облыс, аудан орталықтарында жарық көретін газеттердің өз міндеті бар. Мәселен, аудандық «Талғар» газетінің міндеті – Үкімет бекіткен қаулы-қарарларға сәйкес, аудан көлемінде атқарылып жатқан экономикалық жаңалықтар мен әлеуметтік салалардағы түйткілді мәселелер, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауын дер кезінде насихаттап отыру. Сондықтан аудан өмірінің тынысы «Талғар» газетіне жазылу – әр Талғар азаматының перзенттік парызы деп білемін. Талғар қаласындағы 2018 жылы пайдалануға берілген «Алмалы» балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде бұл күндері спорттың: бокс, жағажай волейболы, грек-рим, қазақ күресі, волейбол, еркін күрес, жеңіл атлетика, футбол, таэковандо, каратэ-до, самбо, жекпе-жек, тай боксы түрімен 917 бала жаттығады. Оларға 37 жоғары білімді, білікті жаттықтырушылар дәріс беріп, сан-салалы спорт түріне дайындап жатыр. «Спорт – денсаулық кепілі» – десек, салауатты өмір салты мен дене тәрбиесінің адамзат баласы үшін орны ерекше екенін насихаттап, аудан мектептерінен шыққан жас спорт жұлдыздары туралы жиі-жиі мақала беріп тұратын «Талғар» газеті журналистеріне алғысымыз шексіз! Сондықтан 2020 жылы «Талғар» газетіне 12 айға толық жазылуды «Алмалы» спорт мектебінің ұжымы бір кісідей қолға алып отыр. Бұл аудан өмірінің айнасы – «Талғар» газетіне деген құрметіміз болмақ.
Дәурен Үшкемпіров,
«Алмалы» спорт мектебінің директоры,
киокушинкай каратэ-додан спорт шебері,
қара белбеу, ІІ дан иегері.