Қызыл-Қайрат ауылында, жалпы Алатау ауылдық округіне қарасты ауылдарды қосқанда 10 мыңнан астам халық тұрады. Міне, осы халыққа Қызыл-Қайрат ауылындағы «Қазпошта» акционерлік қоғамының бөлімшесіндегі 1 оператор, 2 пошташы қызмет етуде. Ауылдағы 900 зейнеткер осы жерден зейнет ақысын алса, халыққа несие беру бойынша 5 банк филиалдары жұмыс істеуде. Пошта қызметкерлері республика көлемінде ғана емес, алыс-жақын мемлекеттерге сәлемдеме (посылка) жіберу және қабылдап алу сияқты қат-қабат жұмыстарды қоса атқарады. Ауылдардағы күн сайын қанатын кең жайып, өсіп бара жатқан 40-тан астам көше тұрғындарына жарық, газ, су, тағы басқа төлем қағаздарын жіберу де бізге жүктелген. Бұл жұмыстарды осы пошта қызметінде ұзақ жылдардан бері жүрген Светлана Алтынбаева мен Тұрақыз Ниязова сияқты еңбекқор жандар адал атқаруда.
Қазір баспасөз науқанының қызған шағы. Халықты бұрынғыдай күштеп жазғызу деген ұмыт қалғалы қашан. Дегенмен де республикалық «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Айқын», облыстық «Жетісу», «Огни Алатау» газеттері мен аудан өмірінің айнасы – «Талғар» газетіне жазылатындар қатары аз емес. Әсіресе, ауданда өтіп жатқан мәдениет және спорт шараларын, білім, денсаулық, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерді, үкіметтің қаулы-қарарлары мен Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арналған Жолдауын қарапайым мысалдармен түсіндіріп беретін «Талғар» газетінің журналистеріне халық әрдайым да жақсы бағасын беріп жатады.
«Баспасөз – ақ қағаз бетіндегі ар-ождан» – деген тамаша пікір бар. Сондықтан халықтың көзі, құлағы һәм дем берушісі саналатын «Талғар» газетін округтегі аналар Кеңесі, ақсақалдар алқасы, түрік, ұйғыр, әзербайжан, орыс, қазақ ұлтының өрелі азаматтары құрайтын Қызыл-Қайрат ауылының халқы 2020 жылы 100 данаға, 12 айға толық жазылып, басқаларға үлгі болады деп, зор сеніммен айта аламын. Өйткені «Талғар» газеті – әрбір талғарлықтар үшін орны ерекше үнпарақ!
Эльвира Қадырова,
Қызыл-Қайрат ауылындағы
«Қазпошта» АҚ-ның бөлімше меңгерушісі.