Егемен елдің болашағын нұрландыратын, тәуелсіздігімізді тұғырландыратын өскелең ұрпақты тәрбиелеуші мұғалімдердің кәсіби мерекесі аудандық Мәдениет үйінде жоғары деңгейде аталып өтті. Салтанатты шараға жиналған ұстаздар қауымын Оқушылар үйінің өнерпаздары көркемдік жетекшілері С.Исабековтің сүйемелдеуімен үрмелі аспаптармен ойналатын әсем сазбен қарсы алды. Мектеп оқушыларының жыр шумақтарымен басталған жиын аудан әкімі Жолан Омаровтың ақ тілегіне ұласты.
Талғар аудандық білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін 42 мектепте бүгінгі күні 3996 ұстаз еңбек етуде. Оның 3575-і жоғары білімді, 62-і аяқталмаған жоғары білімді, 359-ы арнаулы орта білімді. Мұғалімдердің 983-і жоғары санатты, 1112-і бірінші санатты, 913-і екінші санатты, 988-і еңбек ақысында. Мұғалімдеріміздің қатарында 1 – «Ерен еңбегі үшін», 15 – «Ыбырай Алтынсарин атындағы медаль» иегерлері, 4 әдіскер-мұғалім, 11 аға мұғалім, 2 – ғылым кандидаты, 105-Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі атағына ие болған ұстаздарымыз бар. Сондай-ақ Жолан Ыбырайақынұлы шығармашылықпен, жаңашылдықпен жұмыс жасап жүрген аудан мектептерінің үздіктерін атап кетті. Атап айтсақ, биылғы оқу жылында облыстық «Үздік сынып жетекшісі-2019» байқауында № 35 орта мектеп-гимназиясы 3 орын, Биология пәні бойынша облыстық олимпиадасында №1 орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Шегенова Эльмира жүлделі І орын иеленсе, №2 орта мектептің химия пәні мұғалімі Жаналиева Сандуғаш облыстық – Б.Бірімжанов олимпиадасының 1-дәрежелі дипломын иеленді. Ал, облыстық «Үздік ауыл мектебі-2019» байқауында №28 орта мектеп ұжымы 3-орын иеленді. Келесі кезекте білім беру саласында ұзақ жылдан бері талмай еңбек етіп, табыстарға қол жеткізіп жүрген бірқатар ұстаздарды «Құрмет грамоталармен», «Алғыс хаттармен» марапаттады.
Салтанатты шараның соңы ауданымыз-дың өнерпаз жастарының ұстаздарына тарту ретінде əзірленген концерттік бағдарламасына ұласты.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,
«Талғар».