Аяулым күміс жүлде алды
Әлемде адамзат баласы ойлап тапқан спорт түрлері көп. Соның бірі – соңғы кездері әлем жастары ден қоя бастаған панкратион спорты. Ежелгі Грецияда б.э. дейінгі 648 жылдары Олимпиада ойындарына енгізілген осы спорт түрі бұл күндері жаңарып, жаңғырып әлемдік жекпе-жек өнерінің қызғылықты түріне айналғалы осы спорт түрімен айналысатын қазақ ұл-қыздарының қатары күн өткен сайын көбейе түсуде. Солардың қатарына қаладағы И.Ф.Халипов атындағы №1 орта мектептің 11-сынып оқушысы Ұлан Аяулым Бақытқызы атты он алты жасар бойжеткенді қосуға әбден болады. Осы спорт түрімен айналысардан бұрын бокс өнерімен машықтанып, кейін қаладағы «Айбын» спорт клубына шақырту алған Аяулым екі-үш жылдан бері облыс, республика көлеміндегі жарыстарда панкратион өнерінен бақ сынап жүр. Оны жаттықтырушысы Төлеген Адыкенов жаттығу залында әбден дайындап, үлкен додаларға қосып жүр. Күн өткен сайын шар болаттай шыңдалған Аяулым биылғы жылы Алматы облысының ашық чемпионатында бас жүлдені жеңіп алып, Қазақстан чемпионатына жолдама алған болатын. Ал, республика чемпионаты Ақтау қаласында өтіп, осы дүбірлі додаға жақсы дайындықпен барған талғарлық қыз қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтып, әлем чемпионтына жол тартқан еді. Әлемдік дода Италияның Рим қаласында өтті. Европа мен Латын Америкасының спорты жақсы дамыған мемлекеттерінен келген панкратион шеберлері айқасқа түскен осы чемпионатта төрт қарсыласын тізе бүктірген Аяулым Бақытқызы ақтық сында Ресей спортшысымен кездесіп, одан ұпай санымен жол беріп, әлем чемпионатының күміс медалін мойнына ілді. Қаршадай қыздың әлем чемпионатында жүлде алуы, Талғар халқы үшін үлкен мақтаныш екені даусыз. Спорттағы жарқын жолы енді басталған Аяулым Бақытқызына тек жеңісті жолдар тілейміз!
Тұрсынбек Жалғасбаев
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ