Рекордтық өнім жинады

                             Рекордтық өнім жинады
Халқымызда «Көктемнің бір күні жылға азық» деген даналық бар. Жаз бойы бел жазбай еңбектеніп, Жер- Анадан ризық – несібесін теретін шаруалар қауымы бұл тәмсілдің астарын тереңнен түсінеді. Өйткені көктемде басталатын қарбалас жұмыс жазда қызып, күз мезгілінде дамыл табады. Биылғы жылы да ауданымыздың шаруалары жыл қорытындысын жемісті аяқтап жатыр. Солардың алдыңғы қатарында «Байсерке-Агро» көпсалалы агрохолдингі биыл рекордтық өнім жинап, қамбасын арнасынан асырды.

Оған агрохолдинг мамандарының еліміздің маңдайалды ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп, жылдар бойы жаңа инновациялық технологиялар негізінде жұмыс жасаулары оң нәтижесін беріп қана қоймай, отандық өнім өндіруде рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізуіне сеп болды. «Байсерке-Агро» өндірістік шаруашылығы – егін шаруашылығы, мал шаруашылығы, ет және сүт өңдеумен айна-лысады. Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру барысында отандық ғалымдар әзірлеген инновациялық технологиялар белсенді түрде қолданылып келеді.

Ғылымның бар күшін пайдалану арқылы өнімді еселеген шаруашылық қытай бұршағының «Виктория» деп аталатын жаңа түрін егіп, оның әр гектарынан бүгінде 7-8 тоннаға дейін өнім алып, елімізде бұрын соңды болмаған көрсеткіштерге жетіп, шаруашылық иелерінің мерейін асырып жатқан жайы бар. Сояның бұл түрін өмірге алып келген «Байсерке-Агро» көпсалалы агрохолдингтің президенті Темірхан Досмұхамбетов пен Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Андрей Агеенко осындай толағай табыстың арқасында еліміздегі барлық шаруашылықтарды қытай бұршағының жоғары сортты тұқымымен қамтамасыз етуге қабілетті екендіктерін айтуда. Өндірісті ғылыммен ұштастырған шаруашылық тамшылатып суару технологиясын пайдалану арқылы жүгерінің «Пионер LG» сортының да өнімділігін арттырып, гектарына 21 тоннадан өнім алып, тағы бір рекордтық көрсеткішке қол жеткізген. Аталған екі дақылдың көрсеткіштері ТМД мен Еуропа елдерінің ауылшаруашылығы саласында болмаған екен.

Кешегі күні егіс алқабына облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Мақсұт Жапаров арнайы атбасын бұрып, шаруашылықтың тындырымды тірлігімен танысып, жиналып жатқан рекордтық өнімді көзімен көріп қайтты. Басқарма басшысы мен тілшілер қауымын қарсы алған «Байсерке-Агро» көпсалалы агрохолдингтің президенті Темірхан Досмұхамбетов пен академик Абай Сағитов, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Андрей Агеенко рекордық өнімнің өсірілу технологиясымен таныстырып, ғылым мен өндірістегі тың жаңалықтарымен бөлісіп, басқа да шаруалармен тәжірибе алмасып, еліміздің барлық аймақтарында өнімділікті арттыруға септігін тигізуге дайын екендіктерін жеткізді.

Бұрындары қамыс басып жатқан сортаң жерді өңдеп, түрлі органикалық тыңайтқыштардың көмегімен жарамды етіп отырған шаруашылық химиялық қоспасыз да табиғи таза әрі сапалы өнімге қол жеткізіп отырғандықтарын мақтанышпен айтты. Бұған дейін егіп жүрген бұршақтың «Жансая» сортының әр гектарынан 72 центнерге дейін өнім алып отырса, жергілікті соя мен шет елден алынған дәндерді будандастырып жасаған жаңа сорт әр гектарына 7-8 тоннадан өнім беріп жатыр. Агрохолдингтің білікті мамандарының жеті жылдан бергі ауылшаруашылық институттарының ғалымдарымен бірлесе қолға алған бастамалары мен тынымсыз еңбектері бүгінде өз нәтижесін берген. Жерді өңдеуден басталып, дәнді егудің жаңа технологиясы, күтіп-баптау жұмыстарындағы ерекше тәсілдердің қолданылуы агроном мамандардың жіті қадағалауында болса, агрохолдинг басшылығы жаңа заманға сай қажетті техникамен қамтамасыз етіп, жұмыстың қарқын алуына мол мүмкіндік берген.

– Америка құрама штаттарынан асбұршақ келмесе елімізде сүт, тауық, ет өнімдері болмас еді. Олар соямен дүниежүзін қамтып келеді. Сондықтан да осындай бағалы дәнді өсірудің біздің еліміз үшін де маңызы зор. Сол себепті біздерге ауылшаруашылық министрлігі, облыс әкімдігі мен аудан басшылығы жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Бұл асбұршақтың жаңа сортының құнарлылығы өте жоғары. Оның 48 пайызы ақуыздан тұрса, 26 пайызы майдан тұрады. Бұған дейін еліміздегі асбұршақтың өнімділігі гектарына 2-2,5 тонна ғана болған. Бүгінде инновацияның арқасында бұл көрсеткіш неше еселеніп, рекордтық деңгейге жетті. Өнімді көбейтіп, екі-үш жылда еліміздің барлық аймағын сапалы тұқыммен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар, – дейді академик Абай Сағитов.

Облыстық ауылшаруашылығы басқар-масының бастығы Мақсұт Жапаровтың айтуы бойынша биыл облысымызда 107,6 мың гектар жерге бұршақ егілген. Ең үлкен көрсеткіш «Байсерке-Агро» агрохолдингісінде. Мұнда қытай бұршағы 600 гектар жерге, жүгері 800 гектар жерге
егілген. Екі өнімнің де шығымы да мол, сапасы да жоғары. Қазақстан бойынша мұндай жетістікке жеткен шаруашылық жоқ екен. «Байсерке-Агро» сынды ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдарымен бірлесіп нәтижелі жұмыс жасау үшін Талдықорған қаласының маңайынан 40 гектар «агропарк» зерттеу-өндірістік орталығы ашылуда. Оған бюджет қоржынынан 109 млн. теңге қаражат бөлінген екен. Онда қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтымен бірге оқу орталығын ашып, фермерлерге кеңестер беріліп келе жатқанын тілге тиек еткен басқарма басшысы көзқуантар тірліктің тізгінін ұстаған агрохолдинг қызметкерлеріне риза-шылығын білдіріп, жұмыстың бұдан әрі де жандана түсуіне әкімдік тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп отыратынын айтты.

Перизат Нұрқаева
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ
TELEGRAM  КАНАЛЫМЫЗҒА ЖАЗЫЛЫҢЫЗ!