«Талғар» газеті – ежелгі сырласым

«Талғар» газеті – ежелгі сырласым

Баспасөз – 2019

Қазір баспасөзге жазылу науқанының қызған шағы. Баспасөз – тіршілік тынысы, өмір айнасы десек, ақпарат ағыны тасқындаған дәл қазіргі кезеңде газет-журнал мен түрлі басылымдар бәсекеге қабілетті болу үшін күш салуда. Соның бірі келер жылы 85-жылдық тарихын тойлағалы отырған қоғамдық саяси, әлеуметтік-экономикалық «Талғар» газеті. Аудан тұрғындары үшін «Талғар» газетінің орны ерекше. Бұл газет сексен төрт жылдық тарихында үлкен мектеп қалыптастырып, қоғамның айнасына айналды. Өткен ғасырдағы Ұлы Отан соғысы кезінде халықты жігерлендіріп, Ұлы Жеңіске қол жеткен тұста да, содан кейінгі елді индустрияландыру мен «Тың игеру» тұсында да бүкіл талғарлықтарды жарқын болашаққа бастай білген осы «Талғар» газеті болғанын ескі көз қариялар әлі күнге жыр қылып айтады. Бұл күндері Тәуелсіз Қазақстанның: «Болашаққа бағдар»: «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасының аясында жұмыс жасап, аудан оқырмандарының көзі, құлағы һәм тілі болып келе жатқан «Талғар» газетінің таралымы азайып кеткені жасырын емес. Қазір бәсекелестік заманы. Әр басылым өз жағдайын өзі күйттейтін уақыт келді. Талғар халқының көзі, құлағы, һәм дем берушісі «Талғар» газетінің таралымы төмендеп кеткені елдігімізге сын деп білемін. Сондықтан сексен төрт жылдық тарихы бар «Талғар» газетіне аудандық Жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылар қауымы 2020 жылдың 12 айына түгел жазылуды жөн көріп отырмыз. Әркімге өз көйлегі өзіне жақын демекші, әрбір талғарлық патриоттардың аудан өмірінің айнасы – «Талғар» газетіне бір кісідей ат салысады деген сенімдемін.

Серік Құрақбаев,
аудандық жасөспірімдер спорт мектебінің директоры,

еркін күрестен «КСРО спорт шебері».