Дәрігер – мамандықтың асылы

Дәрігер – мамандықтың асылы
Дәрігер мамандығы – мамандық атаулы ішіндегі ең қасиеттісі әрі абыройлысы. Дәрігер мамандығы – аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық. Дәрігер –адам жанының арашасы, адам жанының зерттеушісі, бағдаршамы, қорғаны екен. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. «Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деген ата-бабамыздың айтқан ұлы да ұлағатты сөздері бар. Арыстандай еш нәрседен қорықпайтын өзінің бойын қорқыныштың баурап алуына жол бермейтін, қыздай өз ісіне байыппен қарайтын, өз ісіне сеніммен қарай білетін, анадай науқастарға мейірімін төге білетін, өзінің анасы өзіне қандай мейіріммен қараса, ол да науқастарға сондай мейіріммен қарай білетін жан болуы тиіс.
Егер, осы аталған қасиеттердің барлығы мамандық иесінің бойынан табылса, онда ол үздік дәрігер атанар еді. Болашақ маман иелерінің бойына осындай асыл қасиеттерді сіңіріп, білім беріп, біліктілікке тәрбиелейтін «Талғар медициналық колледжі» мекемесі күні кеше табалдырығын аттаған бірінші курс жеткіншектерін студент қатарына қабылдады. Қиялдарын қанаттарына байлап, армандарын арқалап келген жастарға арналған салтанатты кеш қаламыздағы №7 мектеп-лицейінің акт залында өтті. Игі шара айбынды Әнұранымызбен ашылды. Ортаға медицина атасы Гиппократтың ізін жалғастырушы Ескулап пен оның балалары Афина, Анатомия, Панацея, Фармакология, Гигиена және Хирургия білім алауы мен ғылыми мәрмәр тасын алып шығып, медицинаның қыр-сырын ашар өлеңдерімен өздерін таныстырды. Барша білім алушылармен бірге ант қабылдады. Содан кейін сахнаға болашақ медицина мамандарына ақжарма тілегін арнау үшін колледждің құрылтайшысы Жеңіс Досбаев шақырылып, құттықтау сөз сөйлеп, студенттер үшін алғашқы құнды құжат «Студенттік билет» қолтаңбасын қойды. Келесі кезекте кеш қонағы аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова кеше ғана мектеп табалдырығын тәмамдап, бүгінде студент атанып отырған болашақ ақ халаттыларға ақжарма тілегін жеткізіп, оқу орнының бірқатар белсенді ұстаздары мен студенттерін «Алғыс хатымен» марапаттады. Әрі қарай көңілді кешті колледж өнерпаздары әсем ән, толқынды бимен әрлеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Перизат НҰРҚАЕВА
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ
TELEGRAM  КАНАЛЫМЫЗҒА ЖАЗЫЛЫҢЫЗ!