Күні кеше қаламыздағы М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжі білім шаңырағының табалдырығын имене аттаған бірінші курс жеткіншектерін студент қатарына қабылдады. Қиялдарына қанат байлап, армандарын арқалап келген жастар өмірлерінің бір белесі студенттік шаққа аяқ басты. Ғасырдан аса тарихымен Гиннес кітабына енген оқу орнында білім алып, мамандық игеру кез келгенге бұйыра бермейтіні анық. Білімді де білікті мамандар даярлап, талай студенттің биік шыңдарға жетуіне себепкер болған қара шаңырақ биыл 229 жасты қанатының астына алып, мамандыққа машықтандырмақшы.
«Мен, балаң, жарық күнде білім қуған» деген тақырыпта өткен игілікті шараға білім саласында ұзақ жылдар еңбек еткен зейнеткер спортшы, бүгінде шаруашылық тізгінін ұстап жүрген кәсіпкер Жұмағали Кебекбаев, білім беру ісінің үздігі Серікбай Бейсебаев, ардагер ұстаз Шайхын Әмірұлы қатысып, жастарға ұлағатты сөздерін айтып, білім шаңырағының қабырғасында сапалы білім алып, білікті маман болуларына тілектестігін білдірді. Аудандық Мәдениет үйінің кең залында өткен дәстүрлі шараны жылдағыдай «Арыстан» мамандандырылған лицейінің оқушылары ашып, мемлекеттік Туымызды сахна төріне көтеріп, айбынды Әнұранымыз шырқатты. Кеш барысында колледж директоры Жақсылық Сатылғанов студенттерді құттықтап, «Білім кілті» мен «Үлгерім кітапшасын», «Студенттік билетті» топ менеджерлеріне салтанатты түрде тарту етіп, ақ тілегін білдірді. Қонақтар да өз кезектерінде ортаға шығып сөз сөйлеп, бірінші курс студенттеріне «Сынақ кітапшалары» мен «Студенттік билеттерін» табыстады. Салтанатты кеш мың бұралған би, әсем әнмен әрленді. Достық, бірлік, ынтымақты ұран еткен жастарымыз әр ұлттың өнерін ортаға салды.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».